Өзгерістердің көптігінен акциялар нарығының капиталдануы 4,5%-ға, яғни 1,5 трлн теңгеге азайып, 31,5 трлн теңгені құрады. Акциялармен сауда-саттық көлемі өткен аймен салыстырғанда 19,0%-ға артып, 10,8 млрд теңгеге жетті. Жалпы алғанда, сауда-саттық көлемінің өсуі негізінен «KEGOC» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Баян Сұлу» АҚ акцияларымен байланысты. Ал корпоративтік облигациялардың сауда-саттық көлемі биыл қыркүйекте 0,1%-ға азайып, 14,2 трлн теңгеге жетті. Бұл төмендеу негізінен корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемінің төмендеуінен болды. Себебі сауда-саттық көлемі қайталама нарықта 50,9%-ға төмендеген.
Мемлекеттік бағалы қағаздар мен сауда-саттық көлемі 0,8%-ға өсті. Оған мемлекеттік облигациялардың сатылуы мен сауда көлемінің ұлғаюы әсер етті. Биыл 1 қазандағы жағдайда инвестициялық пай нарығындағы басқарудағы активтер 0,1%-ға азайып, 297,7 млрд теңгеге дейін төмендеді. Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының активтері 0,7%-ға, яки 4,9 млрд теңгеге артып, 742,1 млрд теңгеге жетті. Бұл өзгеріс негізінен борыштық инвестициялардың әрі заңды тұлғаларға жасалған капитал салымдарының артуымен байланысты.
KASE индексі мен қаржы нарықтары биыл түрлі фактордың әсерінен өзгерістерге ұшырады. Акциялар мен облигациялардың сауда көлемі бірқатар эмитентпен байланысты ұлғайса да, кейбір акциялар, әсіресе «Kaspi.kz» акцияларының төмендеуі жалпы нарық капиталдануына әсер етті.
1 қазандағы ахуалда KASE сауда тізімдерінде 85 отандық эмитенттің 100 атауының акциясы бар-тұғын. Оның ішінде 2 эмитенттің 2 атауының акциялары «Листингтік емес бағалы қағаздар» секторында айналысқа жіберілді. «KASE Global» секторында 46 түрлі акция, 55 шетелдік эмитенттен 12 ETF болды. «KASE Global» секторындағы сауда-саттық көлемі негізінен «Microsoft Corporation», «Apple Inc», «Advanced Micro Devices» акцияларының сауда-саттық көлемінің төмендеуі есебінен бір айда 17,0%-ға, яки 0,5 млрд теңгеге азайды. Сонда жалпы сомасы 2,4 млрд теңге болды.
KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі бастапқы нарықтағы сауда-саттық көлемінің қысқаруы нәтижесінде бір айда 14,8%-ға немесе 440,6 млрд теңгеге азайып, 2024 жылғы қыркүйек айының қорытындысында 0,5 трлн теңгені құрады.
Мемлекеттік бағалы қағаздар бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 33,1%-ға төмендеді. Оның ішінде Қаржы министрлігі 7 облигациялар шығарылымын орналастырып, өтеуге табыстылығы 13,16-13,43%-ды құрайтын 203,1 млрд теңгені тартты. 11 облыстың және Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктері мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде 54,0 млрд теңге тартты.