30 Сәуір, 2015

Сайлау-2015: елдік жеңісінің хроникасы

410 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
26-04-15-sailau-aktau-1 Үстіміздегі жылғы 26 сәуір күні өтіп, бүкіл Қазақстан халқының ортақ жеңісі мен жетістігі ретінде бағаланып отырған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы 29 сәуір күні керуен керген Мемлекет басшысын ұлықтау рәсімімен бірге өзінің толық мәресіне жетті. Ол ақпанның 14-і күні алғаш рет Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы ұсыныс көтерілген уақыттан бергі қысқа аралықта біздің еліміздің елдігі мен ертеңге қол созған міндет-межелерінің өрісі мен өресін таныта алатын айтулы жолдардың жондарымен жүріп өтті. Бұл аралық біздің барша ұлттар мен ұлыстарының бірлігі жарасқан жасампаз еліміздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара да сарабдал саясатының арқасында дұрыс бағытпен жүріп келе жатқанын тағы бір мәрте айқын айғақтап берді. Ал осы күндердегі оқиғалардың тізбегі былайша сөйлейді. 14 ақпан Астанадағы Бейбітшілік және ке­лі­сім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы болды. Кеңес жұмысына Парламент депутаттары, республикалық этномәде­ни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйым­дардың жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарап­тамалық кеңесінің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Отырыста Ассамблея Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков сөз алып, Ассамблея атынан 2015 жылы кезектен тыс Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің сайлауын өткізу жөнінде бастама енгізді. Ол бұл ұсы­нысты Кеңес мүшелерінің бірауыздан қолдап отырғанын айту арқылы жеткізді. Жиында Қазақстан халқы Ассам­блеясының мүшелері Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Мәжілісіндегі Ассам­блеяның депутаттық тобына, сая­си партияларға, мемлекеттік емес ұйым­дарға және бүкіл Қазақстан халқына кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізуге бас­тама көтеру туралы Үндеу қабылдады. Бастама көтерушілер мұны әлемде қазіргі таңда қалыптасып отырған экономикалық дағдарыспен және күрделі халықаралық жағдаймен байланыстыра отырып алға тартты. «Жаһандық сын-қатерлер кезеңінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назар­баевқа Қазақстанды дағдарыстан алып шығуына мүмкіндік беретін жаңа сенім мандаты берілуі қажет, – делінген одан әрі. – Әлемде тұрақсыздық орын алған жаңа әрі күрделі кезеңде еліміз стратегиялық бағытынан айнымай, Қазақ­станды жаңғырту және дүниежүзінің озық  30 елінің қатарына енуі үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа сенім білдіру қажет». Кеңес мүшелері атап өткендей, әлем­дік экономикалық дағдарыс кезінде біздің елімізде кезектен тыс сайлау өткізу «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» бағдарламасын тиімді жүзеге асыруға, «Қазақстан-2050» Страте­гия­сында көрсетілген елімізді дамытуға бағытталған бағдарламаларды дамытуға мүмкіндік береді. 19 ақпан Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы ұсынысын қарап, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Үндеу жолдады. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Парламент Сенаты Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы бастамасын толығымен қолдайды, – деді палата атынан Үндеуді оқыған Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев. – Уақыттың өзі талап етіп отырған бас­тама барша халықтың қызу қолдауына ие болды, қазақстандық қоғамда оң пікірлер қалыптастырды». «Халықаралық шиеленістің артып отырған жағдайында жаһандық экономикада дағдарыс құбы­лыстары күшейе түскен уақытта ішкі сая­си тұрақтылықты қамтамасыз ету, Сіз айқындаған әлем­нің озық 30  елінің қатарына енуді мақсат ететін «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді Стратегиясын, Мәңгілік Ел тұжы­рымдамасын, «Нұрлы Жол» бағдар­ла­масын жүзеге асыруға жағым­ды ахуал қалыптастыру қажет, – деді ол сосын. – Сіздің дана әрі күшті көшбас­шылығыңызбен Қазақстан өзінің дамуы мен қалыптасуына қатысты бар­лық қиыншылықтарды лайықты ең­серді. Тәуелсіздік жылдары Сіздің сая­сатыңыздың нәтижесінде нарықтық экономикасы дамыған, халықаралық қауымдастық алдында беделді, қуатты мемлекет қалыптасты. Сондықтан да, қазақстандықтар барлық жетістіктерді Сіздің атыңызбен байланыстырады». 25 ақпан Президент Нұрсұлтан Назарбаев елімізде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу мәселесіне қатысты үндеу жария­лады. Ол Мемлекет басшысы ел ішінде биыл кезектен тыс президенттік сайлау  өткізу мәселесінің қызу тал­қыланып жатқанына тоқтала келіп, өзіне еліміздің түкпір-түкпірінен осы мазмұнда күніне жүздеген хаттардың келіп түсетінін жеткізді. «Бұл күндері менің атыма кәсіп­орындардың еңбек ұжымдарынан, ардагерлерден, студенттерден, жасы және кәсібі әртүрлі адамдардан көптеген хаттар мен жеделхаттар түсіп жатыр. Мұның өзі біздің азаматтарымыздың өсе түскен саяси белсенділігі мен олардың ел тағдырына шынайы қамқорлығын білдіреді. Барлықтарыңызға осы үшін зор рахмет», – деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Үндеуінде. Ал біздің азаматтарымыз үшін бүгін не нәрсе аса маңызды? Біріншіден, Елбасына жолданған барлық үндеулерде ешқандай ішкі кикілжіңдер мен сыртқы жанжалдар біздің елімізге кесірін тигізбесін деген бүкілхалықтық алаңдаушылық байқалады. Адамдар бұл үшін тұрақтылық пен қоғамымыздың бірлігін нығайту қажет екенін түсінеді. Екіншіден, әлемдік экономикалық дағдарыс белең ала түскен кезеңде халыққа ертеңгі күніне деген сенімділік керек. Бұл, ең алдымен, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, әлеуметтік төлемдердің, жалақының, стипендиялардың тұрақтылығы. Үшін­шіден, жаһандық геосаяси қарама-қайшылықтар ушыға түскен жағдайда, біздің азаматтарымызды ұлттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мәселесі алаң­датады. Сондықтан қазақстандықтар теңдестірілген ішкі және сыртқы саясаттың әрі қарай жалғастырылғанын қалайды. «Менің Мемлекет басшысы лауа­зымындағы конституциялық өкілет­тілігімнің мерзімі 2016 жылы аяқталады, – деп осы ойды жалғай түседі Елбасы. – Осыған байланысты екі ұсыныс айтылуда. Бірінші – кезектен тыс ел Президентінің сайлауын өткізу. Екінші – Мемлекет басшысының өкілеттілігін ұзарту туралы референдум өткізу. Екі ұсынысты да жүзеге асыруға болады. Көңілге қонымдысы, Конституция талаптарына жауап беретіні сайлау өткізу болып табылады. Сондықтан халықтың мүддесіне орай, оның өтінішін, жалпыға ортақ ерік-жігерін есепке ала отырып, Негізгі Заңды бұлжытпай сақтау үшін мен Конституцияның 41-бабының 3.1 тармағына сәйкес шешім қабылдап, 2015 жылдың 26 сәуірінде кезектен тыс президенттік сайлау белгілеу туралы Жарлыққа қол қойдым». 11 наурыз Осы күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі болып өтті. Онда Мемлекет басшысы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс президенттік сайлауға қатысатынын мәлімдеді. Президент алға қойған белгілі бір мақсатың жоқ болса, сайлауға қатысудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Президенттікке кандидат ретінде Нұрсұл­тан Назарбаев Лингвистикалық комиссияға мемлекеттік тіл бойын­ша емтихан тапсырды. Комиссия мүше­лерінің баяндауларынша, ол жазба жұмысы барысында бірде-бір қате жібермеген. Комиссия төрағасы Мырзатай Жол­дасбеков: «Жазба жұмысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі таңдаған конверт бойынша «Біздің күшіміз – бірлікте» деген тақырыпта болды. Бұл кісі Президент болғалы бері мемлекетіміздің туын тұғырлы етіп, елдің ынтымағын көтеріп келе жатқан адам. Сол ынтымақ-бірліктің арқасында Қазақстан 23 жылдың ішінде осындай дәрежеге жетті. Осының бәрін екі парақ қағазға өте кең, ауқымды, сыйымды етіп, тақырыпты өте әдемі аша білді. Қате жоқ. Кандидат осындай болу керек деп ойлаймын», – деді. 13 наурыз Бұл күні Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат – іс басындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды штабы құрылды. Оған бес партия кірді. Ал штаб жұмысын басқару Мемлекет басшысының бұрынғы кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхаммедке тапсырылды. 30 наурыз Президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасы «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес институттық реформа» деп аталды. Онда Елбасы өзінің 5 тармақтан тұратын жұмыс жоспарын ұсынды. Бағдарламаның «Қазақстандық ұлы жол» деп аталатын бірінші тарауында еліміздің тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолдарына қысқаша шолу жасалып, қол жеткізілген жетістіктердің жайы тарқатылып айтылады. Ал «Дәуірдің сын-қатерлері» деген атау алған келесі тарау арқылы қазіргі әлемнің жай-күйі, Қазақстанның ондағы алатын орны сарапталып көрсетіледі. Қазір Қазақстан экономика саласында тағы да сенімді жауап қайтара алды. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Сая­саты дер кезінде әзірленіп отыр. Ол, біріншіден, инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде әлемдік дағдарысқа қарсы тұру шараларынан, екіншіден, екінші бесжылдық шеңберінде индустрияландыру бағытын жалғастырудан құралады. Бағдарламаның «Бес институттық реформа» деп аталатын тарауы бүгінгі Қазақстанның алдында тұрған басты міндеттері атап көрсетіледі. Елбасы осы бес реформаны «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет», «Заңның үстемдігі», «Орнықты экономика», «Болашағы біртұтас ұлт» және «Ашық және халыққа есеп беруші мемлекет» деп аталатын тармақтар бойынша жіктеп береді. Және бұларды кезең-кезеңімен іске қосу керек екеніне қазық байлайды. 23 сәуір Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассам­блеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баевтың қатысуымен «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына арналған ХХІІ сессиясы болып өтті. Мерейтой жылында болған сессия­ның жұмысына 1500-ден астам адам қатысып отырды. Олардың арасында еліміздің барлық өңірлерінен келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этно­мәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, мемлекеттік орталық атқару органдарының, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, ҮЕҰ мен ЖОО-лардың басшылары, шетелдік дипломатиялық миссиялар мен шығармашыл зиялы қауым өкілдері болды. Халықтың көңіл күйі көтеріңкі, көңіл-хошы ерекше екендігі үлкен залдың барлық бұрышынан көрініп тұрды. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын, – деп бастады сөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. – Біз биылғы жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Бұл – Ассамблеяның мерейін асыру арқылы нығая түсетін Ел бірлігі жылы. Тарихи жылда біз Қазақстан халқының мызғымас бірлігі мен Ұлы Отанға мәңгілік сүйіспеншілігін ұлықтай түсеміз». Сессия жұмысының қорытындысы бойынша Қазақстан халқына Үндеу қабылданды. Онда ҚХА ХХІІ сессиясы Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» идеясы, «Нұрлы Жол» Жаңа Эконо­микалық Саясаты сияқты көрнекті бас­тамаларын толығымен қолдайтындығы айтылды. Сондай-ақ, қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайтып, тілдердің үштұғырлылығын дамытып, орта тапқа негізделген «Болашағы біртұтас ұлт» қана табысты мемлекеттің сенімді іргетасы болатыны атап өтілді. 24 сәуір Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Конституция кепілі ретінде жалпыға ортақ сайлау құқығын жүзеге асыру туралы Қазақстан азаматтарына Үндеу жариялады. Бүкілхалықтық сайлау – біздің Конституциямызда, арнайы заңымызда көрініс тапқан аса маңызды саяси іс-шара. Сайлау арқылы азаматтарымыз, біріншіден, өзінің конституциялық құқығын жүзеге асырады, екіншіден, ел басқару ісіне тікелей қатысады. Әрбір азамат өзіне ұнайтын, саясатын түсінетін, халықты алға бастай алады деп сенетін кандидатқа дауыс береді. Бұл – әлемдік қауымдастық өкіл­дерінің назарын аударатын ел өмі­ріндегі елеулі оқиға. Сайлауды байқау үшін елімізге 1 мыңнан астам байқаушы, 200-ге жуық шетелдік ақпарат құралдарының өкілдері келеді. Олардың алдында біз ынтымағымызды көрсетуіміз керек. Халық неғұрлым белсене қатысатын болса, соғұрлым еліміздің бірлігі нығаяды, болашаққа деген сенімі беки түседі. «Баршаңызды сайлауға қатысып, дау­ыс беруге шақырамын», – деп атап өтті Елбасы. ERA_3150+ 26 сәуір Қазақстанның іс басындағы Прези­денті, «Нұр Отан» партиясының Төр­ағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауында айтарлықтай басымдықпен жеңіске жеткені алдын ала белгілі болды. «Бұған сайлау учаскелерінде жүр­гізілген сауалдама барысы айғақ болып отыр», – делінген хабарламада. «Демократия институты» ғылыми-зерттеу ассоциациясы» қоғам­дық бірлес­тігі жүргізген exit-poll нәтижелері бойын­ша, Нұрсұлтан Назар­баев үшін сайлау учаскелеріне келген сайлаушылардың 97,5 пайызы дауыс берген. Сайлаудағы екінші кандидат – Қазақ­­стан халықтық коммунистік партия­сының өкілі Тұрғын Сыздықов 1,87 пайыз дауыс алған. Үшінші кандидат – өзін өзі ұсы­нушы, Қазақстан Кәсіподағы федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов үшін электораттың 0,63 пайызы өз дауыстарын берген. exit-poll осындай нәтижелер көрсетті. Қазақстан Президенті сайлауын 37 елден 200-ден астам шетелдік журналис­тер жазып көрсетті. 27 сәуір Бас прокуратура сайлау туралы қо­­рытынды мәлімдеме жариялады. Онда сайлау науқанында сайлау про­цесінің барлық қатысушыларының заң­нама талаптарын және азаматтардың конституциялық құқықтарын мүл­тіксіз сақтау мәселелері прокуратура органдары үшін жұмыстың басты басымдылығы болғаны атап көрсетілді. Жүргізілген қадағалау іс-шаралары кезінде сайлау комиссиялары немесе мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір бұзушылықтар анықталған жоқ. Сайлау науқанында прокуратура органдарына сайлаумен байланысты небәрі 4 өтініш түсті, олардың 3-уі заңнаманы бұзу фактілері туралы ақпарат немесе шағымдарды қамтымаған. «Сайлау күні қандай да бір елеулі бұзушылықтарсыз, тыныш жағдайда өткенін атап өтеміз. Дауыс беру күні қарсаңындағы кезеңде тек қана сайлау алдындағы үгітті өткізу, сондай-ақ, қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн жариялау шарттарының жекелеген бұзушылықтары тіркелген, олар бойын­ша алдын алу сипатындағы шаралар қолданылды», – делінген мәлімдемеде. Ал Орталық сайлау коми­ссия­сының отырысында Қазақстан Президенті сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңімпаз атанғаны ресми түрде жарияланды. Сай­лау­шылардың 97,75 пайызы Назарбаевтың кандидатурасын жақтап дауыс берген. «Сайлауда барлық дауыс берушілердің 95,21 пайызы өз таңдауын жасады. Олар­дың дауыстары төмендегідей бөлінді: Әбілғазы Құсайыновқа – 57 718 немесе 0,64%, Нұрсұлтан Назарбаевқа – 8 833 250 немесе 97,75%, Тұрғын Сызды­қовқа – 145 765 немесе 1,61% сайлаушы дауыс берген. Облыстардан және Алматы мен Астана қалаларынан алынған нәтижелер негізінде Орталық сайлау комиссиясы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Президенті болып саналсын деп қаулы етеді», – деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов. 29 сәуір Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі өтті. Іс-шара Мемлекеттік Ту мен Президент Байрағының, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Конституциясының Тәу­ел­сіздік сарайының Үлкен залына салтанатты жағдайда әкелінуінен бас­талды. Мемлекет басшысының кор­тежі «Ақорда» резиденциясынан Тәуелсіздік сарайының басқы есігінің алдына келді. Осы жерде жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентіне Мем­лекеттік күзет қызметінің бастығы А.Күреңбеков рапорт берді. Нұрсұлтан Назарбаев артил­лериялық от-шашу болып жатқан кезде Тәуелсіздік сарайына кірді. Тәуелсіздік сарайының Үлкен залында Конституциялық Кеңес төрағасы И.Рогов Конституцияның 42-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті халыққа ант берген сәттен бастап лауазымына кірісетінін мәлімдеді. Нұрсұлтан Назарбаев оң қолын Конституцияға қойып: «Қазақстан хал­қына адал қызмет етуге, Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін!», – деп мемлекеттік тілде ант қабылдады. Содан кейін Елбасы Мемле­кеттік туды сүйді. Мемлекеттік гимнді орындау барысында 21 рет зеңбіректерден оқ атылды. Орталық сайлау комиссиясының төр­ағасы Қуандық Тұрғанқұлов Нұрсұл­тан Назарбаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды. Мемлекет басшысы ұлықтау рәсі­мінде сөйлеген сөзінде Прези­дент сай­лау­ы қоғам бірлігінің қуатын паш етке­ніне тоқталды. Қазақстан Республикасы Орталық Сайлау комиссиясының мәліметі бойын­ша, дауыс беруге 9 090 920 адам немесе сайлау­шылардың 95,21 пайызы қатысқан. Нұрсұлтан Назарбаев сай­лаушылардың 8 833 250 даусына ие болды, бұл дауыс беру рәсіміне қатысқан сайлаушылар даусының 97,75 пайызын құрайды. Сайлау Қазақстан халқының өз көшбасшысының төңірегіне бұрынғыдан да жақын топтаса түскенін айғақты түрде анық көрсетіп берді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».