Қазақстан • 14 Қараша, 2024

Қазақстан мен Вьетнам сараптамалық-талдау саласында ынтымақтастық орнатты

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтына Вьетнам Коммунистік партиясы Саяси Бюросының мүшесі, Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саяси академиясының президенті, Орталық теориялық кеңес төрағасы Нгуен Суан Тханг бастаған делегация келді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан мен Вьетнам сараптамалық-талдау саласында ынтымақтастық орнатты

Қонақтарды қарсы алған ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша екі елдің көптеген ұқсастықтары бар әрі соңғы жылдары сауда-экономикалық қарым-қатынастар тұрақты өсіп отыр.

«Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымының көлемі 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 есеге артып, 610,9 миллион долларға жетті. АСЕАН елдері арасында Вьетнам халық саны және сатып алу қабілеті мүмкіндігіне қатысты ЖІӨ бойынша 3-ші орында (шамамен $1,5 млрд). Бұл отандық экспортты кеңейту перспективасын айқындайды», деді Е.Тұқымов.                                                       

ҚСЗИ директоры сондай-ақ осы жылдың 25 мамырынан бастап екі елдің азаматтарына бір-бірінің аумақтарында 30 күнге дейін тұруға мүмкіндік беретін визасыз режим енгізілгенін еске салды.

Нгуен Суан Тханг екі ел арасындағы ынтымақтастықтың серпінді кеңеюіне назар аударды.

«Біздің елдеріміз арасында ежелден келе жатқан жақсы қарым-қатынастар бар, бұл – ынтымақтастықты, оның ішінде сараптамалық-талдау саласын одан әрі дамыту үшін зор әлеуетке ие», деді ол.

Шара шеңберінде Хо Ши Мин Ұлттық саяси академиясы мен Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

З.Ерғали

Е.Тұқымов мұны маңызды қадам деп атап, осы саладағы нақты ұсыныстарын айтты.

«Біз Chatham House форматындағы нақты мәселелерге бағытталған бірқатар онлайн сессияларды ұсынып отырмыз. Оларға тек жетекшілер ғана емес, сонымен бірге зерттеушілер де қатысып, агроөнеркәсіптік даму, өңдеуші өнеркәсіп, инвестициялық және инфрақұрылымдық ынтымақтастық мүмкіндіктері сияқты өзекті тақырыптарды талқылай алады», деді ҚСЗИ директоры.

З.Ерғали.

Сондай-ақ, Вьетнам делегациясының сапары шеңберінде екі ел арасында сауда, экономика, инвестиция тұрғыларында ынтымақтастықтың келешегі және білім, ғылым, академиялық алмасу салаларындағы өзара іс-қимылды тереңдету мәселелеріне арналған семинар өтіп, оған партия және мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ екі елдің ғылыми қауымдастығының өкілдері қатысты.