Инвестиция • 06 Қараша, 2024

Мемлекет пен инвестор мүддесі қалай тоғысады?

178 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі жиырма жылдықта отандық мұнай-газ саласына ондаған млрд доллар инвестиция құйылды. Былтыр ішкі жалпы өнімдегі (ІЖӨ) мұнай-газдың жалпы қосылған құнының үлесі 16,2% болып, шығару көлемі 20,14 трлн теңгеге жетті. Жақында өткен «Dialogue Investment Forum»-да саладағы инвестициялық тартымдылық, мұнай-газ саласын дамытудың тәуекелі мен келешегі, геологиялық барлау мәселесі талқыланды.

Мемлекет пен инвестор мүддесі қалай тоғысады?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Мұнайдағы мүмкіндігіміз шектеулі

Мұнай-газ саласында бірқатар түйінді мәселе бар. Жаңа мұнай жобалары­ құны­ның жоғарылығы, мұнайдың экспорт­тық, ішкі бағаларындағы айырмашы­лық, жаһандық бағаларға тәуелділік пен жергілікті қамтуға қойылатын қатаң талаптар – мұның бәрі шетелдік инвесторларды тарту мүмкіндігін тұсап тұр.

Президент кеңесшісі Болат Ақ­шо­лақовтың айтуынша, қолайлы инвес­ти­ция­лық ахуал жасау үшін мемлекет пен инвестор мүддесі арасында теңгерім табу маңызды.

пр

«Бірақ біз әлеуметтік аспектіні – табиғи ресурстардан түсетін кірістерді әділ бөлуді ескеруіміз керек. Өйткені жер қойнауы халыққа тиесілі. Белсенді геологиялық барлау мен ресурстық базаның өсуіндегі тежелістер келешекте ресурстар тап­шы­лығына әкелуі мүмкін. «Қаз­МұнайГаз» ұлт­тық компания­сы әріптестерімен бірлесіп, инвестицияларды іздестіріп осы жоспарды жүзеге асыруға тырысып жатыр. 1 млрд шамасындағы инвестицияға полиэтилен шығаратын зауыт салу жоспары бар. Қазір зерттеу жұмыстары қолға алынды. Жалпы, мұнай саласындағы ең маңызды мәселе – жаңа кен орындарын ашу. Қазір мұнайдың басым бөлігі ескі кен орындарында өндіріліп жатыр. Өнімнің де өз мерзімі бар. Мұнай да таусылады. Ондай жағдай болмау үшін кен орындарын ашу керек. Сол мақсатта көп геологиялық-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет», деді Болат Ақшолақов.

 

Нарықтың басым бөлігі алпауыттар еншісінде

Геологиялық барлауға инвестиция 2013 жылғы 1,2 млрд доллардан 2023 жылы 320 млн долларға дейін қысқарған. Қаражат қолданыстағы жобалардың қосымша барлау ұңғымаларына бағытталған. 2023 жылы өндірілген 89,9 млн тонна мұнайдың 60 млн тоннасы Қашаған, Қарашығанақ және Теңізге тиесілі екені мәлім. Бұл тұрғыдан қарайтын болсақ, тәуелсіз компаниялар өндіру көлемін айтарлықтай азайтады.

п

«Мұнай өндіру әлеуетін толыққанды іске асыруға, еліміздегі өндіру деңгейін арттыруға, қосымша шетелдік және ішкі инвестицияларды тартуға мүмкіндік беретін перспективалы бағыттарды дамыту қажет. Мұнай-газ – өткен туралы емес, болашақ туралы әңгіме. Бұл осы сектордың инвестициялық тартымдылығын растайды. Жаңа ашылулардың болмауы алаң тудырып отыр. Біз бұл бағытта дамуға инвестиция салмай жатырмыз, ал бұл мұнай өндірудің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Ең алдымен, мұнай көлемін арттыру мақсатында өндіріске жаңа технологияларды енгізу, дәстүрлі емес көмірсутектерді барлау және өндіру маңызды. Қорлары 300-500 мың тоннаға оқшауланған кен орындарын игеруге тарту, мұнай-газ химия өндірісін дамыту – басты мәселе», дейді «Кazenergy» бас директоры Жандос Нұрмағанбетов.

 

Жергілікті тауарларды неге сатып алмайды?

Сондай-ақ бизнес-форум барысында тек әлемдік компаниялардан емес, Қазақстанның ірі зауыттарынан сатып алуды дамытудың маңыздылығы да сөз болды. Егер мұнай-газ секторындағы сатып алуларға талдау жасайтын болсақ, оның құны миллиардтаған долларға бағаланады. 2023 жылы саладағы жалпы сатып алу сомасы 14 млрд долларға жеткен, оның 6,4 млрд доллары – жергілікті қамтуға тиесілі.

ап

«Самұрық-Қа­зына» мен «Қаз­­­Мұнай­Газ»-ға жер­гі­лікті қамтылған тауарлар саты­­­лы­­мы­ның 57 пайыздан астамы тиесілі. Ережеге сәйкес, шетелдік сатып алушы жергілікті зауытқа бас сұқпайды және жаһандық жеткізушілермен ынтымақтастықты жалғастыра береді. Тек ірі жоба үшін Қазақстанға келетін және жоба аяқталған соң кетіп қалатын мұндай компанияларды портфелдік компаниялар деп санамаймыз. Қай компания екенін айтпай-ақ қояйын, бірақ кезекті ірі жоба біткен соң, ол ұжым соңғы бес жылда 800 млн доллар таза пайда тапты. Сол жобаға қатысы бар жүз шақты субмердігер компанияның өзі осынша пайда көрген жоқ», дейді «Energy Monitor» директоры Нұрлан Жұмағұлов.

Оның сөзінше, Қашаған, Теңіз, Қарашығанақты басқарып отырған компаниялар Қазақстанда өндірілген тауарды сатып алуға құлықты емес. Бұл олармен жасалған келісімшарттардағы преференциялармен байланысты.

«Себебі тауарды сырттан импорттаған жағдайда ТШО мен NCOC қосылған құн салығы (ҚҚС) мен ішкі баж салықтарынан босатылады. Сөйтіп, импорт жасау оларға тиімді бола түседі. Олар ҚҚС пен шикізатқа импорттық баж төлейтін отандық зауыттардың өнімін сатып алуға талпынбайды да», дейді.

Айтуынша, отандық зауыттар мен импорттау­шылар арасындағы бәсеке шарттарын теңестіру үшін салық заңнамасына өзгерістер де енгізілген.

«Салық кодексінің 95-бабы, 1-тармағында Теңіз бен Қашағанға отандық зауыттар өнім жеткізіп беретін болса, онда ҚҚС нөлдік мөлшерлемемен жойылады, сөйтіп экономикаға 12 пайыз беріледі деп көрсетілген. Бірақ көптеген зауыт бұл туралы хабардар болмағандықтан, аталған норма ұзақ уақыт бойы орындалған жоқ. Тек ахуал кейінгі жылдары өзгере бастады, алайда соның өзі отандық зауыттарды құтқаруға қауқарсыз. Мысалы, бір зауыт Теңіз жобасымен тікелей жұмыс істейтін болса, оның ҚҚС-тан түсетін табысы нөлге теңеседі, сол уақытта материал сатып алуға жұмсалатын шығындар ҚҚС-қа қосылады. Қисынға салсақ, мемлекет ҚҚС-ты өтеп беруге тиіс, бірақ іс жүзінде бұл әр кез жүзеге аса бермейді», дейді сарапшы.

 

Жеңіл мұнайдың дәуірі тәмам

Форум кезінде соңғы он жылдағы газ ұңғы­малары құрылысының динамикасы мен оның мұнай бағасына тәуелділігі де таныстырылды. 1 425 метр­ге дейінгі тереңдік жағдайында бір ұңғыманы бұрғылаудың орташа құны 750 млн теңгені құрайды. Былтыр жалпы бұрғылауға 619 млрд теңге жұмсалған. Қазір инвестор-компаниялар мұнай табу үшін тағы да тереңдей түсуге мәжбүр болып отыр. Бұрғы тисе бұрқылдап атып шығар жеңіл мұнайдың дәуірі өтті, дейді сала сарапшылары.