Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Бүгінде отандық нарықта кәрі де, жас та сүйсіне жейтін ұлттық тағамды бизнес көзіне айналдырған кәсіпкерлер баршылық. Осы бағыттағы идеясын сәтті іске асырған кәсіпкердің бірі – Қуаныш Данияр. 29 жастағы кейіпкеріміз құрт, ірімшік, сары май сатумен жылдық айналымын 2 млрд теңгеге жеткізген. Тіпті серіктестері құртты бір күнде 100-200 кило шамасында сатып жатыр.
– 9 жылдағы тәжірибемде байқағаным, құртқа деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Өйткені тұтынушы көп. Бізде құрт өнімінің 45-ке жуық түрі бар. Осы қарқыннан қалмай әрекет етсек, жылдық айналымды 10 млрд теңгеге жеткізуіміз мүмкін. Қазір кәсіптің онлайн немесе оффлайн форматының қай-қайсысынан да жақсы табыс табасыз. Сондықтан ауылда да, қалада да бұл бизнеспен кедергісіз айналысуға болады. Оның үстіне кәсіпке салынатын қаражат та маңызды емес. Мәселен, 50 мың теңгеге 38 кило құрт алып, үстіне 700 теңге қосып сатсаңыз, бір күнде 26 мың теңге пайда көресіз, – дейді кәсіпкер Қ.Данияр.
Деректерге сүйенсек, отызында орда бұзуға талаптанған Қуаныш сияқты жастар үшін сұранысқа ие қызмет көрсету саласы – көтерме және бөлшек сауда, автомобильдерді жөндеу қызметі. Ауыл, орман және балық шаруашылығы да жас отандастарымыз арасында танымал.
Бүгінгі жас кәсіпкерлер 10 жылдан кейінгі ел экономикасын, даму бейнесін айқындайтынын ескерсек, бұл сала мемлекеттік органдар тарапынан ерекше назар аударуды талап етеді. Өйткені отандастарымыздың бизнесті құруда үлкен қиындықтарға жиі ұрынып жататыны белгілі. Сарапшылар бұл проблемаларды жастардың қаржылық не мақсатты саладағы білімінің жеткіліксіздігімен байланыстырады. Яғни несие бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен салықтар, бастапқы капиталдың болмауы, тәжірибенің аздығы әсер етіп тұр.
– Кез келген бизнесті бастау үшін ең алдымен саланы жіті зерделеп алған жөн. Кәсібіңіздің нарыққа қаншалықты қажет екеніне нақты жауап бере алсаңыз ғана әрекет ету маңызды. Сондай-ақ қаржылық қолдау жағын жан-жақты қарастыру керек. Мәселен, қайтарымсыз гранттар үшін инновациялық немесе әлеуметтік маңызы бар жобалар өте тиімді, – дейді бизнес-тренер Наталья Мишукова.
Жастар кәсіпте қателік жібермес үшін алдыңғы буынға қарайлап, ақыл-кеңес алуға ынталы-ақ. Бірақ кейбіреулері он ойланып, тоғыз толғанып, уақытты өткізіп жүріп қалады. Сосын «әй, қайдам, ондай іспен айналысу оңай емес, ол үшін анау-мынау керек» немесе «тексеріс көп, жоғарыда қолпаштайтын көкем болса» дегенге саяды. Ақыры жүрексініп, қолды бір-ақ сілтейді.
– Жоспарсыз адам – қаңбақ тәрізді. Қаңбақты сайдан-сайға жел айдайтыны секілді мақсатсыз адамды өмірлік жағдайлар ойға-қырға жетелейді. Адамдардың бір күні менеджер, ертесіне мұғалім, одан арғы жылы журналист болып жүретіні содан. Бір істен қандай да бір нәтиже көремін десеңіз, шын шебер болғыңыз келсе, бір жұмысқа орта есеппен 7-10 жыл шамасында уақытыңызды арнайсыз. Бұл – ғалымдардың пікірі, – дейді кәсіпкер Аманжол Рысмендиев.
Жаһанда 18 бен 30 жас аралығындағы 300 миллионға жуық жас жұмыссыз жүр. Әлемдегі жетекші кәсіпкерлікті зерттеу ұйымының мәліметіне сәйкес, оның 20%-ға жуығы ғана өз ісін бастау мүмкіндігіне ие. Әртүрлі себеппен тек 5%-ы ғана тәуекел ететін көрінеді. Демек жастарға шағын және орта бизнестің заңдылықтары мен жолын үйрету әлі де өзекті мәселе. Осы орайда түрлі науқандар, конкурстар өткізу, білім беру мекемелерінде ақпараттық базалар құру қажеттілігі туындайды.
Елімізде де дәстүрлі оқу орындарында тек қажетті экономикалық білім оқытылады. Бірақ табысты кәсіпкерлік қызмет үшін қажетті мотивация мен мінез-құлық дағдылары қалыптаспайды. Шағын және орта бизнесте мемлекеттік қолдауды жүзеге асыратын ұйымдар туралы жастарды ақпараттандыру тұсы да кемшін. Тіпті мұндай сауалдамалар жүргізілмейді. Салдарынан оларды мемлекеттік қолдау шаралары анау айтқандай нәтиже бермейді. Сәйкесінше, жоғарыда аталған әкімшілік, құқықтық және қаржылық кедергілер сақталып отыр.
– Жастарды кәсіпкерлік қызметке ынталандыратын қолайлы орта құру – мемлекеттік және өңірлік деңгейдегі түрлі бағдарламалардың еншісінде. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлер үшін заңдар мен реттеушілік талаптарды жеңілдетіп, бюрократияны азайтқан дұрыс. Тіркеу рәсімдерін жеңілдетіп, лицензия алу үдерісін жылдамдату, салық салу жүйесін оңтайландыру бизнестегілерге жұмыс істеу барысында айтарлықтай көмектеседі. Банк несиелерін алу шарттарын жеңілдетіп, шағын және орта бизнеске арналған арнайы гранттар мен субсидияларды көбейтуді ойластыру қажет. Маңыздысы – елде кәсіпкерлік мәдениетті нығайтып, қоғамда кәсіппен айналысуға деген позитивті көзқарасты қалыптастырған абзал, – дейді Н.Мишукова.
Одан қалды әлеуметтік желіде «бір күнде 1 млн табысқа шығарамын», «бір айда млрд пайда табасың» деген уәде беріп, аудитория жинайтын білімі таяз сарапшылар мен мамандарды да мемлекет бақылауға алуы қажет. Бұл да жеке кәсіпке қызыққан жастың «нишасын» тауып, бизнесте орнығуына кедергі болып тұр.
Әсте, кәсіпкерлер әлеуметтік желі де сатудың әдіс-тәсілін меңгерсе, құба-құп. Өйткені шағын және орта бизнеске мақсатты тұтынушы табуда «TikTok» айтарлықтай үлес қосып келеді. «Oxford Economics» деректеріне зер салсақ, «TikTok-тағы» шағын және орта бизнес қызметі былтыр Еуропаның бес елі – Германия, Франция, Италия, Нидерланд және Бельгияның жалпы ішкі өніміне 4,8 млрд еуро пайда әкеліп, 50 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуына септігін тигізген.
Жалпы, жастар саясаты тұжырымдамасының басты басымдығы – 35-ке дейінгі отандастарымызды жұмысқа орналастыру. Құжатқа сәйкес, республика бойынша осындай жастардың үлесін 3,5%-ға дейін төмендету міндеті қойылған. Сондықтан жастар кәсіпкерлігінің ықпалын күшейту және оның мүмкіндіктерін кеңейту оқуға түспеген не өздігінен жұмысқа орналасуға ниеттенбеген NEET санатындағы 380 мыңнан аса азаматқа пайдалы болары анық.