Қоғам • 09 Қараша, 2024

Тағы гран-при әкелді

89 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Петропавлдың «Sensitive» би ансамблі Мәскеуде өткен «Inclusive Dance» халықаралық байқау-фестиваліне қатысып, бас бәйгесін жеңіп алды. Сонымен бірге 700-ден астам қаты­су­шы арасынан төрт аталым бойынша да бірінші орыннан кө­рінді.

Тағы гран-при әкелді

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұ­хам­­­­­бетов ансамбльдің жетекшісі Ольга Ростовщикова мен бишілерді лайықты жеңісімен құттықтады. «Ансамбль мүшелері талантта шек жоқ екенін, сахнада жарқырауға әркімнің де қабілеті бар екенін дәлелдеді. Сіздердің жұмыстарыңыз, табандылықтарыңыз және шынайы­лықтарыңыз бәрімізді шабыттандырады, ал кезекті жеңістеріңіз – өнерді өрге апаратын жандар үшін мүмкін емес ешнәрсе жоқ екенін көрсетті. Жарайсыздар, біз әрқайсыңызбен мақтанамыз! Алда тек жаңа биіктер, бұдан да көп жетістіктер болсын!» деп жазды өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде.

Бұл ерекше өнер ұжымы туралы біз «Егеменге» үш рет жазған бола­тынбыз. Олар бірнеше алыс шетел­дегі додаларға қатысып, үнемі жеңімпаз болып оралып жүр. Осы биылғы мамыр айында ғана ан­самбль Францияда өткен халық­аралық фестивальға қатысып, бірін­ші орын алып келді. Түрлі халық­ара­лық би фестивальдарынан ансамбль осымен 18-гран-при және түрлі номинация бойынша 41-рет бірінші орын алып келіп отыр.

Еске сала кететін болсақ, ұжым­ның ерекшелігі сонда – оның мүшелері ести алмайтын жандар. Сондықтан сөйлей де алмайды, нақты айтқанда мылқау жандар. Олардың бәрі Петропавлдағы есту қабілеті кем балаларға арнал­ған интернатта оқыған. Ал жетек­ші­лері Ольга Ростовщикова Ермек Серкебаев атындағы дарын­ды балаларға арналған өнер кол­лед­жінде хореографиядан сабақ берген. Ол бірде кембағал жандар ин­тер­наты балаларының өнерге құш­тарлығын байқап, жұмысқа өз еркімен кіріскен. Содан бері (18 жыл) осы интернаттың балаларына би үйретумен айналысып келеді. Мектепті бітірген ересектер тобы қазір С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының қасында қосалқы труппа болып жұмыс істейді. Ал жасөспірімдер мен балалар тобы әлі интернат қабыр­ға­сында.

Би үйрету өте күрделі жұмыс. Ол – сөзсіз өнер, тек музыка ырғағымен дене қимылдары арқылы өздерінің образдарын ашады. Ал «Sensitive» бишілері музыканы естімейді, оны тек жетекшілерінің қимылды көрсетуі арқылы ұғып, оның көңіл күйін, жан күйзелісі мен қуанышын танып, лезде қабылдайды. Ансамбль болған соң бір биші емес, олардың қимылдары да әртүрлі.

Біз Ольга Ростовщикованың қалай жұмыс істейтінін көрдік. Ол шәкірттері сахнада билеп жатқанда өзі көрермен залының ортасында тұрып, музыканттарға қай нотаны алуды көрсетіп тұра­тын дирижерше барлық қимылды музыкаға сәйкес көрсетіп, өзі де жанталасып билеп тұрады екен. Бір би аяқталғанша қаншама қозғалыс жасайды. Биші – көп, бұл – жалғыз, сондықтан әр биші­нің қимылын көрсетуі керек қой. күрделі жұмыс екені көрініп тұр. Бірақ О.Ростовщикованың ай­туын­ша, шәкірттері шетінен талантты, мұның қимылын емеурінінен та­нып, лезде орындайды екен. «Олар­дың құлақтары естімегенімен, бас­қа түйсіктері жақсы дамыған. Сон­дық­тан мені лезде ұғады», дейді ол.

Осыдан екі жыл бұрын Ольга Ростовщиковаға «Құрмет» ордені берілді. Оның алған асуларына берілетін құрметтер әлі де алда. Өз мамандығын сүйіп, оның қыр-сырын қажымай-талмай құлағы естімейтін жандарға үйретіп, ел өнеріне олжа салып жүрген адамның еңбегі лайықты.

 

ПЕТРОПАВЛ