Жәдігер • 09 Қараша, 2024

Тотан байдың қара қазаны

432 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көп жыл бұрын Шалқар ауданының Софы есімді тұрғыны елсізде, құм ішінен төңкерулі жатқан үлкен қазан тауып алады. Бұл әрбір қазақ үйінен табылатын қара қазан емес, ерекше құйылған, бір жылқының еті тұтас сыятын дәулетті жанның тұтынған дүниесі. Құм суырғанда ашылып қалған бұйымның осы өңірді жайлаған Тотанның балаларынан қалғанын ел ақсақалдары біліп үйде сақтайды.

Тотан байдың қара қазаны

Киені бағалайтын есті ақсақал­да­ры көп уақытта Ізтілеу Бүркіталин осы дүниені Шалқар аудан­дық тарихи-өлкетану музейіне әке­ліп тапсырған. Өз заманында талай сый­лы жандарға ас пісірілген дүние ірі зауыттарда ерекше тапсырыс­пен құйыл­ған. 30-жылдардан бастап, 80-жылдардың ортасына дейін елсізде қалып, кейін ауыл үйдің қорасында тұрып, сыртын тат басса да, төңкерулі жатқан­дықтан болар, ішкі жағы онша тозбаған.

Шалқар өңірінде өмір сүрген Тотанның байлығы мен дәулеті, әсіресе ерекше сұлу әрі ақылды алашұбар жыл­қылары жайында ел аузында әң­гі­мелер жақсы сақталған. «Тілеу руы­ның Жалтумасынан тарайтын Тотан Уақбайұлы 1845–1850 жылдар аралығында дүниеге келген. Ақса­қал­дардан жеткен әңгімелерге қара­ғанда, Тотан жылқыларының ақ шұбар, теңге шұбар, теңбіл шұбар болып келсе, тағы бірнеше үйір қара шұбар боз жылқылары болған. Мұғал­жар тауының бөктерін жайлаған жылқылары құдық басына келіп, астаудан су ішіп жатқанда бір-бірімен тебіспейді екен. Жыл са­йын күзде бай Темірдегі Қарақамыс, Ойылдағы Көкжар жәрмеңкелеріне 500-600 бас, Орынбордағы Мұнанай (Меновой двор) базарына іріктелген 500-600 бас жылқы айдаған. Тотанның шұбарлары жуас әрі ірі, күй талғамайтын болғандықтан, орыс әскерилері бірден көтерме бағамен сатып алған», дейді қолға түскен әрбір көне затты қадірлеп, тарихын іздеп, мұқият жинақтайтын Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Тілембаева.

Киелі жылқыларымен дәулеті асқан байдың Рас, Аянас есімді екі ұлы болыпты. Замандастары «өзің сияқты дәулетті адамдар балаларын Орынборда оқытып жатқанда, сен неге балаларыңды сыртқа шығармайсың?» дегенде, Тотан бай «оқытып не қылайын, менің шұбар тайым орысша да сөйлейді», деп жақтырмаған. Заман өзгеріп, ірі байларды кәмпескелеу науқанына Тотан бай да ілігеді. 1928 жылдың күзінде барлық мал-мүлкі тәркіленіп, бала-шағасымен жер аударылады. Содан бері Тотан байдан хабар жоқ. Бүкіл әулеті қуғынға түсті, 30-жылдардың аштығында қырылды. Байдың таудан суатқа құлағанда бүкіл жер көрінбейтін шұбарларының жайын сол уақытта ел басқарғандар ғана білді.

Ескеретін жайт, 1932 жылы Ақтөбе облысында Қандыағаш асылтұқымды жылқы зауыты құрылып, оның қорасына бір тектес алашұбарлар қамалғанда, білетін жұрт «Жарықтық Тотан байдың шұбарлары-ау» деп іштей күрсінген. Аза­мат соғысы кезінде Клим Ворошилов құрған атты әскер полктері танымал болғаны белгілі. Екінші дүниежүзілік соғыстың түтіні кеңес одағына жеткенде, сол тәжірибемен атты әскерлер құрамын асығыс жасақтауға көшті. Әсіресе омбы қарда, ақтүтек боран мен сықырлаған аяздарда әскери шептерді аралау үшін жылқылар командирлерге қажет еді. Ворошилов Ақтөбеге келген сапарында Қандыағаш жылқы зауытына келіп, шұбарларды көріп кетіпті. Артынша Тотан байдың жылқылары да майданға аттанды.

Үркіншілікке ұшырап, ішерге ас таба алмай тозған Тотан байдың әуле­тінен қалған жалғыз мұра – аудан­дық музейдегі қара қазанның сыры осын­дай. Ал Мұғалжардың баурайында ала­шұбар жылқылар бүгінде кез­дес­пейді.       

 

 Ақтөбе облысы