Әдебиет • Кеше

Президент Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жылдық мерейтойына орай құттықтау жолдады

27 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығы және «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өтті. деп жазады Egemen.kz.

Президент Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жылдық мерейтойына орай құттықтау жолдады

Оған ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.

Іс-шарада Аида Балаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Халқымыз өзіңізді мәдениетіміз бен өнерімізді өркендетуге үлес қосып келе жатқан қарымды қаламгер, көрнекті қоғам қайраткері ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Еңбек жолында бірқатар отандық газет-журналдар мен баспада жемісті жұмыс жасап, ұлттық әдебиетіміздің ілгері басуына күш-қайратыңызды жұмсадыңыз. Қазақ поэзиясына өзіндік өрнегіңізбен келіп, айшықты ойлар мен айрықша дара шумақтарыңызбен танылдыңыз. Еліміздің мәртебесін асқақтатқан Тәуелсіздік пен бейбіт өмірді және табиғат сұлулығын арқау еткен жалынды жырларыңызды талғамы биік оқырман жылы қабыл алды. Сонымен қатар, отбасы құндылықтары, қыз баланың тәрбиесі, ананың қоғамдағы рөлі туралы пайымды пікірлеріңіз қолдау тауып келеді. Алдағы уақытта ел-жұрттың ортасында сый-құрметке бөленіп, шығармашылық ізденістеріңіз табысты бола беруіне тілектеспін. Сізге мықты денсаулық және отбасыңызға бақ-береке тілеймін!», делінген құттықтау хатта.

Өз сөзінде Аида Балаева ақынды мерейлі жасымен құттықтап, қаламгер шығармашылығының ұрпақ тәрбиесі, жастардың бойына рухани құндылықтарды сіңіруге зор үлес қосқанын атап өтті.

«Президент атап өткендей, қазақ әдебиетінде Ақұштап Бақтыгерееваның өзіндік өрнегі, орыны бөлек. Себебі ақын апамыздың өлеңдері әр қазақтың жүрегіне жақын. Оның поэзиясы ерекше сыршылдықпен, сезімталдықпен өрілген. Қаламгердің қазақ әйелінің бейнесін асқақтатқан бірегей туындыларын ерекше атап өткім келеді. Ел анасы, ұлт тәрбиесінің жанашыры ретінде құндылықтарымызды қастерлеуге, қазақ қыздарына парасат пен тәрбие нәрін сіңіруге зор үлес қосып келеді», деді А. Балаева.

Сондай-ақ министр мерейтойға орай түрлі іс-шаралар, әдеби кештер ұйымдастырылып жатқанын айтты.

Атап айтсақ, кеше ақын мерейтойына орай Қазақ ұлттық өнер университетінде әдеби-сазды кеші болып өтті.

Ал бүгін Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық-музыкалық театрында Батыс Қазақстан облыстық Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры Ақұштап Бақтыгереева мен драматург Мәдина Омарованың сценариімен әзірленген «Жұбан» поэтикалық драмасын сахналады.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Алаштың Ақұштабы» атты әдеби кездесу болып өтті. Кездесуде ақынның «Менің Фаризам» атты жаңа кітабының тұсаукесері өткізілді. Ақын бұл кітабында қазақ әйелдері арасынан шыққан бірегей қаламгер Фариза Оңғарсынованың өмір жолы туралы сыр шертеді.

Сонымен қатар Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Ақұштап Бақтыгерееваның оқырмандармен кездесуі ұйымдастырылды.