Зерде • 12 Қараша, 2024

АБЫЗ

217 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Аса көрнекті академик, қоғам қай­раткері, ұлт жанашыры Әбдуәли Туғанбайұлының өне­гелі өмірі мен ғылымдағы ғибра­ты туралы қан­ша­ма жазылс­а да, екінің бі­рі біле бермейтін, бірақ ұрпақ­та­ры білуге тиіс беймәлім қыр­ла­ры да аз емес екенін айта кеткен жөн.

АБЫЗ

Ол тәуелсіздіктен екі жыл бұрын 1989 жылы «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын» деп, осы ұранмен мылтықсыз майданда «Қазақ тілі» қоғамын құру үшін күресті. Академиктің «қазақ тілінің мәні де, сәні де тек қазақ топырағында ғана бағаланбақшы» деген сөзі уақыт өткен сайын бедерленіп, күн тәртібіндегі талас-тартыстың тұғырынан әлі түскен жоқ.

Майданға барды, медальдардан басқа, III дәрежелі «Даңқ», «Қызыл жұлдыз», I дә­режелі «Отан соғысы» ордендерімен оқ пен оттан аман-сау оралды. Одан кейін туған тілінің тауқыметі бар, басқа да мыл­тық­сыз майданда жүрді. Бірақ соған қа­ра­мас­­тан, өзі айтатындай, «сұлу торы аттай» бо­лып әдемі ғұмыр сүрді. «Осыншама ғұ­мы­рымда біреумен бет жыртысып, «жұрт көзіне көріне айтқан» кездерім бол­ған жоқ-ау... Жақсылармен тіл табысу – ол да бір ғанибет іс, жамандардан іргемді аулақ салдым. Осының өзі де «сұлу торы аттың» бейнесін елестетеді емес пе?» дегені бар еді.

Соғыстан кейін КазМУ-дың филология факультетінен басталған туған тіліне деген құрмет, мамандыққа деген адалдық және ғылымға деген қабілет пен құштарлық академик өмірінің темірқазығына айналды. Заңғар жазушы Ә.Кекілбай бір сөзінде Әбекеңді «осы күннің Байтұрсынұлы» деп бағалағаны бар.

Абыз сөзі әйтеуір бір үлкендікке, ұлылыққа жайдан-жай тели салатын сөз емес екендігі түрлі қолданыс ауқымынан аңғарылады. Мәселен, шешендік өнер дарыған, тура би болған, халқына қадірі өте күшті, атағы рудан асып, бүкіл қазағына жайылған адамдар бар. Міне, елге, ұлтына сіңірген еңбегіне қарай халқы қастерлеп, академик Әбдуәли Туғанбайұлын «ана тілі абызы» дейді. Осыған байланысты ол: «Абыз» деген теңеуді газеттен оқығанда өзім ыңғайсызданып қалдым. Қазақ қауымында өте биік мағына беретінін «абыздықты» атқару – ұлы міндет. Бұл міндетті өмірімнің соңына дейін адал атқардым» дегені еді.

Әбдуәли Туғанбайұлы Ә.Марғұлан, А.Нүсіпбеков, Ғ.Мүсірепов, С.Зиманов, І.Кеңесбаев, т.б. академиктер дауыс беріп сайлаған академик атанды. Бұл атақ бұрынғы істеген еңбегінен гөрі, болашақта істеуге тиісті еңбектері үшін берілді деп түсінді. Ғылымға келген 1951 жылдан бас­тап, өмірінің соңына дейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы институтта 59 жыл­дай үзбей еңбек етті. «Ондағы әр алуан ұжыммен бірге бір есіктен кіріп, бір есіктен шығу бір ауамен демалу, бір судан дәм тату – айтуға оңай, бірақ орындау соншалықты оңай емес. Мен соны орындап келемін» деген-ді.

Биыл А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында Әбекеңнің замандасы, құрдасы академик Рәбиға Сыздық апайдың да 100 жылдығы. Олар академик атанбай тұрып-ақ, ғылымның Хан Тәңірі шыңын бағындырғандар. Ғалым үшін уақыт – ғылымның да өлшемі. Жалпы, ғылымда жүрген жан ғалымдық форма, жұмыс стилі деген қалыптан бір сәт адаспау керек. Олардың бір нәрсе оқымай, жазбай қалған күндері болған емес деген ойдамын.

 

*  *  *

Академиктің өмірбаяндық «Ғылымдағы ғұмыр» (2000) деген кітабы бар. Онда былай дейді: «Адам өмірге келгенде, қолдан келгенінше оны өзгертуге тырысады. Тірліктің барлығы осы әрекетімен өлшенеді. Бұл бір адамға артылатын «қарыз» бен «парыз». Бір ортада тіршілік етуші үлкен-кішілер – бір-біріне замандас, қаламдас, әріптес, тағдырлас, ұжымдас, сыйлас адамдар. Құрметті ағаларым, сый­лас інілерімнен кезінде маған істеген игі жақсы істері мен тигізген шарапатын, қамқорлығын көрдім. Өзім де шамам келгенше солай болуға тырыстым. «Ат мінгізіп, шапан жаппасаң да» өзгеден көрген жақсылығыңды қалай қайтарасың? Бір-біріне жақсылық жасау – парыз. Ал соны бағалау – игілік парызы, игіліктің өтемі дер едім. Әріптесіңнің қызметтегі болсын, ғылымдағы болсын, жеткен жетістігіне қуан, шыққан кітабы болса пікір білдір, жарияла, көпшілікке таныс­тыр. Ал парыздың осы бір түрі кейінгі кезде көзге де қораш, көңілге де оғаш, басқа бір «өтем» пайда болды. «Сен – маған, мен саған» деген. Мүмкін болғанша, ол «игілікті өтем» ретінде орындалу керек. «Өтемді» әр азаматтың еліне, халқына, өзі өмір сүрген қауымына, дос-жарандарына қалтқысыз жасаған еңбегі, ісі деп түсінемін». Осы «игілік парызы» меніңше, адамдар қарым-қатынасындағы ерекше адамгершілік құндылығы болу керек».

Қазір осы ерекше адамгершілік құнды­лығының өлшемі не болып кетті? Бүгін көріп, араласып жүрген адам­дарымыздың жүректегі мейірімі азай­ған,­ өзімшіл сезімі сөйлеген сөзі мен ісінен «бұрқырап» тұрады. Әріптесінің, ұжым­да­сының шыққан биігі мен талпынысын көре алмау, қызғаныш жалынымен шарпып жүру осы күнгі мен мұндалаған көрініс болды.

 

*  *  *

75 жылдық мерейтойында көпшілік алдында мандолин аспабында сыңғырлатып ойнағанын көріп, өнердің кені академик Әбекеңде екен ғой деп таңдай қақтық. «Жан дүнием әсерлі өлеңді жақсы көреді. Мандолинада ойнау мен үшін ми тынық­тыратын тәсіл ғой деп аяқтады». Осы тұста нейроғылымымен шұғылданатын, психолингвист Т.В.Черниговскаяның «Музыка және ми» деген дәрісінде «тілге қарағанда музыка мида көбірек орын алады. Музыка ми қызметін басқа режімге көтереді және жаңа нейрондар қалыптасуына ықпал етеді, әрі адамдардың есте сақтау қызметін жақсартады» дейді. Жалпы, көп жасаған аға-апаларымыздың өмір сүру әдебінде ми тынықтыратын хобби тірліктері назар аудартады. Олардың ұзақ жасауына, сірә, осындай өздері үшін қарапайым, сырт көзге таңғаларлық әрі сүйсінерлік қызық әркеттері себеп болады деп ойлаймын. Үлгі өнеге мен берекелі ғұмыр иелерінің өзіндік ой-ұстанымдары шынында да айналасына рухани өмірдің айрықша келбетін көрсетеді. Оларда алдымен ортасына сыйлы ететін көркем мінез, ешкімге міндетсін­бей істейтін адал әрі нәтижелі еңбек, жеке ба­сының дүниетанымы мен болмысын биіктететін, тіршілігінің өзіне ғана тиесілі әр саладан алған кемел жетістіктер бар.

 

*  *  *

Адам болған соң өзгелерден ерекше­лейтін әйтеуір бір қызығушылық болады. Әбдуәли ағай суретті жақсы салатын. Тіпті кейбір кітаптарының мазмұнын суретпен қоса түсіндіріп, өзі көркемдегенін көргенбіз. Айтуына қарағанда, сурет салатын өнерін дамыта алмаған. Университетте оқып жүргенде Т.Кәкішев, З.Қабдолов, т.б. бір топ студент бірлесіп шығаратын қабырға газеті «Жас қаламды» көркемдік жағынан әспеттеу курстасы Ә.Қайдардың мойнына жүктелген екен. Осы газет қала бойынша бірінші орынға ие болып, фотоға түскен суреттерін ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішев, бірде «мына суретті ағаңа апарып бер», деп маған тапсырған-ды. Әбдуәли ағай бұл сурет жөнінде: «КазГУ-да 5-курста оқып жүрген кезімде осы өнерім жанданып, Алматыдағы суретшілер училищесіне түстім. Ол үшін КазГУ-дағы құжаттарым арасынан 10 сыныпты бітірген куәлігімді ебін тауып сұрап алған едім. Ақша табудың Алматының фотографиялық студияларынан сұрап алып, «винетканың» бәрін мен жасаушы едім. Сонымен ақша табу әрекеті, 5-курстың емтихандары мен дип­лом жұмысы, бәрі қабаттасып, училищені 2-курстан тастауға мәжбүрледі. Менің бұл өне­рімді газеттерге де жазды. Ол «хоббиден» күр­делірек нәрсе еді. Осы күнге дейін бұл өнер­ді ұмытқам жоқ» деп, қимастығын айтты.

 

*  *  *

Кезінде ғылымда тағдырлас, ғұмырда сапарлас болған әр ел, әр жерде акаде­мик­тің ғалым әріптестері көп болды. Азаматтық тұғыры биік, бөлек бітімді ғажап жандар. Олар да сексен асып, тіпті тоқсанды алқымдап қалғандар еді. Бір-екеуімен пікірлесудің сәті түсті. Профессор Гың Шымин Қытайдың Бейжің Ұлттар университетінде әлі сабақ беріп жүрген кезі еді. Көне түркі ескерткіштері туралы зерттеген түрколог ғалым. «Қазіргі заман қазақ тілі», «Қазақ жазуы» сияқты қытай тілінде жазған оқулық кітаптары бар. Сол профессор қазақ академигі Әбекең туралы ерекше ілтипатпен әңгіме айтқанда ханзулықтар да елең етіп, қызыға тыңдады. Сонау Бейжің университетінде қазақ ғалымына деген сүйсіну, құрметтеу сезімі тыңдаған адамға айрықша әсер етеді екен. Біз де мақтанып, көңіліміз шалқып қалды. Ал татар академигі Мирфатих Закиев Қазанда болған конференцияда академиктің соңғы кітаптарын ағайдың қолтаңбасымен апарып сыйлағанымызда, Әбекеңді досым деп, көптен бері көрмегенін айтты. «Жас келді, енді жол қашық» деп, сағынышын сәлеміне орап жеткізіп еді.

Академик өзін екі тілдің маманымын деп есептейді. Қазақ тілі – өз ана тілі де, ұйғыр тілі – туыс халықтардың бірінің тілі. Әбекеңе жас кезінен бастап Шелек, Еңбекшіқазақ аудандарының қыстақтарында тұруға тура келді. Өзі теңдес балалармен бірге ойнап жүріп, ұйғыр тілін үйренген. Ұйғыр тілі есейген соң мамандығына айналған. Түркология саласындағы өмірінің 25 жылы осы ғылымды зерттеуге арналды, тіпті алғашқы зерттеушілерінің бірі болып қалғанына еңбектері куә.

Тіл білімі институтында мамандармен бірге отырып, ұйғыр тілі бойынша бірнеше (8, 9, 10-сыныптар үшін) тіл оқулығын, монографиялар, жинақтар жазуға тура келді. «Һазирқи заман уйғур тили грамматикасы» атты ұжым болып жазған 2 томдық кітабы СУАР-да (ҚХР) жоғары бағаланып, араб жазуымен қайта басылып, қытайшаға аударылып, оқулық ретінде қайыра жарық көрді. Ол қазір Шыңжаңда ұйғырша оқып жүрген балаларға арналған оқу құралы. Бейжіңдегі Ұлттар университетінің (Минзу) қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне дәріс оқуға барғанымда сондағы әріптестермен қазақ тілі білімі, жаңа бағыттары және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­титуты туралы әңгіме болғанда, әрине, ондағы корифейлер туралы пікірлесеміз. Өзіміз шәкірті болған соң тіл ұшына жасы 90-нан асқан академик Ә.Қайдар оралатыны заңдылық. Сонда қытай түркологі, қазір Германияның Гумбольд университетінің профессоры (Berlin-Brandenburg Academy of Sciences and Humanities, Turfan studies, Faculty Member) Әбдурашид Якуб: «Ол академик ағай әлі бар ма, тірі ме? Мен бала кезімде мектепте сол кісі жазған ұйғыр тілі оқулықтарымен оқыдым ғой», деп, таңданғанын жасыра алмай, ерекше құрметпен еске алды. Кешікпей сол Минзудың 3-4 профессоры Алматыға академикке арнайы сәлем беруге келіп, дидарласып, суретке түсіп, пікір алысып қайтты.

 

*  *  *

«Ат тұяғын тай басар» демекші, өнегелі істің басшысы болған ел ағаларының жасы ұлғая келе, соңына қарап, артымнан ізімді басар жан бар ма деп ойлануы өмір заңдылығы. Кезінде жеке шауып, бәйге ала берген өзімшілдердің соңынан ілесетін шәкірті де болмайды. Алдымнан артым жарық болсын деген тілекпен орныңды басар, ісіңді жалғастыратын «тайдың шап­қылап» келе жатқаны қандай абзал. Ғылымдағы ісін жалғастырған шәкірттері де баршылық. «Аттың шабысы аяқ алысынан белгілі» дейді ғой қазақ. Құдайға шүкір, академик даярлаған ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары бір қауым. Академик жетекшілігімен 80 шамалы шәкірт-кандидаттар мен докторлар қорғап, ғылыми дәреже алған.

50-ден астам жеке кітап (монография, оқулық, жинақ, сөздік, кітапша, т.б), ірілі-кішілі мақалалары (450-дей) қаншама... «Өзім тәрбиелеген шәкірттерімнің біра­зында еңбексүйгіштік қабілет болса, біразында ғылымға деген қабілет басым. Екеуі де керек нәрсе, бірақ екеуіне де тұ­рақтылық, бірізділік қажет. Менің қолдай­тыным осы қасиет» деп еді бір сөзінде.

Ә.Қайдар Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында 1954-1995 жылдары 40 жылдан астам әкімшілік жұмыста болды. 14 жыл директордың ғылым жөніндегі орынбасары, содан кейін 22 жыл 1995 жылға дейін институт директоры қызметін атақарды. Осы қызметіне байланысты жер жүзіндегі біраз елдердегі түркітану ғылымы саласында қызмет атқарып жүрген ғалымдармен араласқан, ғылыми ортақ проблемаларды бірге атқарған. Америкалық ғалымдар Дерфермен, Илза Циртаутаспен, ағыл­­шын ғалымы Клаусонмен, неміс ғалымы Анна Мария фон Габенмен, швед ұйғыртанушы Гуннар Ярингпен, Қытай ғалымы Гың Шыминмен, мәскеулік ғалым Севортян, Н.К.Дмитриев, Н.А.Баскаков, Д.Насилов, т.б., Ленинград ғалымдары С.Е.Малов, А.М.Щербак, А.Н.Кононов, Әзербайжан ғалымдары М.Ширалиев, А.Агамуса, Өзбекстан ғалымдары В.Решетов, Шаб­драхман, Қырғызстан ғалымдары К.К.Юда­хин, Б.О.Орузбаева, Татарстан ғалымы – ака­демик М.Закиев, Башқұртстан ғалымы З.Г.Ураксин, сібірлік Убрятова Е.И.Наделяев, Түрікменстан ғалымы – академик П.А.Азимов т.б. ғылыми тақырыптар бойынша жиі араласқан, пікір алмасып тұрған.

Түркология, жалпы тіл білімі саласын­да­ғы зерттеу еңбектерін бұрынғы кеңестік кезде де, қазір де ғылыми көпшілік жақсы біліп, бағалады. Әсіресе «Бір буынды сөз­дер» туралы зерттеуі түркологияда жет­кен жетістік ретінде Қазақстан ғылы­мы үшін үлкен абырой болды. Пікір білдір­ген басқа түрколог ғалымдар­мен қоса, әзербайжандық әріптесі В.Асланов «Э.В.Севортян, М.Рясянен, Дж.Клоусондардың еңбектерімен қатар тұратын түркологияға қосылған үл­кен олжа» деп бағалағанын «Советтік түр­кология» (1986 ж. №6) журналы жария­ла­ған-ды. Қазір Ахмет Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институты дүниежүзі түр­кологтерімен тығыз шығармашылық байла­ныста, бірлесіп ғылыми жобалар орын­дап жатыр. Алда үміт бар. Қазақ тіл білімі­нің ғылыми өрісін тарылтпай, жеткен жетіс­тігін басқалармен салыстыра қарасақ, көш соңында емеспіз.

 

*  *  *

Өмір бойы ми қабілетін жаттықтырып, ой еңбегімен айналысқан академик ғалымның кәрілікпен жекпе-жекке шығуының жолы – кітап жазу. Әбекең сынды зиялы қауым ақсақалына жұмыс істемей аула арасында ауа жұтып, кіріп-шығып жүру қол емес екен. Ғылыми жұмысын түн ұйқысын төрт бөліп, күтіп-бағатын балаға ұқсатқаны да рас. Қаламы қолынан түспеді. Жұмыс кабинетіндегі үстелінің алдында жеке шағын үстел тұратын. Оның үстінде қатар-қатар қойылған картотека жәшіктерінің іші сығылысқан карточкалар. Бұлар ағайдың өз қолымен жазған су моншақтарындай деген теңеуге лайық, әдемі таңбаланған ұсақ жазулардың мазмұндық астарындағы тілдік ақпараттар әлемі, ұзақ жылдар бойы жиналған.

Әбдуәли Туғанбайұлы 70-тен асқан соң, институт директоры қызметін тап­сыр­­ғаннан кейін, қолы босап, уақыты кеңі­ген­нен кейін қалған өмірінде 25 кітап жазуды жоспарлаған. Әрине, таңғаларлық құбылыс – феномен! Енді, міне, «картотека жәшіктерінің ішіндегі сығылысқан карточкалардың» екінші өмірі бастал­ғандай... Өмір бойы шығармашылық еңбекпен айналысқан ұлылардың – 91 жасында «Фаусты» жазған Гете, 80-ге келгенде грек тілін үйренген Катон, т.б. арасында осы академик Ә.Қайдар да бар. Ұзақ уақыт бойы жиналған тілдік деректерге ғалым-зерттеуші жан бітіргендей... Сол 25-тің 16 кітабы – зерттеу еңбектері. Үлгере алмай, толық бітіре алмай кеткен еңбектерінің тақырыбы да бүгінгі күн сұранысына дөп келіп тұр. Латын қаріпті әліпби пробле­масы, жұмбақтар тілі, сөз сыры, тіл тағы­лымы, т.б. ойлары халқына жетпей қалды.

Академик тіл саласынан басқа да тарих қойнауына еркін кірген. 610 беттен тұратын кітабы «Қаңлы» деп аталады (2004). Қаңлы тайпасының сан ғасырлық тарихын зерттеп, 500-ден астам мәлімет пен дерек жинақтап, талдап, этностық, та­рихи шежіресін жазған. Атақты тарихшы­ ағайын­дар У.Шәлекенов, К.Байпақов бүтін бір инс­титуттың еңбегімен пара-пар, энцикло­педиялық сипаттағы туынды деп бағалады.

16 кітаптың қатарында әр қазақтың үйін­де тұратын «Қазақтар ана тілі әле­мінде». «Адам» (2009), «Қоғам» (2013), «Та­биғат» (2013) атты үш томдық этно­лингвистикалық сөздігін, «Халық дана­лығы» (2004) қазақ мақал-мәтелдерінің түсін­дірме сөздігін кітапханалардан табу қиын. Әсіресе қазақ құндылықтарының тілдегі сипаты осы еңбектерінде.

Ақырын жүріп, анық басқан академик өмірі, тіршілік келбеті жас кезінен күйбең тіршілікке жегілмей, тек таза ғылым жолындағы асау тұлпардың шабысын елестетеді. «Еңбегіне қарай – өнбегі» демекші, қазір біз білімі мен ғылымының алысқа кеткен дүбірін естіп, бағыт-бағдар алып отырғанымызға қуанамыз.

Академик өзі салған ғылым соқпағының тарам-тарам жолдарға айналғанын, сол жолдардың бағдарында тек «Қазақ елі – Қазақ тілі» деген жазу тұратын сеніміне селкеу түсірмей, тілін де, ұлтын да жо­ғалтпай, қалдырған игілік парызын өтеу – қазақ ұлтының міндеті, борышы.

Шығыстың бір ғұламасы: «Дана адам... өзін жарыққа шығара бермейді, сондықтан жүзі жарқын; ол өзі туралы айтпайды, сондықтан ол атақты; ол өзін дәріптемейді, сондықтан ол сыйлы; ол өзін асқақтатпайды, сондықтан ол өзгелер арасында биік» деген екен. Иә, даналар алыстаған сайын шыққан шыңы биіктей береді.

 

Гүлдархан СМАҒҰЛОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы