30 Қаңтар, 2015

Келешек негізі – ұлт саулығы

987 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
foto-rektora2Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Жеке медицинаның дамуына жағдай жасап, бұл бағытта да мемлекет жекеменшік әріптестігін  дамыту керек. Барлық дамыған әлемде медициналық қызметтердің айтарлықтай бөлігін жеке сектор көрсетеді. Біз жеке ауруханалар мен емханаларға тезірек көшуге жағдай туғызуға тиіспіз», деп денсаулық сақтау саласының бағдарлы тұғырнамасын жасау барысында жекешелендірудің тиімділігін атап өткен болатын. Осы мақсатта, Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданып, 2014-2016 жылдары жекешелендірілетін мемлекеттік және ұлттық компаниялардың, республикалық кәсіпорындардың тізіміне өткен жылы Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты да енді. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, 50 жылдан аса тарихы бар Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты дамудың жаңа сатысына қадам басып, Үкіметтің 2014 жылғы №501 қаулысымен «Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті» акционерлік қоғамы болып қайта тіркелді. Осындай елеулі өзгерістер барысында, Қазақстанда медицина мамандарының кәсіптік білімін жетілдіру қалай жүзеге асырылуда, келешекте, Елбасы пәрменімен, заман талабымен жүріп жатқан жекешелендіру қалай дамиды деген сұрақтар өте өзекті, мұндай маңызды мәселелерге денсаулық сақтау саласының маманы және ұйымдастырушы-оқытушы ретінде көзқарасымды білдіруді жөн санап отырмын. Бүгінгі күні Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті – институттың кешегі даңқын жаңғыртып, озық әдістер мен технологиялар трансфертін қамтамасыз ететін тиімді корпоративті басқару жүйесі бар, бәсекеге қабілетті мамандарды дайындайтын, денсаулық сақтау мамандарының үздіксіз кәсіби дамуының үйлестірушісі, әлемдік деңгейдегі білім беру орталығына айналуды мақсат тұтады. Осы орайда, Еуразиялық экономикалық одақ аясында, Ресейдің  дипломнан кейінгі білім жетілдіру медициналық академиясы мен Белорусияның дипломнан кейінгі білім жетілдіру медициналық академиясы басшылары өзара әріптестік қарым-қатынасты арттыру мақсатында биыл біздің университет қабырғасында бас қосқалы отыр. Еліміздегі үздіксіз кәсіптік дамудың бірнеше негізгі мәселелері бар. Олар біріншіден, білім бағдарламаларын лицензиялау мен аккредитациялаудың жоқтығы, үздіксіз кәсіптік даму көптеген мемлекеттік және жекеменшік провайдерлерінің реттелмеген нарығы, білім бағдарламалары сапасының тиімділігіне арналған мониторингтің жоқтығы. Осы мәселені шешу үшін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасында үздіксіз кәсіптік даму бағдарламаларын іске асыратын ұйымның қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын дайындау, үздіксіз кәсіптік дамудың білім бағдарламаларына сараптама жүргізу қарастырылған. Өз кезегінде, бұл мәселені шешу үшін университет «Қазақ медициналық үздіксіз кәсіптік дамудың материалдық және материалдық емес активтерінің өсімі» жобасын іске асыруды жос­парлап отыр. Екіншіден, үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес Қазақстан Республикасында үздіксіз кәсіптік дамудың әдіснамалық негіздерін жүргізу қажет. Бұл мәселені шешу үшін әлемнің үздіксіз кәсіптік дамуы бойынша жетекші агенттіктерімен ынтымақтастық қарым-қатынас орнату қажет. Бұл шаралар «Қазақ медициналық үздіксіз кәсіптік даму қызметінде білім беру саласындағы әлемнің ең үздік тәжірибе трансфері» жобасының негізінде жатыр. Үшіншіден, үздіксіз кәсіптік даму провайдерлері мен практикалық денсаулық сақтау арасындағы өзара қатынастың жеткіліксіздігі. Мұны шешу үшін тиімді өзара қатынасқа медицина кадрларына мониторинг жүргізу міндеті бар үздіксіз кәсіптік даму қажеттілігін анықтаудың кіретінін есте ұстау керек. Үлесті қамтамасыз ету және осы мәселені шешу  үшін «Клиникалық ресурстарды дамыту және Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін аймақтандыру» жобасын жүргізу жоспарланып отыр. Осы жобаға кеңесші ретінде М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы К.Хубиев арнайы шақырылды. Төртіншіден, үздіксіз кәсіптік даму провайдерлерінің ғылыми әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін практика трансферті үшін алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеулер мен қолдаудың жеткіліксіздігі. Осы орайда, «Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті қызметіне әлем ғылымындағы үздік практикаларының трансфері» жобасы жасалуда. Білім ордасының материалдық-техникалық базасы әкімшілік ғимараттан, оқу корпусынан, сто­ма­тологиялық клиникадан және жатақханадан тұрады. Дегенмен, жоспарлардың кеңеюіне байланысты бұл алаңдар жеткіліксіз. Сондықтан құны үш миллиард теңгеден асатын тоғыз қабатты білім орталығының инвест жоба-құрылысын салуды да жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, оқытушы-профес­сорлық әлеуетті арттыру үшін біз қазір әлемнің дамыған елдерінде кең қолданылатын халықаралық кеңесшілер институтын енгізуді және қызметкерлердің алыс шетелдерге тәжірибеден өтіп, ғылыми дәреже алуын жоспарлап отырмыз. Біз мамандарды оқыту бары­сында мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндіктерін де ескереміз. Ағымдағы жылдың шіл­де айынан бастап оқытушы-профес­сорлық қызметтің нәтижелігін жетілдіру үшін KPI енгіздік. Оқытушы-профессорлық құрамның жалақысына ай сайынғы ынталандыру компонентін енгізуге бағытталған бюджеттен тыс қаражаттан қаржыландыру үлесі артты. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру – резидентураның отыз бір мамандығымен және магистратураның үш мамандығымен жүзеге асырылып келеді. 2012 жылмен салыстырғанда білім алушылардың саны  резидентурада 33%-ға (470 адам), магистратурада 25%-ға (110 адам) артты. Жыл сайын орташа есеппен 11000 тыңдаушы қосымша білім алады және докторантура бөлімін ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Университеттің оқытушы-профессорлық құрамының көбі жоғары санатты мамандар. Олар жетпіс бір клиникалық базада жұмыс жасайды. Қазір университеттің әкімшілік-басқару қызметкерлері жиырма пайызға қысқартылып, есесіне оқытушы-профессорлар құрамы білікті мамандармен елу пайызға толықтырылып, күшейтіліп отыр. Осы үрдіс болашақта да өз жалғасын табады деген үміттеміз. Қазір кафедралар саны 46-дан 75-ке дейін өсті. Бұл өзгерістердің барлығы біздің университет қабырғасындағы білім сапасын барынша жетілдіріп, жақсарту үшін жасалуда. Біз Қазақстанның барлық өңірлерімен тығыз байланыс­та жұмыс жасаймыз. Бір жыл бұрын университет қолдауымен Қызылорда облысындағы денсаулық жағдайын зерделеу бойынша зерттеу жобасы іске асырылды. Келесі жылы нәтижесі белгілі болатын осы жобаға зор үміт артып отырмыз. Сонымен қатар, облыс әкімдігі жергілікті бюджет есебінен облыстың медицина қызметкерлерін оқыту үшін екі жылға 137 миллион теңге бөлді. Мысалы, 2014 жылы Қызылорда облысының 24 мамандық бойынша 1075 медицина қызметкерлерін, соның ішінде 1024 дәрігерлерді, 51 мейірбикелерді оқытып, біліктілігін арттыруға себепші болдық. Барлық 1075 адамды оқытуға Қызылорда облысынан бөлінген қаражаттан 75 000 000 теңге ғана жұмсалды. Дайындықтан өткен әрбір маманға орташа есеппен 67 мың теңгеден ғана шығып отыр. Бұл жобаның кереметтілігі, біздің университеттің профессорлары мен доценттері жергілікті жердің өзінде оқытады. Аудан орталықтарына дейін барып, шеберлік дәрістерін өткізеді. Бұл өңірлер үшін өте тиімді екені анық.  Яғни, біліктілігін көтергісі келетін мыңдаған адам жолға, тамақтануға, тұратын жеріне қаражат шығындап, қопарыла көшіп, әуре болмайды. Оларды оқытатын ондаған адам жергілікті жерлерге өздері барады. Бұл уақытты да, қаражатты да үнемдеуге көп көмек. Ең бастысы, адамдарға қолайлы. Біздің осы тәжірибеміз Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін аймақтандыру моделінің прототипіне айналды. Қазір еліміздің он екі аймағында өңірлік өкілдіктерді аштық, еліміздің медициналық жоғары оқу орындарымен әріптестік туралы меморандумдарға қол қойылды. Елбасы Н.Назарбаев «Біз бүгін – өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетпіз», деп атап өткендей, қазіргі таңда Қазақ елін әлемнің барлық мемлекеттері таниды, мойындайды, елде жүргізіліп отырған сындарлы саясатқа өте жоғары баға береді. Осындай ел мерейін арттыратын оқиғаларға өзіміз шетелдерде жиі куә боламыз. Атап айтар болсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еу­ропа бюросының ұйымдастыруы­мен  2013 жылғы 16-17 желтоқсанда Утрехт қаласында (Нидерланд) өткен «Белсенді және салауатты қарттық саласындағы ұлттық саясат мәселелері» мәжілісіне қатысып, әлемнің отыз төрт елінің ғалымдары бас қосқан келелі отырыста посткеңестік республикалар арасынан Қазақстан Республикасы атынан баяндама жасап, мәжілістің отырысына төрағалық еткен болатынмын. Еліміздің Тәуелсіздік күнімен сәйкес келген халықаралық жиын делегаттары Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Президент Н.Назарбаевтың нұрлы болашаққа бастаған сұңғыла саясатын, республиканың қарқынды дамып келе жатқанын айрықша атап өтіп, құттықтады. «Нұр Отан» партиясының «Атқарылған іс аз емес, бірге жалғастырамыз!» – деген қанатты сөзі қазіргі Қазақстан қоғамына өте дәл айтылған тұжырым. Оқу ордамызда «Нұр Отан» партиясының мүшелерінің санын арттыруға жұмыстар жүргізілуде, алдағы уақытта партия мүшелерінің санын 60-тан 200-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Елімізде осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарға, жеткен жетістіктерге, қазіргі әлемдік ынтымақтастық пен жаһандану тұрғысынан жаңаша келіп, жаңа заман, жаңа Қазақстан талаптарына сай қоғамдық құрылымның кез келген саласында, оның ішінде медициналық білім беру мен үздіксіз кәсіптік дамуда үлкен биіктер межесінен көрінуге аянбай еңбек етуге барлық мүмкіндіктер жасалып отыр. Халқымызда «арман адастырмайды» деген қанатты сөз бар. Жаңа Қазақстанның Жаңа Экономикалық Саясаты аясында, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің де әлемнің жоғары оқу орындарымен теңесетін күндері де алыс емес. Қазір әлемде болып жатқан оқиғалар біздің Президентіміз жүр­гізіп отырған саясаттың дұ­рыс­тығын дәлелдеді. Біздің ел көп жұрттың басына келген нәубеттерден айналып өтті. Қате жолға түскен жоқ. Тоқсаныншы жылдардың қиын­дығынан, екі мыңыншы жылдардың ақша айырбасталған кезеңдерінен, одан кейінгі халық табиғи апат күткен үрейлі уақыттардан да аман-есен, сау­атты шыға білді. Ең қиын, үмітінен күдігі басым жылдар артта қалды. Қанша мемлекеттер алмағайып сәттерден аса алмағаны бәрімізге аян. Елі сенген Елбасы Қазақ елін жаңа асулардан әлі де алып өте береді деп сенемін. Ғалымжан ТОҒЫЗБАЕВ, медицина ғылымдарының докторы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің ректоры. АЛМАТЫ.