Сурет: ru.freepik.com
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынгүл Аймұратованың айтуынша, биыл жергілікті бюджет есебінен Ресей Федерациясында шығарылған «Гриппол плюс» вакцинасының 65 000 дозасы сатып алынған. Өйткені тұмауды жұқтырмаудың бірден-бір жолы – вакцина ектіру.
«Тұмауға қарсы маусымдық вакцинациялау 15 қыркүйекте басталды. Осы кезге дейін 59 510 адам тұмауға қарсы вакцина ектірді. Оның ішінде 1 023 адам вакцинаны жұмыс беруші есебінен алған. Вакцина салдырғандардың арасында 2 594 жүкті әйел, 13 134 бала бар», дейді А.Аймұратова.
Инфекционист-дәрігер Айнұр Қазиеваның айтуына қарағанда, тұмау иммунитеті әлсіреген адамдарға тез жұғады. Әсіресе балалар мен егде жастағылар жиі шалдығады.
«Балалар мен егде жастағы адамдарда симптомдар жылдам өрбуі, тіпті зардабы ауыр болуы мүмкін. Кейбір жағдайда тұмаудың салдарынан бронхит, пневмония, гайморит сырқаты асқынады. Ал егде жастағы науқастарда астма, қант диабеті, жүрек ауруы секілді созылмалы аурулардың өршуіне әкеліп соқтырады. Тұмау қоғамдық орындарда, мектептерде, кеңселерде тез жұғады. Сол себептен, тұмауды жұқтырмаудың ең тиімді жолы – жыл сайын екпе алу», деп мәлімдеді А.Қазиева.
Сондай-ақ мұнайлы өңірде көкжөтелдің таралу дерегі көбейгені байқалады. Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Аймұратованың мәліметінше, жыл басталғалы бұл дерттің 144 жағдайы тіркеліпті. Науқастың басым бөлігі Атырау қаласында анықталған.
«Көкжөтел – жұқпалы инфекциялық дерт. Оны Bordetella pertussis бактериясы қоздырады. Бұл ауру, әсіресе, балаларға қауіпті болуы мүмкін. Өңірде көкжөтелдің көп тіркелуі аталған инфекцияның таралу қарқыны жоғары екенін көрсетеді. Тұрғындар көкжөтелден қорғанудың ең тиімді әдістерінің бірі вакцина салдыру екенін ескермейді. Вакцинаны тұрақты алған адамда жұқпалы аурулардың жұғу қаупі төмен болады. Қоғамдық орындарда жеке гигиена шараларын сақтауға мән беру қажет. Бұл да аурудың таралуын төмендетуге ықпал етеді», дейді А.Аймұратова.
Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығының статистика жүргізетін дәрігері Алмас Құмаровтың дерегіне қарағанда, биыл 9 айда 231 адам туберкулез дертіне шалдыққан. Күрк-күрк жөтеліп, қан түкіретін науқастар саны өткен жылғы көрсеткіштен 15 адамға ғана азайған. Дегенмен туберкулездің таралу көрсеткіші 7,6 пайызды құраған.
«Былтырғы 9 айда туберкулезбен ауырған 246 адам анықталған еді. Ал биыл осы дертті жұқтырған науқастар азайды. Өлім көрсеткіші де өткен жылмен салыстырғанда 18,6 пайызға төмендеді. Жұқпалы аурудың алдын алу мақсатында 4 679 адам диаскинтестіден өткізілді. Оның ішінде 2 256 бала мен 310 жасөспірім бар. Ересектер саны – 2113», деп хабарлады А.Құмаров.
Дәрігердің мәліметінше, ауырып жүрген науқастармен қарым-қатынаста болған 1 430 адам тексерілген. Өкпесінде дерті бар науқастармен байланыс орнатқандардың арасында 73 бала, 650 жасөспірім, 707 ересек адам болған. Сондай-ақ қауіп-қатер тобына жататын 3 мыңға жуық адам бақылауға алынған.
Атырау облысы