Үкімет • 14 Қараша, 2024

Байыпты бастамалар таныстырылды

75 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қызылорда облысына жасаған сапары барысында Президенттің жұмыспен қамту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тап­сыр­ма­ларының орындалу барысын тексерді. Сонымен қатар Жол­дауда айтылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде ауыл тұрғындарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсар­ту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту арқылы экономиканы әртарап­тандыру, сондай-ақ тұрғындарға сапалы білім беру қызметтерін ұсыну үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.

Байыпты бастамалар таныстырылды

Сырдария ауданы Бесарық ауылында Премьер-министр «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асырудың және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің табысты мысалдарымен таныс­ты. «Абай Дәулет» ЖШС құрған өндірістік алаңда 318,2 млн теңгеге ауыл тұрғындарының 13 бизнес-бастамасы іске асырылып жатыр. Жартылай фабрикат, пластикалық ыдыс, ағаштан жасалған бұйымдар, тоқыма, кондитерлік өнімдер, сабын және басқа да өнімдер өндіретін цехтар ашылды. О.Бектенов ауыл тұрғындары шығаратын өнімдер желісімен танысты.

Оң тәжірибені кеңінен тарату үшін облыстың әр ауданында кемі 3-4 ауылда осындай бизнес-инкубаторлар ашу жұмыстары қолға алынған. Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл өңдеу өнеркәсібін, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және басқа да келешегі бар салаларда 610 жұмыс орнын ашқан 575 жоба іске асырылды. «Kaz Fries» зауытында Премьер-министрге агроөнеркәсіп кешені өнімдерін терең өңдеу саласындағы әлеуетті ашу шаралары таныстырылды. Кәсіпорынның қуаты сағаты­на 150 килоға дейін қуырылған кар­топ таяқшаларын өндіруге жетеді. Дайын өнім мұздатылып, ішкі нарықта сатылады. «Абай-Дәу­лет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсен­баев өсімдік, құс, мал шаруа­шы­лығымен және құрылыс өнімде­рін шығарумен айналысатын көп­салалы компания­ның өндірістік қуатын одан әрі кеңейту жоспарлары туралы хабардар етті.

Серіктестік ауылдың дамуына үлкен үлес қосып келе жатқанын атап өткен жөн. 2018 жылдан бері компания бұл мақсаттарға 1,5 млрд теңгеден аса қаржы бөлді. Қаражат 360 орындық мектеп, 120 орындық балабақша және дәрігерлік амбулатория сияқты әлеуметтік нысандарды абаттандыруға, көгалдандыруға, жөндеуге бағытталған. Демеушілік қолдау есебінен осы жылы 150 адамға арналған Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Мұнда Президент бастамасымен жастарды отаншылдық, адамгершілік рухында тәрбиелеуге бағытталған «Адал адам» тұжырымдамасы іске асы­рылып жатыр. Балалар үйірме­лері ашылып, музыкалық шығар­ма­шылық ұжым құрыл­ды. Соны­мен қатар «Адал адам» мәдени ор­та­лығында орнатылған подкаст-студияда тікелей эфирде ауыл бизнесін дамытудың өзекті мәселелері талқылана­ды, көрермендерге жергілікті цехтарда өндірілген өнімдер таныстырылады.

Премьер-министр бизнестің ауылдық жерлердегі тұрмыс сапасын жақсартуға қосқан үлесі маңызды екенін атап өтті.

«Ауылды дамыту, нәтижелі жұмыспен қамтуды ынталандыру, сапалы әлеуметтік инфра­құрылым құру – Үкіметтің басым міндеттерінің бірі. Осы бағытта біз кәсіпкерлердің барлық бас­тамасын қолдаймыз», деді Үкімет басшысы.

Қызылордада Премьер-министр бүгінде 200 жұмыс орны ашылған «Жан Арай» ЖШС агроөнеркәсіп кешенінің өндірістік орындарын аралады. Кәсіпорын күріш, құрама жем өндірумен, жеміс пен көкөніс өңдеу және сақтаумен айналысады. Мұнда қуаты тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіруге жететін және тәулігіне 150 тонна күріш өңдей алатын екі зауыт жұмыс істейді. Сонымен қатар сыйымдылығы 4 мың тонна болатын көкөніс қоймасы бар, бұл маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар өнімдерге баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кешен өнімдері елімізде сатылады және Түркия, Ирак, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Беларусь және басқа да алыс-жақын шетелдерге экспортталады.

О.Бектенов облыс орталы­ғын­да балаларды қосымша біліммен қамтуды арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралармен танысты. Жеке инвестиция есебінен салынған жаңа Оқушылар сарайы биыл қазан айында пайдалануға беріл­ді. Жобаның құны – 2,4 млрд теңге. 350 адамға дейін сыятын әлеуметтік нысан әртүрлі жастағы оқушылардың жан-жақты дамуы­на ықпал ететін, гидропоника, роботтехника, өнеркәсіптік дизайн, телестудия сынды басқа да жаңа жабдықтармен қамтама­сыз етілген. Мұнда Премьер-министрге кәсіптік-техникалық білім беру және кадрлар даярлау жүйесін трансформациялау бо­йынша атқарылып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді. Өңірде 28 колледж жұмыс істей­ді, онда бүгінде 20 мыңнан астам студент білім алып жатыр, оның 5 мыңға жуығы жұмысшы маман­дықтары бойынша оқиды.

2024–2025 оқу жылында об­лыстың барлық ауданында 7 оқу-өндірістік комбинаты ашылды. Қысқамерзімді кәсіптік оқыту курстары 300-ге жуық адамды қамтыды. Алғашқы комбинат 2022 жылы қалалық мектеп-лицей базасында ашылған. Аспаз, тігінші, графикалық дизайнер және басқа да сұранысқа ие мамандықтар бойынша 164 маман бітірді. Алдағы уақытта тәжірибені кеңейту жоспарланып отыр.