Саясат • 05 Қараша, 2024

Қытайдың жетекші компаниялары өкілдерімен кездесті

37 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен Қазақстан – Қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Шанхай қаласында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен келіссөздер өтеді. Сонымен қатар VII Қытай халықаралық импорт көрмесіне қатысу жоспарланған.

Қытайдың жетекші компаниялары өкілдерімен кездесті

Жұмыс сапарының бас­ты мақсаты – Қазақстан Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин арасындағы екі­жақты та­уар айналымы көле­мін өткен жылғы 41 млрд дол­лар дең­гейін­дегі тарихи рекорд­тан екі есеге арттыру жөніндегі уағ­даластықтарды жүзеге асыру. Дөңгелек үстел жұмысына металлургия, энергетика, машина жасау және автомобиль өнеркәсібі, көмір химиясы, агроөнеркәсіп кешені, фар­мацевтика және басқа да са­лалар бойынша көш­бас­шы ком­пания­лар өкіл­дері қатысты.

Экономиканың басым салаларында бірлескен жобаларды дамыту перспективалары қаралды. Кездесуге қатысу­шылар ҚР мен ҚХР ара­сындағы сауда-экономи­калық әріптестік артып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде елімізде 5 мыңға жуық бірлес­кен кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстан – Қытай бірлескен ірі жобалары қата­рын­да «Camc Engineering» ком­паниясымен бірлесіп каль­цилендірілген сода өндіру зауытын, «Tianjin Cement Industry Design and Research Institute»-пен «Састөбе» химиялық кешенін және «Yunnan Industrial Explosive Group»-пен жарылғыш заттар өндіру зауытын салу жобасы бар. Қуаты 90 мың бірлікті құрайтын, толық шағын торапты құрастыруға негізделген «Changan», «Haval», «Chery» автокөліктерін шығаратын зауыт құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ «Geely», «Exeed», «KAIYI» жеңіл авто­мобильдерін өндіру бойынша 1 мың жұмыс орнын құра отырып, 150 млн долларға инвестициялық келісім жасалды. Жобалар жоғары сапалы отандық өнім өндіруге қабілетті технологиялық кә­сіп­орын­дар құруға мүм­кін­дік береді. Екі елдің биз­нес-қа­уым­дастықтарының пі­кі­рінше, бұл көрсеткіштер екі­­жақ­ты әріп­тестіктің орнық­ты­лы­ғы мен өнімділігін растайды.

Үкімет басшысы аталған бағыттағы бірлескен жұмыс жалғасып жатқанын, сауда қатынастарының қолда бар әлеуеті тауар айналымын одан әрі әртараптандыру және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту келешегін көрсететінін атап өтті.

«Бүгінде екі ел арасын­дағы ынтымақтастық жоға­ры қар­қынмен дамып келе­ді. Жоғары деңгейде қойыл­ған міндетке сәйкес, біз жақын арада өзара сауда көрсеткіштерімізді екі есе арттыруға ниеттіміз. Қазақстан мен Қытайдың бір­лескен инвестициялық жоба­ларды жүзеге асыруда зор әлеуеті бар. Біз өзара іс-қимылдың жаңа көкжиегін ашып, ынтымақтастықтың тиімділігін бірге арттыра аламыз. Бұған қол жеткізу үшін транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны нығайту және іскер топтар арасында байланыс орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізілуі қажет. Қазақстан Үкіметі әріптестікті кеңейтуге және мемлекеттеріміз арасында берік көпір құруға да­йын. Біз инвесторларға қолдау көрсетіп, бизнеске қолайлы жағдай жасаймыз және әр жобаның табысты болуына ықпал етеміз. Бірлескен күш-жі­геріміздің арқасында жаңа ин­вес­тициялық бас­тамалар эко­номиканың нақ­ты сек­торын дамытуға, оны әрта­рап­тандыруға және азаматтары­мыздың өмір сүру сапасын жақ­сартуға қуатты серпін беретініне сенімдімін», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр өнер­кә­сіпті дамыту ел үшін ма­ңыз­ды ба­сымдық екеніне тоқ­­та­лып, қытайлық ком­­па­ния­­ларды отандық биз­нес-қо­ғам­дас­тық­пен тығыз әріп­­тестікке шақыр­ды. Диалог бары­­сында Қытай­дың жетекші ком­паниялары өкілдері елі­мізге ст­ра­тегия­лық жобаларды іске асы­рудағы сенімді серік­тес ретін­де қызығушылық танытты.

«China Huadian Corpo­ration» компаниясы директорлар кеңесінің атқарушы мүшесі Цзу Бинь өз сөзінде Қазақстанмен энергетика саласындағы, оның ішінде шығарындыларды азайту жөніндегі ынтымақтастықты кеңейту туралы; «SUN Energy Investment» бас директорының міндетін атқарушы Янь Гочун Қазақстандағы алғашқы көмір химиясы кешенін іске қосу жоспары туралы хабардар етті; «Beijing Jianlong Heavy Industry Group» директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Чжисян болат өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты дамыту туралы; «Zijin Mining Group» директорлар кеңесінің төрағасы Чэнь Цзинхэ геологиялық барлау және сирек жер кендерін өндіру саласындағы жобаларды іске асыру жоспары туралы айтты.

«CP Pharmeceutical Group» вице-президенті Се Лэй – медицина саласында кластер құруға инвестиция салу туралы; «Beiqi Foton Motor» бас директоры У Сибинь – Қазақ­станда автомобиль жасау са­ла­сындағы өндірісті локализа­циялау туралы; «ACRE» ин­­­же­нерлік-консалтингтік ком­паниясы директорлар ке­ңе­с­інің төрағасы Ян Чжуни технологиялар трансферті бөлігіндегі өзара іс-қимыл туралы; «Sinotruk International» бас директоры Чжао Хуа Қазақстанда жоғары сапалы авто­мобиль жүк техникасын өндіруді локализациялау жос­пары туралы хабарлады.

«Darwin Biotech Co., Ltd.» директорлар кеңесінің төрағасы Чэнь Цзяньхуэй өсімдік ша­руа­шылығы саласындағы қазақ­стандық серіктестермен ынты­мақтастықты кеңейту ниеті­мен бөлісті; «Fujian Hengwang Invest­ment» (металлургия) бас­қар­ма төрағасы Цзэн Чжао­цзян Жамбыл облы­сында өнеркә­сіптік жоба­ны іске асыру жоспары ту­ра­лы баян­­да­ды. Кездесу нәти­же­сінде жалпы сомасы 2,5 млрд доллар болатын 8 ком­мер­циялық келісімге қол қойылды.

«Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС, «Qazaqgaz aimaq» АҚ және «Goldcard Smart Group Co., Ltd» арасындағы 8 млн доллар сомасына зият­кер­лік жүйе­лерді енгізу саласын­дағы ынты­мақтастық туралы келісім. Жоба Алма­ты қаласындағы «Алатау» ИТП АЭА аумағын­да ком­поненттердің локализа­циясын ескере отырып, «GoldCard» ком­пания­сы жеткізетін құ­рам­дас бөлшектерден газ есептегіштерін шағын торапты құрастыруды көздейді;

«Qarmet» АҚ мен «Zheng­zhou Coal Mining Machinery Grouop» арасындағы көмір өнеркәсібіне арналған жаб­дық­тар өндіру саласын­дағы «Qarmet» АҚ көмір депар­таменті­нің шахталары үшін 70 млн доллар сомасына механикаландырылған кешендер сатып алу туралы келісім;

Ұлттық экономика ми­нистр­лігі, Қытайдың «Silk Road Fund Co.Ltd.» және «Kazakhstan Investment Deve­lopment Fund (KIDF) Management Company Ltd.» мемлекеттік инвести­циялық қоры арасында құны 552 млн доллар инвестициялық ынтымақтастық негіздерін белгілеу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

«Qarmet» АҚ мен «Xinxing Ductile Iron Pipes Co.,LTD» арасын­дағы 161 млн доллар сома­сына елімізде қуаты жылына 200 мың тонна сфералық гра­фи­ті бар беріктігі жоғары шойын­нан жасалған құбырлар шыға­ратын зауыт салу туралы келісім. Өнім Қазақстанда тұрғын үй-ком­муналдық жүйесінің нысандарын салу, жаңғырту, реконструкциялау, кеңейту және жаңарту жөніндегі жобаларға арналған;

«Qarmet» АҚ мен «China Metallurgical Group Corpo­ration» арасындағы 1 млрд дол­лар сомасына тау-кен және метал­­лургия салаларында ұзақмер­зімді және кешенді ынты­мақ­тастық орнату туралы келісім;

«Qarmet» АҚ мен «ACRE Coking» & «Refractory Engine­ering Consulting Corpo­ration» арасындағы 649 млн доллар сомасына кокс-химия өндірісін жаңғырту және көмір химиясын дамыту жөніндегі стратегиялық жобаны іске асыру туралы келісім;

«Qarmet» АҚ мен «Nanjing Fiberglass Research» & «Design» арасындағы 30 млн доллар сомасына Теміртау қаласында қуа­ты жылына 100 мың тонна да­йын өнім болатын домна қож­дарынан минералды жылыт­қыштар өндіретін фабрика салу және 200 жаңа жұмыс орнын ашу туралы келісім;

«Saran Machinery» ЖШС мен «Sinotruk International» арасындағы 70 млн доллар сомасына KD дистрибуция және құрастыру саласындағы, технологияны лицензиялау және тауар белгілерін пайдалану бо­йынша ынтымақтастық туралы келісімдер пакеті. Олардың ішінде Саран қаласында жүк және арнайы техника өндіру жө­ніндегі жобаны іске асыру ту­р­алы меморандум бар. Оның шең­берінде перспектива­да 1 мың­ға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланады.

Олжас Бектенов Шанхай қала­сында Чжанцзян ғылы­ми қаласының «Роботтар алқа­бын­да» болып, денсаулық сақтау, өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларындағы Қытай роботтехника индус­т­рия­­сы­ның соңғы жетістік­тері­мен таныс­ты. Қазір аталған ғы­лыми-техно­логиялық ор­­та­­лықта 80-нен астам қы­тай­лық және шетелдік роботтехника кәсіпорын­дары жұмыс істейді. Роботтар­дың кең ауқымы, оның ішінде гу­ма­ноид­­тар да ұсынылған. Олар­дың қолданылу аясы: күн­де­лікті өмірде көмек көрсету мен қо­ғамдық орындарда тәр­тіп­ті қамтамасыз етуден бас­тап, медицина, білім беру, индус­триялық, ғылыми зерт­теу салаларында, құтқару жұмыс­тары, логистика және басқа да салаларға дейін кеңейіп келеді.

Премьер-министр Цифр­лық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистр­­лігіне «Роботтар алқабы­ның» тәжірибесін зерделеу және оны одан әрі еліміз­де қолдану мақсатында қытай тарапымен ынтымақтастық­ты жолға қоюды тапсырды. «Sensetime» компания­сы­ның кеңсесіне барған кезде қазақстандық делегация ақылды әрі қауіпсіз қала жобаларында қолданылатын жаңа шешімдер мен жабдықтарды таныстырды.