Сурет: quasa.io
Атқарылған жұмыстар қатарында адамды азаптаудың әрі ар-намысты қорлайтын басқа да әрекеттердің алдын алу жөнінде шаралар аталды. Өтініштер мен шағымдарды қараудың қорытындысына сәйкес, мемлекеттік органдарға, лауазымды адамдарға құқық бұзушылықтың алдын алу және адам құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру бойынша ұсынымдар беріліпті. 2024 жылы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне барған кезде 103 сотталған азаматпен кездесіп, 87 жеке қабылдау өткізіліпті.
«Сотталғандардың құқығы мен оларды ұстау шарттарының сақталуын мониторингтеу мақсатында қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне үнемі барып тұрамын. Назар аударатын негізгі аспектінің бірі – бейнебақылауды қолданудың тиімділігі. Сапарлар кезінде бейнекамералармен 100% жарақтандыру бар ма, бұл жүйе қалай жұмыс істейді, бейнекамералардың жазбалары прокуратураға және қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне тікелей түсе ме, қылмыс (азаптау) жасаған адамдардың қылмыстық жауаптылықтан құтыла алмауы үшін шаралар қамтамасыз етілді ме? Осындай мәселелерді назардан тыс қалдырмауға тырысамын. Қазір барлық колонияда шағым беру үшін электронды терминалдар орнатылған. Қамаудағы адамдар соттар мен қадағалау органдарына тікелей жүгіне алады, бұл түрме әкімшілігінің цензурасын болдырмайды. Қамау орындарындағы адамдар ноқатты бірнеше рет басып қана бас прокуратураға, ІІМ-ге жүгінуге мүмкіндік беретін жеңілдетілген жүйемен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ қамаудағы адам өзінің процессуалдық мәселелері бойынша сот органдарына үндеу жаза алады. Бұл терминалдар қамаудағы адамдардың қолы жететін жерлер – асханаларда, кітапханаларда, жатын бөлмелерде орналасқан», деді Ж.Жұмабаев.
Омбудсмен шағым берушіге заң аясында өзін қорғау үшін пайдалана алатын құқықтық тәсілдер мен құралдарды түсіндіреді. Нәтижесінде, құзыретті органдарға мән-жайларды тексеру туралы хаттар жіберілетін көрінеді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кеңсесі барлық өтінішті қабылдайды. Көбіне шағымданушылар тергеу органдарының әрекетсіздігіне, сот актілерімен келіспеушілікке, сотталғандардың құқықтарының бұзылуына арызданады. Бұған қоса әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау және еңбек құқықтарын бұзу, мүгедек адамдардың құқықтарын бұзу сияқты мәселелерге қатысты өтініштер көп түседі екен.
«Азаптау немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын басқа да қатыгез әрекеттер туралы хабарламалар түскен кезде мекемелерге, оның ішінде ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына дереу барамыз. Шағымдар мазмұнына қарай тергеу үшін прокуратура органдарына жіберіледі», деді Омбудсмен өкілі.
Елімізде 2014 жылдан бері Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің басшылығымен «Омбудсмен+» моделіне негізделген азаптау мен қатыгездіктің алдын алу жөніндегі Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) жұмыс істейді. Бұл 2019 жылдың сәуіріндегі заңмен арнайы әлеуметтік қызметтерді, соның ішінде балаларға арналған арнайы мекемелерді қамту үшін кеңейтілген.
Солтүстік Қазақстан облысы