Білім • 13 Қараша, 2024

Шеберлік шыңдайды

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы көпсалалы колледжінің базасында жас маман­дардың ше­бер­лігін шыңдайтын қаладағы тоғызыншы құзыреттілік орта­­лығы ашылды. Мансап алаңында студенттер тоңа­зыт­­қыш­тар мен автомобильдерді жөндеу, қызмет көрсету, жиһаз өнді­рісі, IT-дизайн бойынша төрт бағытта білім алады.

Шеберлік шыңдайды

Студенттер оқу барысында үйренгенін тәжірибе жүзінде көрсетіп, өз бетінше жиһаз жасап, машина бөлшектерін құрастырып, сәулет және дизайнмен айналыса алады. Сон­дай-ақ орталықта сала мамандары тағылымдамадан өтіп, білік­тілігін шыңдайды.

Алматы көпсалалы коллед­жі­нің директоры Асылхан Бей­­сетбаев бизнес-инкубатор және стратегиялық жоспарымен таныстырды. Студенттер өз жобаларын әзірлеп, тәлім­герлерден сабақ алып, инвестиция тартуға мүмкіндік алатынын атап өтті. Оның айтуын­ша, құзыреттілік орталығы болашақта студенттердің білі­мін күшейтуге және тәжірибе жинауға, мамандық бойынша қалалық, республикалық, халықаралық «WorldSkills» чемпионатына дайындықтан өтуге мүмкіндік береді. Бүгінде кол­леджде жоғары білікті мамандарды даярлауға барлық қажетті ресурс бар. Әрине, білім беру сапасы бірінші кезекте колледж оқытушыларының білік­тілігіне байланысты десек, мұнда өз ісін жақсы көретін және кәсіби деңгейін үнемі арттырып отыратын білікті оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері жұмыс істейді. 80 жылдық тарихы бар колледж­де тек кәсіби дайындыққа ғана емес, жеке тұлғаны дамыту мен көшбасшылық қасиеттерін ашу үшін де барлық жағдай жасалған.

р

Құзыреттілік орталығы ашылғалы тәжірибелі оқыту­шылардың үйретуінің нәти­жесінде сурет салуға, компьютерден логотип, сертификат жасауға мүмкіндік алғанын атап өткен колледж студенті Олжас Майлыбай алдағы уақытта осы салада кәсіби машығын дамыта беретінін айтты.

Осы жолы мамандығы бо­йын­ша шеберлігін дәлелдеп, «Үз­дік медальон» иегерлері атан­­­ған студенттерді қала әкім­ді­гі құттықтады. Іс-шара ая­сын­да жоғары кәсібилік көр­се­­тіп, Францияда жас мамандар арасындағы «World­Skills Inter­na­tional»-да жүлделі орын­дармен оралған 9 сту­дент марапатталды.

«Worldskills inter­national» жүл­дегері Михаил По­пов гипсокартонмен жұмыс істейтін құрылыс саласына маманданған. Ол «Worldskills inter­national» бай­қа­уына қатысып, әлем ел­дерінен жиналған жас шеберлермен бірге сайысқа түсіп, жеңімпаз атанған болатын. Ендігі кезекте бұл бағыттағы шеберлігін шыңдай беретінін айтты.

Оңтүстік астанада бұған дейін ашылған сегіз мансап орталығында студенттер мен педагогтерге арналған оқу-өндірістік сабақтар, кәсіби және мен шеберлік сыныптары, сондай-ақ «WorldSkills Kazakhstan» және «WorldSkills Almaty» чемпионаттарына да­йын­­дық жаттығуы өтіп жатыр. Бұл орталықтар бар­лық мүдделі тараптар, соның ішінде колледждерге инвестиция салатын жұмыс берушілер арасындағы диа­логтің дамуына ықпал етеді. Академиялық ұтқырлық жоба­лары және бизнес сарап­шы­ларының қатысуымен өтетін демонстрациялық емтихандар түлектерге еңбек нары­ғына нық сеніммен шығуға мүмкіндік береді. Мұндай құзы­реттілік орталықтары білім сапасын арттырып, техникалық кәсіптік білім беру жүйесін дамытып қана қоймай, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға ықпал етері анық.

 

АЛМАТЫ