30 Сәуір, 2015

Елбасы жеңісі – халықтың жеңісі

722 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Пірәлиев2015 жылғы 26 сәуірде өткен кезектен тыс президенттік сайлауда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайлаушылардың аса басым дауысын алып, ірі жеңіске жетті. Бұл Елбасының ғана емес, оның тілекшісі болған Қазақстан халқының жеңісі деп білемін. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаевелі сүйген, елін сүйген, халықтың сеніміне, ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленген Мемлекет басшысы. Қай халықтың болса да болашағы басшысына байланысты екені белгілі. Бұл ретте, Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясаты Қазақстан халқын жарқын болашаққа бастап келеді. Елдің көшін алға сүйреп, әлемдік қоғамдастықтағы әлеуеті зор елге айналдыруда Елбасының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Құрамына түрлі этнос өкілдері кіретін халықты қазақ жерінде бірлік пен ынтымақта ұстап, береке тұнған құтты мекенге айналдырды. Өзінің дана саясаткерлігімен Қазақстанды әлем жұртшылығына таныта білді. Мемлекетті халықаралық аренада жоғары дәрежеге көтерді. Нұрсұлтан Назарбаев – халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған жанашыры, тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға, экономиканы қарқынды дамыту мен халқының әл-ауқатын арттыруда айрықша табыстарға қол жеткізген кемел Көшбасшы. Ол бабаларымыздан келе жатқан ұлы арман – тәуелсіздігімізді орнықтыру жолындағы қиын белестерден халқын аман алып өтіп, тарих төрінен өзіндік қолтаңбасымен көрінген кемеңгер Мемлекет басшысы. Тәуелсіздік жариялаған кезеңде мемлекет құлдырау шегінде тұрған. Елдің өз алдына түтінін түтетіп, аяғынан тұрып кететініне сенімсіздік білдіргендердің саны көп болатын. «Қазақстан өз бетінше күн көре алмайды» дегенді ашық айтатын «көріпкел» саясаткерлер де болды. Н.Назарбаевтың сара саясатының, қажырлы қайратының арқасында сол күмән-күдіктің бәрін жеңіп, бүгінде болашағы жарқын мемлекеттердің біріне айналдық. Орталық Азиядағы көшбасшы ел ретінде танылдық. Әлемнің ең алып мемлекеттері бізбен санасатын болды. Жиырма жылдан сәл асатын уақытта жас Қазақстан тыныштық пен тұрақтылық берік орнаған жерұйық мекенге айналды. Орталық Азиядағы көшбасшы ел ретінде танылдық. Әлемнің ең алып мемлекеттері бізбен санасатын болды. Жас Қазақстан тыныштық пен тұрақтылық берік орнаған жерұйық мекенге айналды. Республиканың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Халықтың тұрмыс-тіршілігі ауыз толтыра айтарлықтай өзгерді. Тәуелсіздіктің туын көтерген Елбасы еліміздің тамырына нәр беріп, қажымай-талмай халқын алға бастап келеді. Елімізді бәсекеге қабілетті, қай салада болса да мойны озық дамушы елдердің санатына қосуды мақсат еткен Тұңғыш Президентіміз осы жолда аянбай тер төгуде. Әлемді шарпыған қаржылық-экономикалық дағдарысты дүниежүзінде елдің алды болып еңсеріп келеміз. Индустриялық-инновациялық дамудың он жылдық жоспарын жүзеге асырдық. Дүниенің алпауыт мемлекеттері құрметтейтін аса беделді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық еттік. Елбасы өзінің озық ойлы, өміршең қағида, ұстанымдарымен, әділ де турашыл мінезімен құрметке бөленген жан екеніне бәріміз де куәміз. Оның бір ғана дәлелі, Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен жаппай қырып-жоятын қару-жарақтарды қысқартып, оған кететін қаражатты ауру-сырқау, жағдайы төмендерді емдетуге, нәрлендіруге беру жайлы ұсыныс айтып, зор қошемет пен үлкен қолдауға ие болғаны. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының жалпы адамзат қауымына деген ықыласын, мейрімділігі мен жанашырлығын танытатын адами қасиеттерінің бірі ғана. Президент Н.Назарбаев халық­ты мыңжылдықтар ауысып, ғасыр­лар тоғысқан алмағайып заманда бейбітшілік пен тыныштықта, ынтымақтастық пен татулықта ұстап тұруы еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап басты нысанасы етті. Соның арқасында осы тұста тәуелсіздік алып, түрлі қақтығыстарға килігіп қалған басқа елдердей емес, Қазақстан бірден бейбіт даму даңғылына түсті. Елбасы ел ішіндегі өзара түсіністік пен тұрақтылықты сақтаумен қатар, аймақтық текетірестерді болдырмауда үлкен қажыр-қайрат көрсетті, өнеге боларлық үлгілі саясат ұстануда. Білім мен тәрбие – егіз, екеуі қарлығаштың қос қанатындай. Адамгершілік құндылықтар осы екеуі арқылы қалыптасады. Осыны ескерген Елбасы білім мен ғылымның, ұлттық тәрбиенің дамуына айрықша мән беріп, халқымыздың бәсекеге қабілетті ұрпағын тәрбиелеуді қолға алды. Мемлекеттің, халықтың болашағы жастарда екенін қаперінде ұстап, жыл сайын мыңдаған жасты өз бастамсымен қолға алынған республикалық «Болашақ» бағдарламасы бойынша алыс-жақын шетелдерге оқуға жіберіп отырады. Тұңғыш Президенттің ел жас­тарын әлемдік ең озық  оқу орындарына жіберіп оқытуы, тәрбиелеуі, өз елімізде білім алушы басқа жастардың да заманауи технологияларды меңгеруіне, ғылым-білімнің соңғы жетістіктерімен сусындауына жағдай жасауы  ел ертеңін ойлаған көрегендігі еді. Бұл біздің ілгері қарай дамуымыздың шешуші факторына айналды. Сонымен бірге, жас буынның бойында өркендеген Қазақстанды орнатуға деген құштарлық пен сенім ұялатты. Елбасының талапты жастарға қолдау көрсетіп, жалпы білім саласына ерекше назар аударатыны күнделікті бәріміз көріп, қанық болып жүрген жайт. Талапты жастарды оқытып, елімізге пайдалы мамандарды тәрбиелеуге назар аударып отыр. Бір жағынан, мұны Мемлекет басшысының жастарға артып отырған сенімі деп білген абзал. Мемлекеттің қамқорлығымен ең беделді оқу орындарында оқып жатқан ұл-қыздарымыз осыны ескеруге тиіс. «Халқымыз дарынды ұлға, талантты қызға қай заманда да кенде болмаған. Олардың бәрі де халқымыздың тарихында өшпес із қалдырып, аспанымызда шоқжұлдыздай жарқырап тұр. «...Ендігі кезекте алған білімдеріңізді туған елдеріңіздің кәдесіне жаратып, мемлекет артқан үмітті ақтаңыздар. Қазақстанның жарқын болашағы жолында аянбай еңбек ететіндеріңізге мен сенімдімін», – деп еді Елбасы білімді жастарға арнаған бір сөзінде. Елбасы егемен еліміздің болашақ азаматтарын өркениетті өзге халық­тардан кем болмасын, солармен терезесі тең болсын деп оқытып отыр. Бұл өз кезегінде жастарға деген үміттің кө­рінісі. Жастарды туған елінің мәртебесінің биік, абыройының асқақ, ар-намысының жоғары болуы үшін жақсы білім алып, адал еңбек етуге шақырады. Президент ел жастарының ашық демократиялық қоғам құндылықтары негізінде тәрбиеленгенін қалайды. Өз Отанының патриоты болғанын, әлемдік қоғамдастықтың талаптарына сай келетін жоғары білікті, білімді бәсекеге қабілетті  маман болғанын тілейді. Бар құндылықтарымызды игерген, мемлекетіміздегі бірлік пен елдікті нығайтуға, елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге қабілетті жастарды тәрбиелеуді назарына алып отыр. Сондай-ақ, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы халықтың рухани өрлеуіне серпін беріп, жастардың ұлттық құндылықтарына қанық болып өсуіне мүмкіндік тудыруда. Халқымызды кезінде тағдыр тауқыметімен айырылып қалған рухани қазынасымен қайта қауыштыруда және елімізді әлемге танытуда «Мәдени мұра» бағдарламасының маңызы зор. Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің басын қосып, ислам, христиан, йудаизм, буддизм бағытын ұстанушыларды бір дастарқан басында жинап, қол алыстырған, бейбітшілікке үндеген бірден-бір адам – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Дінбасылардың Астана қаласындағы жиыны дәстүрге айналып, тұрақты өткізіліп келеді. Бұған дейін әлі ешкім бұл істі осынша сәтті ұйымдастыра алған емес. Бұл дүние-жүзі халқын бейбітшілікке шақырудың бір-бірімен жауласпай, сыйластықта өмір сүруге үндеудің негізі. Осы тәрізді игі бастамаларымен Нұрсұлтан Әбішұлы халықаралық деңгейде зор құрметке бөленді. Қазақстанның ішкі тұрақтылығына әлемнің көзін жеткізе білді. Халқымыздың мерейін тасытып, абыройын асқақтатты. Еліміздегі жарасымды татулық пен берік орнаған бірлікті өзгеге өнеге етіп көрсетті. Мемлекет басшысы ел ертеңі – балалардың өз заманындағы озық ойлы азамат болуына баса мән беріп келеді. Елдегі білім ошақтарының саны мен сапасының артуына барлық жағдайды жасап отыр. Мәселен, егемендік алған тұста қазақ тілді балабақшалар мен мектептер өте аз болатын. Қазір олардың саны айтарлықтай көбейген. Білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасының нығаюына көңіл бөлінді. Ауыл мектептерін қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл мектебі» бағдарламасы, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы нәтижелі іске асты. Жоғары оқу орындарының жаңа корпустары мен жатақханалары салынды. Осындай жан сүйсіндірер істері арқылы жастарға қамқорлық көрсетіп келеді. Халқына адалдық, жерін сүю – адамдық борыш болуға тиісті қағидалар. Президент Н.Назарбаевтың бойындағы осындай биік адамгершілік қасиеттерді жастар үлгі тұтуға тиіс. Елбасының әрбір ісінен өнеге алуымыз керек. Сонда ғана елдің келешегіне, мемлекеттің болашағына сеніммен қарайтын, Елбасының ағалық үмітін алға апаратын және сара саясатын жалғастыра алатын білімді де, білікті, парасатты ұрпақ қалыптаса алады. Адам өмірі қилы белестерден, қилы асулардан тұрады. Сол асуларды еңбегімен еңсеріп, жоғары білім мен біліктің, биік парасат пен пайымның, елім деп соққан жүректің арқасында қарапайым шойын құюшыдан Мемлекет басшысына дейін өскен Нұр-ағаның өмірлік тәжірибесінен алар тәлім мол. Нұрсұлтан Әбішұлының халқын сүйгендігі, салиқалы саясаткерлігі тоталитарлық жүйеден күйреп шыққан Қазақстанды ширек ғасырда төрткүл дүние түгел қызыға қарайтын қарқынды дамушы және болашағы зор мемлекетке айналдырды десек, артық айтқандық емес. Елбасының бастаған әрбір ісі жастарға үлгі-өнеге боларлықтай. Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқатын жақсарту, аурулардың алдын алу, саламатты өмір салтын ынталандыру барысында халықты дене тәрбиесімен айналысуға, дұрыс тамақтануға үндейтін, есірткіден, темекіден, ішімдіктен аулақ болып, тазалық шараларын сақтауды насихаттайтын пәрменді іс-шаралар жүргізіп отыруы жастардың келешекте кемел адам болып қалыптасуын көздегені. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегені бар. Біз болашақ ұрпақтың елдік рухы мықты болсын десек, оларды рухани мәдениет уызына жарытып өсіруге тиіспіз. Мемлекетшілдік, ерлік, бірлік, татулық ұғымдарын бала санасына жастайынан сіңіруіміз қажет. Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде: «Біз өзіміздің балаларымызды, жастарымызды өзгелерді тыңдауға және түсінуге, басқа ұлттардың тілі мен ділін, салт-дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеуіміз керек. Онсыз қазіргідей жаһандану дәуірінде ешқандай жетістікке жете алмаймыз. Қазақстан жастары өз елінің патриоты болулары керек. Түрлі экстремистік сипаттағы «көз бояушылықтарға» қарсы тұрар иммунитеттерін күшейтулері қажет», – деп еді. Елбасы Н.Назарбаев – күллі адамзат дүниесінің бейбітшілігі мен татулығын, өз халқының тұрақтылығы мен тұтастығын көксеген заман­ жаршысы, халық тәрбиешісі. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан сүрінбей, үлкен абыроймен өткен көреген көсемнің кемеңгерлігі мен даналығы тарихымыздың бұдан кейінгі кезең­дерінде ұрпақтан ұрпаққа тарала беретініне еш күмән жоқ. Қабырғалы қалың елдің еңсесін көтеріп, есесін қайтарып, халқымыздың бүгінгі дәрежеге жетуіне күш салған Елбасы жайлы қалай айтсақ та жарасады. Ал оның сәуірдегі сайлауда ірі жеңіске жетуі Қазақстан халқын қанаттандыра түсті. Серік ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық  педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі.