Жоба • 09 Қараша, 2024

«Ауыл аманаты» қалай жүзеге асып жатыр?

112 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Тама­ра Дүйсенова Қара­ған­ды облысында мем­лекеттік бағдарла­малардың іске асырылуымен танысты. Сапар аясында Президент тапсырмаларын іске асыру барысын саралап, бірқатар әлеу­меттік нысанды аралады.

«Ауыл аманаты» қалай жүзеге асып жатыр?

Вице-премьердің жұмыс сапары Бұқар жырау ауданының Самарқанд ауылынан басталды. Мұнда қазір «Ауылда ден­саулық сақтауды жаңғырту» ұлт­тық жобасы бойынша дәрі­герлік амбулаторияның құры­лысы аяқталуға жақын. Бұ­рынғы ғимарат өртеніп, дәрі­герлер қазір науқастарды бейім­делген орында қабылдап жатыр. Медициналық мекемеге Самарқандтың 1,3 мың тұрғыны және жақын маңдағы төрт ауыл тіркелген.

«Бізге жаңа ғимарат салып бергеніне барлық тұр­ғын қуанышты. Мұнда про­це­дуралық кабинет, зертхана жұмыс істейді. Физиотера­пиялық ем мен иммунопрофилактика жүргізіледі. Дәріхана қоймасы да болады. Яғни азаматтар өздеріне тиесілі тегін дәрі алу үшін енді қалаға немесе ауданға сабылмайды», деді медбике Әсем Жаудина.

Медициналық мекеме 1 300 адамға қызмет көрсетеді. Са­марқанд ауылы мен жақын маң­дағы тағы 4 ауылдың тұрғыны енді осы мекемеге келе алады. Жалпы, Қарағанды облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында 92 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 14 нысан 2023 жылы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 27 нысан ашылады. Қалғандары келесі жылы бітуге тиіс. Бұл Мем­лекет басшысының тапсыр­масына сәйкес ауыл тұрғын­дарын қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекпен қам­тамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып жатыр.

Сондай-ақ Тамара Дүйсе­нова «Ауыл аманаты» бағдар­ламасының іске асырылу барысымен танысты. Мемлекет басшысы Жолдауда оның тиім­ділігін жоғары бағалаған бола­тын. Бағдарлама ауыл тұрғын­дарының кірісін арттыруға және жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына Петровка ауылында мал өсіретін кәсіпкер Темірлан Қанатов та қосылды. Жас кәсіпкер ауылда өз ісін дамытуды көздейді. Жеңілдетілген несие рәсімдеп, 11 сауын сиырды сатып алған. Сауылған сүтті жергілікті кәсіпорындардың біріне өңдеуге өткізіп отыр.

«Ауыл тұрғындары үшін осындай бағдарлама болғаны тиімді. Бізде өз ісімізді ашуға мүмкіндік бар. Ең бастысы – өнімді өткізу жолының жүйесін қалыптастырды. Бізде бәрі жақсы, ешқандай проблема жоқ. Барлық сүтті өткізіп отырмыз. Ал түскен қаражатқа малға жемшөп сатып алдым, электр қуаты үшін төледім, малды қыстатуға орын дайындадым. Болашақта кәсібімді дамытып, сүт өңдеу мен сүт өнімдерін өндіру цехын ашқым келеді», дейді Т.Қанатов.

Ботақара кентінің тұрғы­ны Андрей Степаненко кәсіп­керлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алған. Көлік жөндеу орталығы үшін қажетті құрал-жабдық сатып алыпты. Бұрын жұмыссыз болған және екінші топтағы мүгедектігі бар. Қазір ол тек өзін жұмыспен қамтып қана қоймай, екі ауылдасына табыс көзін тауып берді. Алдағы уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Премьер-министрдің орын­ба­сары өңір басшысы Ер­ма­ған­бет Бөлекпаевпен бірге «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру бойынша кеңес өткізді. Оған облыстың аудан және ауылдық округ әкім­дері қатысты. Бағдарламаның республикалық мониторингі­нің нәтижесі баяндалып, басқа облыстарда жүзеге асырылған үздік жобалар үлгі ретінде таныстырылды. Аймақ басшысы Е.Бөлекпаев жоба­ның ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие екеніне тоқталды. Былтыр 456 шағын несие берілген. Оның көпшілігі жеке қосалқы шаруашылық иелеріне арналған. 639 жұмыс орны ашылып, 62 ауылшаруа­шылық кооперативі құрылды. Кеңес барысында екі ірі кә­сіпорын – «Kazakhmys» және «Qarmet» компаниялары­мен меморандумға қол қойыл­ды. Олар қызметкерлерін тамақ­тандыру үшін жергілікті өнімді сатып алмақ.

«Президенттің тапсырмасымен біз «Ауыл аманаты» жо­басының аймақтарда қалай жү­зеге асырылып жатқанына мониторинг жүргіздік. Қара­ғанды облысында берілген несиенің арқасында өз кәсіп­терін ашқан жандармен кез­дестік. Өндірісті кеңейтуді жос­парлап отырған олар осындай мүмкіндік үшін ризашылық білдіріп жатыр. Негізгі міндет­тердің бірі – өнімді сатуды ұйымдастыру. Осы мақсатта бүгін меморандумдарға қол қойылды. Бұл екі компанияда 63 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Ал жұмысшыларды тамақтандыруға жұмсалатын шығын 10 млрд теңгеден асады. Меморандум нақты нәти­же беруі керек. Бұл ірі кәсіп­орындарға өңірдің экономикасына үлес қосуға мол мүмкіндік. Ал ауыл тұрғындары өзінің стан­дарттарға сай келетін өнімдерін сата алады», деп түсіндірді Та­мара Дүйсенова.

Ол ауыл әкімдерінің міндеті мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпаратты әр тұрғынға жеткізу екенін атап өтті.

Вице-премьер сондай-ақ спортты дамыту мәселелері бо­йынша Қарағанды облысын­дағы спорт ұйымдары мен ба­л­алар-жасөспірімдер мек­теп­терінің басшыларымен кеңес өткізді. Туризм және спорт вице-министрі Серік Жа­расбаев жоспарланған өзге­ріс­тер туралы баяндады. Спорт­тық қауымдастық балалар мен жасөспірімдерге арнал­ған спорт мектептерін қаржы­ландыруға арналған жан басына шаққандағы нормативті енгізу туралы өз ұсыныстарын білдірді. Келесі жылдан бастап бұл норма қанатқақты жоба ретінде, оның ішінде Теміртау қаласында да сынақтан өткізіледі.

Т.Дүйсенова айтылған пікір­лер мен ұсыныстарды арнайы құрылған жұмыс тобы мұқият қарайтынын атап өтті.