Зерде • 09 Қараша, 2024

Тірнектеп дерек жинаған

707 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бір ауыз орыс тілін білмеген әкем он алты жасында білім қуып, Мәскеуге оқуға түсті. Алты айдың ішінде орыс тілін меңгеріп, Ленин атындағы кітапханаға адаспай бара алатындай жағдайға жетіпті. Мәскеуде бастан кешкен оқиғалары туралы жиі әңгімелеп отыратын. 1953 жылдың наурызында бір топ курстасымен Тарих және архив институтының төбесіне шығып, Сталинді жерлеу рәсімін көргенін айтқаны жадымызда әлі тұр.

Тірнектеп дерек жинаған

Ақмола облысы Ерейментау ауданы Шәкей ауылында туған әкеміз кейін отба­сымен Қарағандыға қоныс аударып, әкесі Рахымжан шахтада жұмыс істеді. Арбамен көмір тасып, отбасын асырады. Амантай, Айтбай және Қарғамбай (режиссер Ақан Сатаевтың әкесі) есімді үш ұлын ауыр еңбекке мойымай жүріп жеткізді. Біздің арғы атамыз Сатай ке­зінде ақмолалық көпес Кубриннің үлес­кері болыпты. Кубриннің үйі – қазір Астананың оң жағалауындағы тарихи ескерткіштердің бірі. Сатай атамыз сол Кубринді етпен, сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған екен.

Әкеме сабақ берген ұстаздарының бірі, аты аңызға айналған тарихшы Сигурд Шмидт: «Қазақтың екі баласы оқы­ды, екеуі де өте білімді еді» деп еске алады.

Ол кісі: «Арада алпыс жыл өтсе де, бейнесі жадымда жатталып қалыпты. Маған қойған сұрақтары ұнайтын. Жап-жас студенттің білімге құштарлығы, жан-жақтылығы, біліктілігі қайран қалды­ратын», дейді.

Әкеммен бірге еліміздің архив саласында басшылық еткен Хасболат Қажымұратов та оқыды.

Алғашқы шығармаларын әкем 1950 жылдардың соңына қарай жазды. Олардың ішінде бірқатар таңдаулы повестері, пьесалары мен киносценарийлері бар. Ондаған қойындәптер, күнделік толтырды.

«Қазақтелефильм» киностудиясымен, Қуат Әбусейітов, Серік Жармұхамедов сияқты белгілі режиссерлермен бірлесіп жұмыс істеді, қазақ деректі фильмдері тарихында өзіндік орны бар біраз деректі туындыны түсіруге атсалыс­ты. Бұлар­дың қатарында «Болеро» (1968), «Сары жайлау» (1970), Сәбит Мұқанов туралы «Біздің Сәбит» деректі фильмі, «Достық әні» (1972), Серке Қожамқұлов хақында «Сер-аға / көп қырлы Серке» (1973) деректі фильмі, «Күй құдіреті», «Құрманғазы» көркем фильмі, «Махаббат туралы ән» (1974) және тағы басқа таңдаулы экрандық туын­дыларды дайын­даған.

Сонымен қатар «Аққуды атпайды» (Алматы: «Жазушы», 1966), «Дала күйлері» (Алматы: «Жазушы», 1968), «Ақын ізі» (Алматы: «Жазушы», 1970) кітаптары жарық көрді. Аңызға айналған тұлға­лардың тарихи портреттерін (Бөген­бай батыр, Құрманғазы, Шоқан Уәлиханов, Мағжан Жұмабаев және т.б.) бейнелейтін әңгімелер, очерктер, публицистикалық мақалалар жазды.

«1967 жылы Мәскеуде өткен әдеби курс сабақтарының кезінде белгілі сыншы және әдебиеттанушы Валерий Яковлевич Кирпотин бізге орыс жазушысы Всеволод Ивановтың Сталинмен, партия мен үкіметтің басқа да басшыларымен кездесуі туралы әдеби «ертегілерін» айтып берді. Кездесулердің бірінде Иванов оларға өз баласымен бірге Колчактың кішкентай жетім баласын емізген қазақ әйелі туралы әңгімелеп бергенін жеткізді. Кирпотин өз әңгімесін аяқтаған сәтте есіме түсіп, мен Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек» романынан үзінді келтірдім. Оның есімі мен шығармаларын айтуға тыйым салын­ғанына қарамастан, бұл туындыда ақ гвардиялық офицердің қазақтың әдемі бір ару қызын өзімен бірге алып кететін тұсы бар. Соны айтып бердім».

Әкем баспасөз құралдарында, Қа­зақ­стан Жазушылар одағының хат­шы­­­лығында, кейінірек ҚазКСР Тарих және мәдениет ескерткіштерін қор­ғау қоғамында қызмет атқарды. Оның бас­тамасы­мен Қазақстан тарихына қатысты көп­теген ескерткіш мемле­кет­тік қор­ғау тізіміне енгізіліп, біразы қалпына кел­тірілді.

«Абылай хан туралы деректер Омбы және Санкт-Петербург архивтерінен алынды. Бұл іс 1970 жылдары төл тари­хымызға деген қызығушылық арта бастаған тұста басталды. Біздің Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы көп жұмыс тындырды. Мәскеу тарих және мұрағат институтының түлегі ретінде сол жерге барып, Қазақстан туралы барынша көп ақпарат жинап қайтуға тырыстым. Біртіндеп мәліметтер қорын қалыптастыра бастадық, көптеген фотоқұжатты таспаладық, шығыстану мен Қазақстанды танып-білудің бірегей үлгісін құрастырдық. Археологиялық қазба жұмыстарына арнайы қаржы бөлініп, тарихшылар бізбен бірге іссапарға шығып, Ұлы Жібек жолы бойында тұңғыш рет үлкен экспедиция ұйымдастырылды. Одан кейінгі тағы бір олжамыз – тарихи тұлғалардың порт­рет­терін жасадық. Мұны тұтас бір галерея ретінде қарастырған абзал. Осыған дейін қаншама қыруар жұмыс атқарылды. Олардың әрқайсының сыртқы сұлбасын бастапқы қалпына келтіру мақсатында жан-жақты зерттеулер жүргізілді. Сол тұста Сырдарияның жағасында аты аңызға айналған Қорқытқа ескерткіш белгі салынып, Сырымбет иелігі қалпына келтірілді. Тарихи-мәдени мақалалардың бес жинағы шығарылды, олардың әрқайсы өз алдына баға жетпес байлық саналады. Мен бұл жерде «Қазақстан тарихы мен мәдениеті ескерткіштерінің жинағы» туралы айтып отырған жоқпын.

Тарихи материал бізде жетіп артылады. Бір ғана Императорлық географиялық қоғамның жинаған дүниесін алып қараңыз. Арада қаншама жыл өтсе де, оның әлі толық ашылмаған қырлары аз емес. Иә, мұны да қоя тұрып, ең болмаса «орыс-қазақ қатынастарының» керемет томдарын алайықшы. Қаламгер қауым соларды ақтарып қараса, 1711 жылы Абылай хан дүниеге келген дегенді әдебиетшілерден кейін тағы қайталап жатпас еді-ау. Онда оның І Петрмен хат жазысқан кезінде Қайыпханмен бірге болғаны айтылады. Содан кейін ғана ол жоғалып кетеді. Қалай Қайыпхан жұмбақ жағдайда қайтыс болады. Демек Абылай хан 10 жыл бұрын туылуы керек еді».

Өмір оған таңғажайып тұлғалармен ұмытылмас кездесу сыйлады: Әлкей Марғұлан, Ебіней Бөкетов, Әлімхан Ермеков, Қарағандыға жер аударылған Александр Чижевский, Сәбит Мұқанов, Ескендір Тынышпаев, Тәкен Әлімқұлов, Хамит Ерғалиев, Жақан Сыздықов, Сәду Машақов, Шәкен Айманов, Нұрмұқан Жантөрин және басқа да көптеген тұлға­ның есімі оның күнделігінде жиі кез­де­седі. Математик-профессор, Алаш қоз­ғалысы жетекшілерінің бірі Әлімхан Ермеков оған: «Амантай, сен өз дәуіріңде тума­ған екенсің, иә тым ерте немесе өте кеш дүниеге келгенсің!», деген екен.

Белгілі оператор Ескендір Тынышбаев 1979 жылы мерейтойын атап өткенде, Амантай Сатаев бас баяндамашы ретінде тағайындалды. Баяндамада ол мерейтой иесінің әкесі Мұхамеджан Тынышбаевтың еңбегі туралы көп айтты. Сол кезеңнің сана-салтымен сараптағанда, бұл өте батыл әрекет еді, мұндай қадамға баруға көп адамның батылы жетпес еді. Ескендір Мұхамеджанұлы бұл сөздерге ерекше тебіреніп, шын жүректен алғыс айтты.

Өзін ғана қамшыламай, өзгелердің де кәсіби тұрғыда шыңдалуына көңіл бөлетін. Қолында бар материалдармен бөлісіп, кейінгілерге ақыл-кеңесін айтудан жалықпайтын. Әкемнің еңбегін бағалап, құрмет көрсеткендер күні бүгінге дейін сол дәстүрді жалғастырып, оның шығармашылық мұрасын көз қарашы­ғын­дай сақтап, көпшілікке кеңінен насихаттауда аянбай тер төгіп келеді.

Жазушының төл туындылары ана тілінен басқа поляк, румын, украин, латыш, алтай, қырғыз, татар, башқұрт, өзбек, әзербайжан тілдерінде жарияланған.

Әкеміз тойлауды, қыдыруды ұнат­пай­тын. Анамның есіне жиі салып отыратын сөзі: «Мен сені 40 жылда дайын тарихшы, публицист етіп шығардым. Мен кеткен соң қолың бос болмайды, архивпен айналысатын боласың!». Ал әпкем Сәулені «менің Целиноградтағы жалғыз досым» деп қоятын.

Балаларына қалдырған өсиеті: «Өзде­рің­ді өмір бойы асырайтын маман­дықты таңдауларың керек». Ал атам Рахымжан өзінің балаларына: «Нан тауып жейтін кәсіпті меңгеріңдер» деген екен. Әке аманатына мен де, әпкем Сәуле де адалдық танытып, архив мамандығын таңдадық. Мен 1996 жылдан, Сәуле 1999 жылдан бері архив саласында қызмет етіп келеміз. Бізді «архившілер әулеті» деп атайды. Әкемнің шығармашылық жобалары мен жоспарларын жүзеге асыру мақсатында 8 кітабын баспаға әзірледік. Еңбектер «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрді.

Ол қайтыс болғаннан кейін жарық көрген алғашқы «Тұңғиықтағы тұнық­тар» кітабы (Астана: «Елорда», 2004) оқырмандар арасында, әсіресе қазақ тілі мен тарихының мамандары арасында айтарлықтай құптауға ие болды. Бір оқырманы: «Амантай Сатаевтың тарихи-этнографиялық, көпқырлы ғылы­ми-зерттеу еңбектері маған үлкен рухани қанат бітірді. Оның баға жетпес зерттеулерін бұрындау оқып, таныс болмағаныма қатты өкінемін. Менің ойым­ша, бұл таңғаларлық жайт емес: ол басқа бір тылсым әлемнің жаратылысы секілді. Оның жазған жауһарларынан көп нәрсені танып-білдім. Әр эссе өзіне тән жаңашылдығын, құндылығын бойыңа мінсіз сіңдіреді» деп пікір білдірсе, әдебиет зерттеуші, ғалым Тұрсынбек Кәкішев «Тұңғиықтағы тұнықтар» жинағының қай зерттеуі, қай эссесі, хикаяттары болсын, қазақ тарихын білгісі келетін бүгінгі зерделі оқырмандардың санасына мәнді деректер дарытып, еуроцентристік көзқарас жайлап алған қапас көңілдерге жарық сәуле, күн нұрын түсіретіні, ұлт­тық намысын қайрайтыны айдан анық. Тарихи тақырыпқа шығарма жазатын қаламгерлерге Амантай Сатаевтың өмір деректерін қалай пайдалану керек­ті­гімен қабат, шындықты сөйлете білудің көркемдік айла-тәсілін де қатар ұсынған екен» деп ой түйеді.

Кейін «Замана әпсаналары» (Алматы: «Сөздік-словарь» , 2006), «Алаштың асылдары» (Алматы: «Ел-шежіре» , 2008), «Төл тарихымыздың тұнығынан» (Алматы: «Қайнар», 2009) т. б. еңбектері жарияланды.

Жазушылар мен тарихшылар, әсіресе замандастары А.Сатаевтың шығар­ма­шы­лығы қазақ халқының тарихын зерттеуге арналғанын және архив материалдарына, яғни нақты деректерге негізделгенін бағалайды. Архив саласының кәсіби маманы ретінде ол құжаттарды іздестіру жолдарымен, жұмыс істеу әдістемесімен таныс болды. Әріптестері, қаламгерлер оны «қазақтың алғашқы архивариусы» деп таныды, ал біз: «Амантай Сатаев – архив ісі бойынша қазақтың арасынан шыққан тұңғыш кәсіби тарихшы-архившілердің бірі» деп толықтырғымыз келеді.

 

Жанар САТАЕВА,

архивші, архив саласының үздігі

 

АЛМАТЫ