Білім • 13 Қараша, 2024

Ізашар білім ордасы

109 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қ.Тоқаевтың 2022 жылы 1 қыркүйекте жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауына сәйкес ел Үкіметі сол жылғы 30 қарашада білім беру саласында «Жайлы мектеп» салу қанатқақты ұлттық жобасын арнайы қаулымен бекіткен еді. Жобаны іске асырудың қаржылық міндеті «Samruk-Kazyna Construction» АҚ белгіленген. Ал ұлттық жобаны жүзеге асыруды жауапты орталық, жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз ететін болды. «Жайлы мек­тептердің» ең басты ерекшелігі – мұнда бастауыш және жоғары ­сынып оқушылары бөлек блоктарда оқытылады. Бұл қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге тікелей байланысты.

Ізашар білім ордасы

Күні кеше ғана Петропавл қаласының «Орман» шағын ауданында 600 оқушыға арнал­ған облыстағы алғашқы жайлы мектеп ашылды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұр­мұ­хамбетов, қаланың зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен ардагер ұстаздар қатысты. Құттықтау сөзінде облыс әкімі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет бас­шысының тікелей тапсырмасы бо­йынша жүзеге асып отырғанын жеткізді.

«Біздің балалар жаңа, жайлы барлық за­манауи стандартқа сай мектепте білім алу­ға тиіс. Себебі ол жарқын бола­ша­ғы­мызға салынған инвестиция. Жет­кін­шек­терге барлық жағдай жасалса, арамыз­дан әлемді бағындыратын талай өнер­тап­қыштар, ғалымдар, өнер иелері шыға­ты­нына сенімім мол. Біз өрендерге жақсы жағ­дай жасап қана қоймай, 80-ге жуық адам­ды жұмыспен қамтып отырмыз. Осындай мектеп «Береке» шағын ауда­нын­да да салынып жатыр», деді өңір басшысы.

л

Аталған білім ордасында «Орман» шағын ауданымен іргелес «Борки», «Сол­нечный», «Юбилейный» және жаңа­дан ашылған «Бірлік» шағын ауданының бала­лары оқиды. Білім ұясында 30-дан астам сынып бөлмесі, солардың ішін­­­де қазақ, орыс, ағылшын тілдері, физика, химия, информатика, биологияға арналған арнайы кабинеттер, STEM зертхана және роботтехника мен интерактивті тақталар бар. Оған қоса екі спортзал, за­манауи шеберханалар, мәжіліс залы, би залы және көпсалалы спорт алаңы жұ­мыс істейді. Қыздардың шеберхана к­а­би­нетінде іс тігетін заманауи тігін маши­налары қойылған. Онда қыз балалар 18 түрлі тігін өнерін үйренеді. Асхана мен кітапхана да көрген адамның көзін сүрін­дір­гендей. Ерекше білімді қажет ететін ба­лаларға да қолайлы жағдай жа­салған. Оларға арналған инклюзия және ло­гопед кабинеті жұмыс істейді. Мұнда оқушылар қазақ және орыс тілін­де білім алады.

Анель Сабыр деген 8-сынып оқушысы жаңа мектептің ашылғанына айрықша қуанышты екенін айтты. «Бұл мектепте бәрі – әдемі. Өзім баскетболмен айналысамын. Сондықтан спортзал ерекше ұнады», десе, Сәбден есімді ата-ана «Жайлы мектеп» барлық талапқа сай салынғанын айтты. «Шынында да, балаларға өте жайлы. Бұрын оқыған мектепте екінші аяқкиім ауыс­­тыратын орын өте тар болып, ата-аналар балаларымен бірге қысылып-қым­тырылып жататын еді. Ал мына жаңа мек­тепте ондай жоқ. Іші кең, орын мол. Адам еркін тыныстайды. Осы білім орда­сына немеремді әкелдім», деп риза­шы­лығын білдірді.

Жаңа мектепке басшы болып, тәжі­рибелі маман, бұрын мектеп директоры бол­ған Гүлжан Жақанова тағайындалды. «Бұл білім ордасы №28 мектеп аталады. Керек дүниенің бәрін жеткізіп алдық. Ерекше білімді қажет ететін балаларға су жаңа, заманауи сауықтыру құралдарын әкелдік. Арнайы жиһаздар да бар. Бала­лардың дамуына ыңғайлы тактильді жол-көрпешелер, лифт, мәжіліс залының сахнасына шығаратын пандустар – бәр-бәрі қарастырылған. Әзірге балаларымыз толық емес, бірақ уақыт өте келе оқушылар саны артады деп ой­лаймын. «Бірлік» шағын ауданының ба­ла­лары да осында келіп оқиды. Ма­ман­­дарымыз да әлі де толығатынына сенім­дімін», деді ол.

Ел Үкіметі балалардың жарқын бола­ша­ғы үшін барлық жағдайды жасап отыр, енді тек жеткіншектер оның бағасын бі­ліп, Отанының озық ойлы азаматтары бол­сын деңіз.

 

ПЕТРОПАВЛ