Жыл басынан бері Алматыда орын алған 3 869 жол-көлік оқиғасының салдарынан 4 211 адам зардап шеккен. Мамандар апаттардың негізгі себебі – қаладағы көлік құралдарының еселеп көбеюі екенін айтады. Бүгінде Алматыда 650 890 автомобиль ресми тіркелген болса, күн сайын мегаполиске өзге өңірлерден келетін көлік саны 550 мыңнан асып жығылады.
Әсіресе кейінгі жылдары мопед пен электрлі скутер тәрізді баламалы көлік түрлерінің қатысуымен орын алатын апаттар жиілеген. Полиция мәліметіне сүйенсек, биыл мопедтердің қатысуымен 743 келеңсіз жағдай орын алып, 757 адам түрлі деңгейде зардап шеккен. Өкініштісі, осы оқиғалардың салдарынан 14 адам қаза тапқан. Жол-көлік оқиғаларында электр скутерлердің де үлес салмағы басым. Олардың қатысуымен болған 103 жағдайда 109 адам жарақат алған. Ал мотоцикл мінгендердің қатысуымен орын алған 19 оқиғада 2 азамат өмірмен қош айтысыпты.
Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек Алматы көшелерінде мопедшілер мен скутер пайдаланушыларды бақылауды күшейту үшін күн сайын рейд жүретінін жеткізді. Ол рейдті 8 мотоцикл экипажы патрульдейтінін атап өтті. Жыл басынан бері 31 894 мопед жүргізушісі және 28 762 скутер пайдаланушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға мопед пен скутер жүргізуге рұқсат еткені үшін 113 ата-анаға қатысты шара қабылданған.
«Алматыда жыл басынан бері барлығы 3 420 483 рет жол қозғалысы ережелері бұзылған. Мас күйінде көлік құралдарын басқарғаны үшін 1 890 жүргізуші ұсталды, 2 846 адам жүргізуші куәлігінен айырылды, ал 6 мыңнан аса көлік құралы, оның ішінде 1 700 мопед арнайы тұраққа қойылды», дейді С.Әзірбек.
Елімізде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға һәм микромобильдердің қатысуымен болатын апатты жағдайларды азайту мақсатында ауқымды шаралар жүргізіліп жатыр. Қазан айының басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мопед иелерін жүргізуші куәлігін алуға және көлік құралдарын тіркеуге міндеттейтін заңға қол қойғаны мәлім. Заңға сәйкес тіркелу үшін мопед иелері бірқатар құжатты ұсынуға тиіс. Бұлар – жеке басты куәландыратын құжат (немесе цифрлық құжаттар сервисі арқылы электрондық нысанда), салық кодексінің 553 және 615-баптарында көзделген КҚТК және МТНБ бергені үшін тіркеу алымы мен мемлекеттік баждардың төленгенін растайтын құжаттар, егер бар болса, техникалық құжат немесе ашық көздерден алынған мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер, меншік иесінің өтініші, көлік құралын тексеру актісі. Мопед рамасының нөмірі болмаған жағдайда, сәйкестендіру нөмірін тіркеуге дейін мопед иесінің өтініші бойынша уәкілетті орган беруге тиіс.
Жол-көлік оқиғаларының басты себебі – жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы. Оның ішінде жылдамдықты шамадан тыс үдету немесе түрлі оқыс қимыл жасап, басқа көліктерге жол бермеу жағдайлары жиі тіркеледі. Мегаполисте жол қауіпсіздігін күшейтуге және жол-көлік оқиғалары кезінде адам өлімін азайтуға бағытталған іс-қимылдар жыл сайын пысықталып келеді. Дегенмен кейінгі жылдары мопед, электрлі-сомакат, скутер секілді микромобильдер санының артуы мәселені ушықтырып отыр.
Сараптама көрсеткендей, жол апаттары негізінен төрт және одан да көп жолақты күре жолдарда және жол қозғалысы кезінде оқыс қимыл жасауға мүмкіндік бермейтін аумақтарда орын алатыны анықталған. Мамандар жаяу жүргіншілердің қатысы бар жол-көлік оқиғалары көбіне жұма күні сағат 10.00-ден 20.00-ге дейінгі аралықта жиі болатынын айтады. Vision Zero-ның жаһандық концепциясына салсақ, жаяу жүргінші – жол-көлік оқиғасына қатысушы. Бұл қала тұрғындары үшін жеке автокөліктерден гөрі түрлі қоғамдық көліктің қызметін пайдалану тиімді екенін көрсетеді. Зерттеу бойынша қоғамдық көлік дамыған аудандардың тұрғындары автомобильденген ортадағы адамдарға қарағанда жол-көлік апатына бес есе аз түсетін көрінеді.
«Жол-көлік оқиғасын азайту мақсатында әлемдік тәжірибені ескере отырып, түрлі қадамдар жасалып жатыр. ЖКО жиі болатын учаскелерге зерттеу жүргізілді. Қауіп тудыратын проблемалы бұрылыстарда жол қозғалысы өзгертілді. Бекеттік, тротуарлық және қолдан жасалған кедір-бұдырларды, боллардтар тегістелді, көзге кері әсер ететін визуалды элементтер саны азайтылды, адамдар көп жиналатын өтпелі жерлерге кнопкалы бағдаршамдар орнатылды, диодты жарық шамдар қойылды. Жаңа әдістерді енгізу арқылы жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі арта түскенін байқап отырмыз. «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз көше», «Қауіпсіз жылдамдық», «Қауіпсіз қоғамдық көлік», «Жол қозғалысын бақылаудың интеллектуалды жүйесі», «Барлық қызметті үйлестіру» жобалары осы бағытта қолға алынған», дейді Алматы қаласы Мобилділік басқармасының мамандары.
Ережені мың жерден күшейткенмен, әр азамат жауапкершіліктің салмағын сезінбесе қиын-ақ. Көлік саны күн санап өскен шаһарда келеңсіз оқиғалардың алдын алу мен қауіпсіздік шараларын күшейту бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізілгені жөн.
АЛМАТЫ