Бүгінде республикамызда сыртқы және ішкі туризмді дамыту ісіне айрықша көңіл бөлінуде. Айталық, елімізде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларын дамыту қаншалықты маңызды болса, сонымен бірге, туризмді жан-жақты өркендету ісі де соншалықты тиімді десек қателеспейміз. Әсіресе, өткен жылдан бастап оның түренін түпкілікті түруге ерекше көңіл бөлінгені айқын байқалады. Осы аралықта «Туристік қызмет туралы» заң қабылданып, туризмді дамытудың тұжырымдамасы әзірленді. Ал бүгінгі күні туристік индустрияны дамытудың жол картасы жасақталу үстінде. Еліміздегі туризм саласын ұйымдастыру ісінің кәнігі шеберінің бірі, Батыс Қазақстан облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор ФОМИНМЕН әңгіме осы бағытта өрбіді.
– Виктор Павлович, сіздің ойыңызша елімізде туризмді дамытудың басты қажеттілігі мен түйінді мәселелер қандай?
– Өзіңіз айтқандай, туризмді табысты ету ұғымын жалаң түрде қарастыруға болмайды. Өйткені, ол экономиканың көптеген салаларымен тығыз байланысты. Егер санап кетер болсақ бұған он саусақтың өзі жетпейді. Сондықтан да туризмді тұтастай экономиканы дамытудың басты бір тұтқасы деп түсінсек шындықтан алшақ кетпейміз. Елбасы оған үнемі айрықша көңіл бөліп орталықтағы және жергілікті атқарушы органдарға ұдайы тапсырмалар беріп отыруының басты сыры да осында.
Кәне, осы мәселеге тағы бір тереңірек ой жүгіртіп көрейікші. Нені байқар едік? Мұнда көп жағдайларда отандастарымыздың өзге елдерге саяхаттауға бейім, ыңғайлы тұратынына көз жеткізу қиын емес. Әрине, мұның ешқандай сөкеттігі жоқ. Мүмкіндік болып тұрса шетелдерге туристік сапарлармен шыққанға не жетсін. Ел таныған, жер таныған кім-кімге де артықшылық етпейді. Тек бір ескеретін мәселе, мұндай жағдайда қаражат сыртқа құйылады. Сөйтіп, бұл сомалар өз еліміздің экономикалық деңгейін көтеруге көмегін тигізе алмайды.
Керісінше, біздер бірінші кезекте мемлекетіміздің өз ішіндегі туризмнің керегесі кең болуына көбірек көңіл бөлсек көп нәрседен ұта аламыз. Өйткені, елімізге келген туристер қонақүйлерге орналасады. Кафе-мейрамханалардан тамақтанады. Әртүрлі отандық көлік қызметтерін пайдаланады. Медициналық қамту мен телекоммуникациялық байланыс қызметтері жөнінде де дәл осылай дей аламыз. Туризмнің экономикамен, шағын және орташа бизнес субъектілермен байланысты деуіміздің бір мәнісі де осында.
– Бұл істің Ақжайық өңіріндегі жәй-күйіне қатысты не айтар едіңіз?
– Өткен жылы өңірде үлкен инвестициялық форум өткізілген еді. Сол кезде осы басқосу шеңберінде туризмді дамыту секциясының жұмысы әжептәуір нәтиже берді деп айта аламын. Осы отырыстарда облыста саланы дамытудың түйінді мәселелері жан-жақты сарапқа салынды. Атап айтқанда, батыстағы қақпада туризмді кластерлік тұрғыдан тамырын тарттыру жөнінде ұйғарымдар жасалды. Соның ішінде Шалқар көлі аумағын абаттандыру оның маңында халықаралық туристік сауықтыру кешенін тұрғызу шаралары белгіленді. Әрине, мұның бәрі алдағы жылдардың еншісінде.
Екіншіден айтайын дегенім, бастауы мен іргетасын орта ғасырлардан алатын Орал қаласындағы тарихи-сәулет ескерткіштеріне таңданушылар мен қызығушылар аз емес. Міне, осы Қазақстанның ежелгі қаласының ескі бөлігі жылдар өте келе ашық аспан астындағы музейге айналатынына күмәнім жоқ.
– Аймақтағы туристік фирмалардың қызметіне көңіліңіз тола ма? Өңірде туризмді дамытуға бөлінген қаражат көлеміне ше?
– Толады деп айта алмаймын. Сан жағынан алғанда олардың мөлшеріне сын тағу қиын. Шамамен қырықтың о жақ, бұ жағында болып қалар. Алайда, солардың арасында ішкі туризмді жетілдірумен шұғылданып жүргендері некен-саяқ. Өткен жылы туризмді дамытуға облыстық бюджеттен он үш миллион теңге бөлінді. Бұл да қанағат тұтуға тұратындай қаражат деуге аузым бармайды. Салыстырмалы түрде алғанда өзге өңірлерде саланы табысты ету үшін бұдан он есе көп қаражат қарастырылғаны да бізге белгілі. Сондай-ақ, облыста дәл қазіргі кезде туризм жөніндегі жергілікті мемлекеттік құрылымының жоқ екенімен де келісу қиын. Бүгінде оның қажеттілігін өмірдің өзі көрсетуде.
– Сіз республикада балалар мен жасөспірімдер туризмнің қанат қағуына бастамашы бола білдіңіз. Бұл тұрғыда осы кезге дейін атқарылған істермен қатар әлі тарқатылып үлгермеген түйіндер жөніндегі ой-пікіріңізді де ортаға сала кетсеңіз.
– Балалар туризмі жоғарыда айтып өткенімдей, ішкі туризмді дамытудың басты кілті. Республикадағы балалар туризмі орталықтарының басты базасы – Батыс Қазақстанда. Осы арада мен біткен істерден гөрі алдағы атқарылатын қызметтің барысына көбірек тоқталғанды жөн көремін. Бұл бағытта біздер «Туған жердің көрікті жерлерінен Қазақстанның қасиетті қоныстарына» деп аталатын туристік-экскурсиялық марафон жобасын әзірлеу үстіндеміз. Бұл бүгінгі жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуді көздейтін жарқын жоба. Бұл арқылы ұландар туған жердің көрікті жерлерін аралап Астанамен танысуға мүмкіндік алады. Бұған қоса айтарым бүгінде облыста тау туризмі, оның спорттық бағдарлық түрін өрістету қолға алынды.
– Тау түгіл, бір биік төбесі де жоқ Орал өңірінің жап-жазық даласы жағдайында қайдағы тау туризмі?
– Сауалыңыз орынды. Аймақта тау туризмін жолға қою мұндағы табиғат рельефіне мүлдем сәйкес келмейді. Дегенмен, қалауын тапса қар жанар дегендей, бұл біз мәселені жасанды тау жартастарын құру арқылы жолға түсіріп келеміз. Интеллектуалды спорт түрі саналатын тау туризмі шеңберіндегі спорттық бағдарлау Азия ойындарының бағдарламасына енгізілген. Сондықтан да біз орталықта осы бағдарға қатысты арнайы бөлім ашуды қажет деп таптық. Алғашқы қадамдарымыз нәтижесіз емес. Яғни спорттық бағдарлау түрі бойынша жасөспірім спортшымыз Наргиза Иргусаева Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды. Осы нәтижеге сәйкес ол ұлттық құрамаға қабылданып, қазір халықаралық жарыстарға әзірлік үстінде.
– Виктор Павлович, сіз тәжірибесі мол туризм саласының білікті ұйымдастырушысы ретінде бұл істе өңірлерде тағы қандай өзекті мәселелер бар деп білесіз?
– Бүгінде елімізде экскурсоводтар жетіспейді. Кеңестік замандағы мұндай мамандар қазіргі уақытта зейнет жасында. Жасыратыны жоқ, жергілікті жоғары оқу орындарында экскурсияға басшылық жасайтын мамандар даярланбайды. Сондықтан біз Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоратына филологтарды қосымша осындай мамандыққа бағыттау жөніндегі ұсынысымызды түсірдік. Бұл тілегіміз аяқсыз қалмағанына қуаныштымыз. Сонымен бірге, өткен жылы Орал қаласындағы орта технологиялық оқу орнын туризм колледжіне айналдыру жөнінде шешім қабылданды. Соған орай бұл мақсатқа жиырма бес миллион теңге бөлініп, тиісті материалдық база жасақталды. Бұған қоса тиісті бағдарламалар мен әдістемелік құралдар әзірлену үстінде. Алдағы оқу жылында туризм колледжі өз жұмысын бастайды деп күтілуде.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Орал.