Аймақтар • 14 Қараша, 2024

Халық тілегі қалыс қалмайды

122 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісу өңірінде шағын елді мекен көп. Көбі ауылдық округке шоғырланғандықтан, айтылған мәселе облыс әкімдігіне жетпейді. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында қазір облыстық мәслихат депутаттары шалғай ауылдарға сапарлап жүр. Жергілікті биліктің құлағына жетпейтін түйткілдерді де ортаға салады. Ал қаржыға келіп тіре­летін дүниелерді өз қалтасынан төлеп, тұрғындардың тілегін орындап жатқандары да бар.

Халық тілегі қалыс қалмайды

Сурет: gov.kz

Бүгінде жетісулық мәслихат депутаттары екінші жыл өңірі­міз­дің өркендеп-өсуі үшін іргелі істер атқарып келеді. Мәсе­лен, былтыр 4 кезекті және 8 кезектен тыс сессия өтіп, 100-ге жуық әділет органдарында тіркеуге жататын шешім қабылдаған. Былтыр облыс бюд­жеті 488,9 млрд теңгені құрады. Осы қаржының дені ауыл шаруашылығы саласына бөлінеді. Болашағы жоқ деп саналған елді мекендердің тамырына қан жүгіріп, спорт, медицина нысандары бой көтер­ді. Ауылдарға жаңа білім мекемелері салынып жатыр. Мұны бізге облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева айтып берді.

«Ауыл – ел экономикасының негізгі локомативі. Қазір Жетісу ауылдары қайта түлеп келеді. Алғаш облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлымен бір­лесе аудан тұрғындарымен кез­десуге барғанда халық су, жер, газ, жол мәселесін жиі айтатын. Қазір азайып келеді, қариялар алғысын жау­дырады. Облыс депутаттары көтерген сауалдардың дені өз шешімін тапты. Мысалы, Қоңыр ауылындағы орта мек­теп­тің маңайындағы ескі электр бағаналары адам өмірі­не қауіп төндіріп, жаңа мек­тептің сыртқы келбетіне сай келмейтін. Сол үшін «ТАТЭК» АҚ-ның басқарма төрағасы мен Қарабұлақ электр желілеріне депутаттық сауал жолдадым. Бұл мәселе бір айға жетпей өз ше­шімін тапты», дейді Г.Тойлыбаева.

Жоғарыда айтқан мәселеге ұқсас облыстық мәслихат депутаты Константин Нестеров те Текелі қаласы Рудничный ауылындағы тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру жайында депутаттық сауал жолдаған екен. Бұл мәселе де өз шешімін тапқан. Руднич­ный ауылының 400 метр оқшау­лан­ған электр сымдары мен 33 дана бағана ауыстырылып, 11 дана трансформаторлық қосалқы стансаларына жөндеу жұмысы жүргізілген. Бұған қоса ауыл ішіндегі ескір­ген көпірді қайта салу, үйіл­ген қо­қыс­тарды тазалау жұмысы­на да халық қалаулылары мұрын­дық болған.

Осы ретте бір оқиға еске түседі. Бұл – Қойлық ауылдық округіндегі терапевт дәрігердің жоқтығы. 2 800 тұрғыны бар ауылдың жайы көптен бері айтылып жүрген мәселе еді. Жақында ауылға барсақ, әр бейсенбіде ауыл амбулаториясына аудан орталығынан білікті дәрігер келіп, тұрғындарды қабылдайды екен. Кезек күтіп, жолға көлік іздеп қажыған ха­лық облыстық мәслихатқа риза­шы­лығын білдіріп отыр.

«Баламыз ауырса, ауданға шапқылаймыз. Онда кезек күтесің, оның үстіне қалта­мыз­да үнемі ақша болуы керек. Қазір жақсы болды. Аптасына бір рет дәрігер келіп толық тексеріп кетеді. Мал шаруасында жүрген­нен кейін денсаулыққа қарайтын уақыт та болмайды. Енді газ күтіп отырған халық көп. Одан бөлек, ауыл шаруалары жайы­лым­дық, егіндік жер алуда біраз кедергілерге тап болады. Осыны халық қалаулылары ескерсе де­ген ойымды айтқым келеді», дейді ауыл тұрғыны Айкүміс Ақшабай.

Қазір халықты ауылда сақ­тап қалуға мемлекет тарапы­нан түрлі жоба қолға алынып жатыр. Әсіресе жастарға ауыл­дан тегін тұрғын үй беріп, арнайы көтерме қаржы да үлестіреді. Көпке аян «Ауыл аманаты» бағ­дарламасы көпте­ген тұрғын­ның жеке шаруасын дамытуға үлкен сеп болды.

«Ауылды өрістету үшін түрлі жоба жүзеге асып жатыр. Біз барынша халықтың сұра­­ны­сын қанағаттандыруға тырысамыз. Биыл депутаттар 100-ден аса тұрғынды қабылдап, 90 пайызының мәселесін шешуге жәрдемдескен. Мәселен, тұрғындар «Самал» шағын ауда­нында көпқабатты үйлердің ортасында орналасқан тротуар бойына жарық шамдарын орнатуды сұраған. Осы ретте облыстық мәслихат депутаты Қайрат Нұрғабылұлы небәрі бір аптаның ішінде өз қаражаты есебінен жарық бағаналарын орнатып, халық алғысына бөленді. Сондай-ақ депутат Жалғас Алтынбеков «Жаркент алғыр» құрылыс компаниясының директоры ретінде өз қаражатынан ұзын­­дығы 1 шақырым А.Түркебаев көшесіне бағана­лы жарық шамдарын орнатып берді. Бұл да болса – халыққа үлкен көмек», дейді Г.Тойлыбаева.

Ел тілегіне құлақ түріп, аманатын арқалаған депутат­тары­мыз­дың нәтижелі жұмыс­ы аз емес. Алдағы уақытта көп­ші­лікті толғандырып жүр­ген мəселелер бойынша әлі талай жұмыс атқарылады.

 

Жетісу облысы