Әдебиет • 08 Қараша, 2024

Алғашқы өлең

174 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Оны жазған күнді ұмытқанды ақын деуге бола ма? Ал ұмытса, басқа емес, ақын «өледі-ау». Сіз өлімді қалай түсінесіз? Физикалық дене тұрғысынан ойласаңыз, қателесуіңіз мүмкін. Жүгін біреуге артып, күні үшін сүйретіліп жүргенді өмір деп кім айтты? Ақын деп кім айтты. «Арғымақтың баласы, Арыған сайын тың жортар, Арқа мен қосым қалар деп. Азамат ердің баласы, Жабыққанын білдірмес, Жамандар мазақ қылар деп» жырлаған Қазтуғанның көзімен қарағанда солай. Ақынның алғашқы өлеңі қазақ рухының ілкідегі бір нұсқасы жыраулар ­поэзиясындай құбыланама болмаса, оның несі туынды, несі өлең дер едік?

Алғашқы өлең

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Алғашқы өлеңнің жолы ауыр емес, ақынның, бәлкім әділеттің жолы ауыр шығар. Тұңғыш өлең, тұңғыш жыр тұтыла бермейді көбіне. Оны жазған бала ақын өз ішінен мың түлеген шағын ұмытар ма, сірә? Қағазға түсірген күнін ұмытуы мүмкін-ау, жазған сәтіндегі әсерден жаңылмауға тиіс. Алғашқы өлең мен соңғы өлеңнің арасындағы ұлы жолда адамзаттың ақ жүрек баласы ақындар ең бірінші жазған күніне жалтақ-жалтақ қараумен болады. Сүттей аппақ сезімнің кіршіксіз таза шумақтарына көз тігеді. Таңғы шықтай, таңғы нұрдай тамылжыған мөлдір де шуақты сезімдердің тұнбаларына қарағыштайды. Мүмкін сол адалдығы мен тазалығына бола қарайлай ма, бәлкім соған жүгінумен өте ме, әйтеуір артына бір емес, мың қайырылады ақын. Қайырылған сайын құстай түлейді, бәлкім. Мүмкін қанжылауы да. Мейлі ғой. Құстай түлесе, алғашқы әсершіл балаң сезімдердің өзі бір жеке құбылысқа айналып, жанына қуат бергені. Қанжыласа сол кездегі тазалығы мен балалығына жетпегені, әлде адалдықтың алдында әдірем қалғаны шығар, оған не дауа. «Кірлеген жүрек өз ішін, тұра алмас әсте жуынбай» деген ұлы Абайдың өзі. Ештеңе етпейді, сол адалдық пен іңкәрлікті ойлаған сайын, сағынған сайын іштей түлеп, жазған сайын арылмай ма? Олай болмаса, оған құдіреті жетпесе, ақынның өлгені емей немене? Адам кеудесіне тығылған адал жүрек өлген күні тірісің бе, өлісің бе, бәрібір емес пе дейді бір ойым. Бірақ балалықпен жүріп-жүріп, сол бойы рухани есеймей қалсаң... Онда әңгіме басқа. Мен түгеншемін деп кеудеңді қағып шыға келесің. Анандай жерден сені баяғыда тәрк еткен бала ақын тұрып, «енді қайтейін?» кетіп бара жатады. Енді саған жолай алмайтын, мүмкін жолатпайтын, сен қанша аңсап, сағынып шақырсаң да оралмайтын, қусаң да жеткізбейтін бала ақын – өзің. Кеше артыңда қалған сияқты еді, бүгін алдыңа түсіп алыпты. Ертең не боларын бір Құдай ғана біледі. Алдыңа түсіп алып зымырап бара ма, жоқ, әлде созсаң қолың жетпейтін биікке шығып алған ба, ол да өзіңе байланысты. Ертең – жиынтықталған бүгіндердің туындысы. Кешегі мен бүгінгі қосылып, ертеңді жасайды десе таңғалмаймын.

Құрысын, басқа жаққа қарай кетіп барамыз. Жас ақынның алғашқы өлеңі еді ғой тақырып. Ол туралы кім қалай жазбады? Есімде Жүрсін Ерманның жыры қалыпты:   

«Құпиялы жыр – сезім

Құйылатын шақ қандай.

Бір сөзіңнен бір сөзің,

Асып түсіп жатқандай!

Жүгіресің шапқылап,

Естіртуге даусыңды.

Судың бәрі – ақ бұлақ,

Шудың бәрі – ән сынды.

Жан көрінбей көзіңе,

Ой ойлайсың не түрлі.

Қыздың бәрі өзіңе,

Құмартатын секілді.

Өртесе өлең өзекті

Өзіңдікі – бұл ғалам.

Өлеңің бар газетті,

Оқитындай күллі адам».

Бұл енді Жүрсін Ерман ақынның шумақтары. Ғашық көрінген, тасып-төгілген бала ақынның шадыман шағы мен әсерін әдемі бейнелейді. Осылай деп төгіп жібереді де: «Биік ұстап еңсені, Тасымасқа тасатын, Сағындым-ау мен сені, Жайраңдаған жас ақын!», жалп еткізеді ақын. Жас ақынды сағыну – бөрі арығын білдірмей, сыртқа жүнін күжірейте жүріп, белгілі бір деңгейде өзін сағынуы ақынның. Бала кезінде сезінген пәк бейнесіне қайту ма, әлде түпнегізді көксегені ме? Қайғысыз, қамсыз балалығы өз алдына, адам баласының ақ жүрегіне тән алғаусыз сезімдерді сағынғаннан да осылай жазады.

Ақын біткен алғашқы өлеңін жариялай да қоймайды. Әредік қана шығарады. Қалай жазылып еді деп сұрасаңыз, «осындай бір жағдайға байланысты жазғаным есімде, мектепте бір қызға ғашық болғанымда, сосын бірер шумақ шимайлағаным бар» деп қысқа қайырады. Әуелі өзі, өзінен соң оқырман өлең есебінде мойындаған, бәлкім мойындалған дүниелерді оқуға тырысады. Олпы-солпы, алқам-салқам болса да, нағыз іңкәр сезімнің қайнары сол алғашқы шумақтардан басталмай ма? Ол туралы да нелер жыр, нелер өлеңдер бар біздің елде. Тұңғыш шумақтар емес, сол шумақтарға арналған, мүмкін сол сезімдерден бастау алған туындылар деуге келеді.

«Ақын болсам сен шығардың атымды,

Саған беру керек қаламақымды.

Көрші ауылдан – Көкөзектен салушы ем,

Көрші үйдегі қызға жазған хатымды.

Авторы жоқ сол хаттардан кешегі

Құпия бір сырлы сезім еседі.

Саған арнап бес шақырым алыстан,

Хат таситын Атағұлдың есегі»,

деп басталады Есенқұл Жақыпбектің алғашқы махаббатқа жазған хаттары туралы өлеңі. Ал мен сол хаттарды, ондағы балауса жырлардың өзін оқығым келеді. Бірақ ол алғашқы шумақтар...

Қалай десек те, қайран қалмасқа болмайтын уақыт. Көрші үйдегі қызға ынтығатын және жүрегіңді атша тулатқан әлгі аруға хатыңды өзің тұратын ауылдан ұзап барып, бел-белесті артқа тастап, басқа ауылдан салуға қаншама ерік-жігер керек. Екі ауылдың арасында мәжнүн күйін кешіп жүргенде, қаншама сезім мен ой, ынтық жанның аңсарында тербетілді десеңізші. Есейгенде ондай жан жамандыққа басуы мүмкін бе? Жан-жүрегінің іңкәр, мөлдір тұнбасында тербелген бала ақыннан өткен әулие жоқ. Көрші қызға ғашық болған ол іңкәр хатын сезімге орап көрші ауылдан жолдасын-ақ дейік. Содан кейін өзі де алабұртып тағат таба ала ма?

«О, қара есек, маңдай соры бес елі

Көкбел асып, асып талай жота, қыр

Суды кешіп, толқындары алысқан

Ыңыранып, ыңқылдап,

Кесіп өтіп қоғалы сай, қамыстан,

Арқасында ағаш аяқ Атағұл

Тұяқтары бір-біріне тиіп кетіп сыртылдап

Келеді әні, пошташының есегі,

Ғашық ұлдың хатын тасып алыстан.

Табады әлі біз тұратын,

Қыз тұратын көшені».

Қара есек пен Атағұлдың арасында жер мен көктей алшақтық та, жер мен көктей жақындық та бар. Бір аяғын соғыс алды ма екен, жоқ басқаға берді ме екен, ағаш аяқ Атағұл деуі тегін емес қой. Пошташының ол заманда есексіз күні бар ма? Ол Атағұл мен қара есек біреуінің аяғы, біреуінің белі сықырлап аңсар хаттарды ғана таси ма? Қаншама «қара қағаз» бен майдан хаттарын, қайғылы қазаны, өкініш пен зарды естіртті? Ал, мына хаттың жөні бөлек қой. Күллі өмір мен қайшылық, жану мен тірілу, өсу мен өну осыдан басталғандай емес пе?

«Қара есекті күтуші едік сіз бен біз,

Қатар шығып есік алды үйден біз.

Қара жолға көзді талай сүзгенбіз,

Біртүрлі боп жүруші еді хат алса

Өз ойының тұнығында жүзген қыз»

дейді Есенқұл ақын.

Әрі қарай ежіктеп жату артық.