Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Эстонияның электронды үкіметі
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатқанын айтқан болатын. Мұны бұрынғы да, қазіргі де Үкімет жұмысының үлкен олқылығы деп сынады. «Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді» деген Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеу арқылы қатаң бақылауда ұстауды тапсырған еді.
Әлем елдеріндегі тәжірибелер дәлелдегендей, мемлекеттік қаржы саласын тиімді басқаруға цифрлы технологияның себі көбірек тиеді. Оның бір мысалы ретінде Эстонияның электронды үкіметі мен цифрлық трансформациясын айтуға болады. 2000 жылдардың басында бұл ел қаржы саласын цифрландырып, электронды үкіметтің алғашқы қадамдарын жасады. Қазір әлемдегі ең озық цифрлық мемлекетке айналып отыр. Мемлекеттік қаржы мен салық жүйесі толық цифрланған. Мәселен, «e-Residency» жобасы арқылы кез келген адам Эстонияның электронды резиденті болып, компанияларды онлайн тіркеп, қаржылық операциялар жүргізе алады. Бұл модель салықты жинау мен бюджеттік жоспарлауды тиімді басқаруға мүмкіндік берді. Цифрландырылған қаржы жүйесі ел экономикасын айтарлықтай күшейтті, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттырды.
Біз де бұл дүрмекте адасып қалған жоқпыз. Қаржы министрлігіне қарасты Электрондық қаржы орталығы бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Орталық еліміздегі бизнес-үдерістерді цифрлы трансформациялаудың негізгі құрылымына айналды. Құрылғанына 45 жылдан асқан ұйым озық технологиялардың көмегімен мемлекеттік қаржы саласында ІТ жобаларды ұсынып жүр.
Жоспарлаудың ақпараттық жүйесі
«IMF» зерттеулеріне үңілсек, бюджеттік ашықтық деңгейі жоғары елдерде инвестициялық ағын орта есеппен 15%-ға артады екен. Нәтижесінде, экономикалық өсім де жеделдей түспек. Айталық, мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі – мемлекеттік ақпараттық ресурстардың мәліметтері жатқан ақпаратты-талдамалық өнім. Ол инвестициялық жобаларды, бюджеттік бағдарламаларды, бюджетаралық трансферттер көлемін қалыптастыру, резервті реттеу мен басқа да қызметтерде қолданылып жүр.
Жоба мына ілкімді істерге мұрындық болады:
- Бюджет қаражатын тиімді бөлуге септеседі;
- Бюджетті жоспарлаудан бастап орындауға дейінгі мониторингті жүзеге асырады;
- Бюджет қаражатын жоспарлау үдерісінің ашықтығын арттырады.
Бірыңғай сатып алу платформасы
БҰҰ-ның «e-Procurement» жобасы аясында 2019 жылы 50-ден астам ел бірыңғай сатып алу платформаларын енгізді. Бұл платформалар мемлекеттік сатып алу ашықтығын 30%-ға арттырып, бюджеттік шығынды 5-10% аралығында қысқартты. Еуроодақтың бірнеше мемлекеті (әсіресе Германия мен Франция) осы жүйені енгізгеннен кейін мемлекеттік сатып алудағы рәсімдер 25%-ға дейін қысқарған. Сонымен қатар сатып алу шығындарының 12%-ға азайғаны байқалды. Демек жүйе бюрократиялық кедергілерді азайтып, нарыққа еркіндік береді.
Президенттің халыққа арнаған Жолдауындағы тапсырманы орындау мақсатында Бірыңғай сатып алу платформасын (БСП) дайындау бойынша жұмыс та қарқынды жүріп жатыр. БСП-да мемлекеттік органдардың сатып алулары, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің және басқа да алаңдардың сатып алулары қамтылады.
Қазір қолданушыларды бірыңғай тіркеу, оның ішінде QR-технологияны пайдалана отырып тіркеу жұмысы іске асырылып, анықтамалықтар (лоттар мәртебесі, өтінімдер, шарттар, сатып алу белгілері) бір ізге келтірілді. Іздеу қызметін орталықтандыру мақсатында тізімдер (жоспар, лот, хабарландыру және сатып алу келісімшарты) мен тізілімді (қатысушылар, жосықсыз қатысушылар) алу бойынша функционал жолға қойылды. Өңірлер мен сатып алу алаңдары бөлінісінде нақты уақыт режімінде ақпаратты көрсететін жоспар, хабарландыру, лот, келісімшарттардың интерактивті картасы әзірленді. Аталған жоба «Бір терезе» қағидатын іске қосу арқылы пайдаланушылар жұмысын жеңілдетіп, олардың түрлі санатына «жеке кабинет» құруға, сатып алу үдерісіне мониторинг пен бақылау жүргізуге жол ашады.
Тауарлардың электронды каталогі
Жапонияда 2000 жылдары электронды каталогтер енгізілгеннен кейін, мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімділігі 25%-ға артқан. Бұл жүйе бюджет қаражатының нақты жұмсалуын бақылап, қызмет көрсету сапасын жақсартты.
«Еуропа елдерінде мемлекеттік сатып алудағы ашықтық 40%-ға дейін артқан. Германия мен Францияда мемлекеттік органдар электронды каталог арқылы 15%-ға дейін үнемдеген, ал сатып алу мерзімдері 20%-ға қысқарған. Тауарлардың электронды каталогі (ТЭК) – бірегей идентификатор, нақтыланған сипаттама, сурет, сертификат пен стандарттарды қоса алғанда, тауарлар туралы деректерді сақтап, басқаруға арналған ақпараттық жүйе. Оның артықшылығы – берілген өтінімдер мәртебесін жедел бақылауға және олардың уақтылы өңделуін қамтамасыз етеді», деген ақпарат береді Қаржы министрлігі.
Қазір елімізде ТЭК-та 825 257 тауар бар. 30,3 мыңы – кеңсе өнімі, 18,7 мыңы – дәрі-дәрмек пен медициналық тауарлар. Жеткізушілер саны 10,5 мыңнан асады. Тұтастай алғанда, тауарларды тіркеуге байланысты 53 759 өтінім қаралды. Жүйе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін едәуір төмендетіп, бюджетті дәл болжауға, сондай-ақ тауар айналымын бақылау мен басқаруды арттыруға көмектеседі.
Онлайн бюджеттік мониторинг
Қаржы министрлігінің хабарлауынша, ведомство түрлі ақпараттық жүйенің деректерін пайдаланып, бюджеттің сәйкессіздігіне байланысты тәуекелдерді дер кезінде анықтап, нақты уақыт режімінде мониторинг жүргізеді.
«Бұл шара бюджет қаражатын игермеген мемлекеттік органдарды анықтап, қаржылық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Ал оған цифрлық технологияларды қосар болсақ, үдерістің пайдасы үдемек. Мысалы, Грузияда онлайн бюджеттік мониторинг жүйесі 2000 жылдардың басында енгізілді. Ол арқылы бюджет қаражатының атқарылуын бақылау 30%-ға артты. Бізде бұл жүйе 2019 жылдан бастап енгізілді. Қаржы министрлігі бюджетті жоспарлау мен атқару кезінде кездесетін тәуекелдерді ерте анықтауға баса мән беруге бел буды», делінеді министрлік мәлімдемесінде.
1414 нөміріне хабарласып, Бірыңғай байланыс орталығынан барлық қажетті ақпаратты алуға болады. Мұнда салықтық, кедендік әкімшілендіру, мемлекеттік жоспарлау, мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік мүліктің барлық мәселесі бойынша кеңес беріліп, техникалық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ қажетті ақпаратты беретін чат-боттың жұмысы ретке келтірілген. Қандай да бір мәселе шешілмеген жағдайда пайдаланушыға техникалық қолдау сұрауға мүмкіндік беріледі.