Аймақтар • 09 Қараша, 2024

Өнертабысқа өріс кең

145 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әр адамның өмірдегі орны еткен еңбегі, жасаған қызметінен, азаматтық тұлғасы, адамшылық сипаты ел ішіндегі бет-беделінен көрінеді. Болмысы бөлек, ойы өрелі, көшелі азамат, абыройлы ардагер Қайролла Исмағұловтың өнегелі өмір жолы осындай асыл мұратқа жауап беретіндігімен таңбалы, тағылымды.

Өнертабысқа өріс кең

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жақында Әділет министр­лігінің Ұлттық зияткерлік меншік институты Қ.Исма­ғұлов ойлап тапқан шағын су электр стансасының соны, пайдалы моделіне патент табыстады. Батысқазақстандық өнертапқыш осы идеясын жүзеге асыруға он жылдан астам уақытын сарп етіпті.

– Мен үш үлгіге есептеу жасадым. Шағын қуатты станса шалғайдағы шопан пунктін немесе шекара бекетін электрмен қамтамасыз етсе, орташа қуатты үлгі тұтас бір ауылды қамтамасыз ете алады, – дейді оралдық жаңашыл. – Ал ең үлкен модель біреуі 10-15 тоннаға, екіншісі 2-3 тоннаға арналған, бір-бірімен байланысты екі су ыдысынан тұрады. Су ағыны кезінде механикалық энергия, оның ішінде қысым айырмашылығына байланысты, электр энергиясына айналады. Аталған қуат бір жылға еркін жетеді. Мұндай электр стансасына техникалық қызмет көрсету жылына бір рет жүргізілсе де жеткілікті. 7600 сағаттан соң жабдықтың бір бөлігін ауыс­тыру қажет болады. Шағын қуатты модельді өз қолыммен жинап, іс жүзінде сынақтан өткіздім. Қалған екеуін тек қағаз жүзінде, теориялық тұрғыда ғана есептеп шығардым. Қазір Астанада су электр стансалары құрастырылатын кәсіпорын ашылып жатыр. Ол алдағы айларда іске қосылуға тиіс.

Техника ғылымдарының кандидаты, тәжірибелі маман өзінің өнертабысы тіпті электр энергиясын өндіретін ірі компаниялармен де бәсекеге түсе алатынына бек сенімді. Айта кеткен жөн, бұл – Қ.Исмағұловтың үшінші өнертабысы. Алғашқы екеуі малшылардың жұмысын жеңілдетуге бағытталған.

Соғыстан кейінгі жылы дүниеге келген Қайролла бозбала шағында-ақ қой бағатын әкесіне көмектесіп, ауыл еңбегінің ауыртпалығын көре жүріп, оны жеңілдету жолдарын ойлай бастайды. Мектептен кейін ағасының кеңесімен Ленинград кәсіптік-техникалық учили­щесін бітірді. Таңдаған мамандығы да кісі қызығарлық – гидроакустика. Бірақ бұл салада жұмыс қайдан шыға қойсын. Туған аулына оралған соң шопанның көмекшісі болып жұмысқа орналасты. Жұмыс істей жүріп зоотехник маман­дығын оқып алды.

– Бейнеткеш малшылар қауымының ең ауыр жұмысы – қора-қопсыларды қордаланған қи, көңнен тазарту, – дейді ол. – Ертеректе оны күрекпен аударып, тезекке айналдыратын. Мен құдықтан су көтеруге қолданылатын мотор қондыр­ғысын негізге ала отырып, бұл үдерісті қалай автоматтандыруға болатынын ойлап таптым.

Қондырғы қалыпты жұмыс істеп кеткенге дейін көптеген сынақ, есептеу, модификация қажет болды. Ақырында ізденіс нәтиже берген соң малшылар жас жаңашылдың ілкімді жобасына көптеп жүгіне бастады. Облыстық өнер­тапқыштар қоғамы Қайроллаға арнаулы патент пен 1500 рубль сыйақы берді.

Қ.Исмағұловтың тағы бір өнерта­бысы – Батыс Қазақстан мен Атырау облысындағы малшылар әлі күнге дейін пайдаланып келе жатқан қалдықсыз жылжымалы мал сою бекеті. Қасапханада ұшалардың іші бірден тазартылып, сүйектері мен тұяқтары ұнға өңделеді. Қондырғы бір ауысымда 25 басқа дейін ірі қара малды, 50 басқа дейін ұсақ малды бастыруға мүмкіндік береді.

Өндірістік үдерістерді қалай жақ­сартуға болатынын тек қолмен емес, ең алдымен баспен ойлау, ақыл-санаға салу Қайролла Исмағұловтың қай салада, қан­дай қызметте істесе де батыл ұста­нымы, адастырмас темірқазығы болды. Тас­қаладағы дайындау кеңсесінде қыз­мет етіп жүргенінде мекеменің жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне ұйытқы болып, соның арқасында об­лыстық шикізат базасының директоры лауазымына тағайындалды. Кәсіпорын даладан жиналған жүн, терілерді қазақ­тың ежелгі халық әдісімен өңдеп, Жа­пония мен Еуропа елдеріне жөнелтті. Түскен қаражат сол кезде тапшы болған құрал-жабдық, киім-кешек, азық-тү­лік сатып алуға жұмсалды. Бұл озық тәжірибе жө­нінде сонау 1983 жылы «Социалистік Қа­зақстан» газетінде арнайы жазылыпты.

Қайрекең 70 жасты алқымдап барып зейнеткерлікке шықты. Дегенмен ардагер еңбек демалысында да қарап отыра алмайды. Техникалық тұрғыдағы ізденіс, табысымен қатар, оның бір аңсары – сиқырлы поэзия. Әр жылдары жазған өлең-толғаулары, эссе-әңгімелері үш кітап болып жарық көрді. Газет-журнал беттерінде де жиі жарияланып тұрады. Түрлі тақырыптарды қозғайтын туындыларда өмірдің барлық қырлары көрініс тапқан. Өлең-жырлардың ойы келісті, тілі шұрайлы, жеңіл оқылады, жүрекке жылы тиеді. Оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алған. Кісілігі мен кішіпейілділігін тең ұстаған, мені кем, алды кең ақсақалдың өрісті өмір жолы кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.