Сурет: ru.freepik.com
«Жамбыл облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының араласуынан кейін Жамбыл, Рысқұлов, Мойынқұм, Қордай аудандарында қалдықтардың пайда болуы мен жинақталу нормаларын бекіту мәселелері бойынша тиісті актілер, сондай-ақ Жуалы, Талас, Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласында тарифтерді бекіту шаралары қабылданды. Жүргізілген жұмыстың қорытындысында стихиялық қоқыс үйінділері үшін 9 аудан әкімінің орынбасары мен ауылдық округ әкімдері әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Бұдан басқа, прокуратураның қалдықтарды дұрыс есепке алмау деректері бойынша қадағалау актісімен Жамбыл облысының бас мемлекеттік экологиялық инспекторының міндетін атқарушы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», делінген ресми мәліметте.
Дерекке сенсек, елімізде жыл сайын 5 млн тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылады. Оның ширегіне жуығы ғана өңделеді. Сонда қалған қоқыс қайда шашылып жатыр?
Жыл басында жергілікті БАҚ-та алманиялық «AMK Global GmbH» компаниясы Тараз қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуден өткізетін зауыт салуға ниетті деген ақпарат тарады. Тіпті бұл мәселеге өңір басшысы Ербол Қарашөкеев те араласқан. «ThiemeBieg & Associates GmbH» консорциумының бас директоры Тиме Торстенмен кездесуде аталған жобаны жүзеге асыру мәселесі талқыланған.
«Кездесу барысында инвесторлар компания мен жобалары туралы жан-жақты ақпарат берді. Тәулігіне 500 тонна қоқыс өңдеуге қуатты зауыт 100 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Компания жобаны іске асыру үшін 140 млн еуро инвестиция салуды жоспарлап отыр. Мюнхен университеті әзірлеген озық технологияларды пайдаланатын «AMK Global GmbH» компаниясы қалдықтардың 80 пайызына дейін қайта өңдеуден өткізеді. Сондай-ақ кәсіпорында қоқысты сұрыптау бойынша автоматты желі іске қосылады. Мұнда оттегі, азот, компост, көміртекті талшық және таза авиациялық отын секілді жанама өнімдер өндірісін жолға қою жоспарланады. Жалпы, кәсіпорын қуаттылығын кезең-кезеңімен арттыру полигондағы қалдықтарды тасымалдау мен оларды қайта өңдеуге мүмкіндік береді деп күтіледі. Айта кетейік, неміс компаниясының өкілдері жұмыс сапары аясында облыс орталығындағы полигонға арнайы барып, танысып қайтты. Ербол Қарашөкеев инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерді түсіндіріп, жобаның маңыздылығын атап өтті», деп мәлімдеді сол кезде жергілікті БАҚ.
Бұл жаңалықты естіп, өңірдегі ахуал ретке келер деп үміттенген едік. Бірақ жыл басынан кейін бұл әңгіме ұмыт қалған секілді.
«Қоқыс өңдейтін зауыт – өте маңызды нысан. Біз қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларды қолдаймыз. Ендігі мәселе – аталған зауыт құрылысын тездетіп бастап, нақты іске көшу. Бұл ретте қала басшылығы мен салалық басқармалар компаниямен тығыз байланыста болып, жобаны толық сүйемелдеуі қажет», деген еді өңір басшысы жыл басында.
Қалай десек те, Жамбыл облысына қоқысты қайта өңдейтін зауыт керек екені анық. Жыл басында әп-әдемі басталған зауыттың тақырыбы әңгіме күйінде қалып кеткен жоқ па деген ой келеді. Өйткені қыркүйек айында жыл ішінде атқарылған жұмыстарды жіпке тізген өңір басшысы инвестициялық жобалар, салынып жатқан зауыттардың бірқатарының атын атап, түсін түстегенімен, қоқыс өңдейтін зауыт туралы жақ ашпады.
Жыл басында айтылған жоба ұмыт қалған жоқ па? Жауапты басқармалардың басшылары мен өзге де жауапты тұлғалар қоқыс өңдеу зауытының құрылысы қашан басталатынын өңір басшысына айтпаған ба? Әлде өңір басшысының тапсырмасына немқұрайлы қарап жүр ме? Кім білсін. Зауыт туралы әкімнің баяндамасында айтылмағанына қарағанда, құрылыстың ауылы алыс сияқты...
Жамбыл облысы