Суретті түсірген – Валерий БУГАЕВ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірімізге жұмыс сапарымен келгенде Павлодар қаласындағы трамвай жүйесін дамытуды жалғастырып, құрамдарды жаңартуды жеделдету қажеттігін тапсырған еді.
«Меніңше, Павлодарда трамвайды сақтап қалу қажет. Қажет болса, жолдарды жаңғыртып, жаңа, дыбыссыз трамвайлар сатып алу керек шығар. Трамвай – өзінше тартымды көлік түрі. Еуропаның көптеген дамыған қаласында трамвайлар кедергісіз жүреді. Бұл – жергілікті тұрғындар ұнататын экологиялық және ыңғайлы көлік. Трамвай жүйесін дамытуды жалғастырып, құрамдарды жаңартуды жеделдету керек», деген еді Президент.
Қазір облыс билігі мен Павлодар трамвай паркі экологиялық жағынан тиімді көлікті дамытудың жолдарын іздестіріп жатыр. Ең әуелгі мақсат – парктегі ескірген вагондардың орнына жаңаларын сатып алу. Мекемеде 111 трамвай вагоны бар болса, күн сайын 73 бірлік трамвай желіге шығады. Ал вагондардың тозу деңгейі шамамен 73%-ды құрайды. Шаһар рәмізінің біріне айналып үлгерген рельсті көлік экологиялық жағынан да тиімді. Алдағы уақытта қаланың шеткері шағын аудандарына да автономды трамвайлар жүре бастайды деп күтіліп отыр. Бұл үшін Еуропа қайта құру және даму банкі жаңа трамвайлар сатып алуға 5 млрд теңге қаражат бөлетін болды. Жаңа вагондар автономды, яғни аккумулятор көмегімен жүру мүмкіндігіне ие. Павлодар облысы әкімдігі мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында трамвай желісін жаңғырту жөніндегі жобаны қолдау туралы келісімшартқа, сондай-ақ «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ мен ЕҚДБ арасында несиелік келісімге қол қойылды.
«Банк 25 жаңа трамвай сатып алу үшін 5 млрд теңге қаражат бөледі. Вагондарды жеткізушілерге қойылатын міндетті шарт – экология, қауіпсіздік және энергия үнемдеудің үздік салалық стандарттарына сәйкес болуы, сондай-ақ вагондардың 20 шақырымға дейін автономды жүру мүмкіндігін қамтамасыз ету. Бұл жолаушы тасымалы сапасын едәуір арттырып, қозғалыс аралығын қысқартуға мүмкіндік береді», деп хабарлады өңірлік әкімдік.
Бір трамвайдың құны шамамен 338–447 млн теңге аралығында болмақ. Жақын арада техникаларды сатып алуға конкурс жарияланып, оның қорытындысында вагондарды жеткізуші ел анықталады. Техникалық сипаттамалар бойынша вагонның ұзындығы – 17 метр, сыйымдылығы 124 адамға шақталған, ал есік саны үшеу болуы керек. Павлодар трамвай паркіндегі трамвайлардың көбінде төмен деңгейлі еден қарастырылмаған. Салдарынан мүмкіндігі шектеулі адамдар мен қариялардың түсіп-мінуіне қолайсыз. Бұл жағдай жаңа вагондарда ескеріледі. Сонымен бірге пандуспен жабдықталған есік те болады.
Жергілікті билік ендігі кезекте шаһардағы трамвай жолдарын ұзартуды ойластырып отыр. «Достық» шағын ауданына жолаушыларды жеткізу үшін жаңадан сатып алынатын автономды вагондар бағытталады. Жоғарыда айтқандай, трамвайлар қуатталған аккумулятор көмегімен жылжиды. Электр бағандары мен сымның қажеті жоқ. Мұндай автономды трамвайларды іске қосу шаһардағы келешегі зор жаңа желілерді өміршең етуге мүмкіндік береді. Мысал үшін, Екінші Павлодар мен Усолка шағын аудандарында жаңа тармақтар пайда болуы ғажап емес. Егер көзделіп отырған жобадан қаржы үнемделсе, жаңа тармақтар салынады. Әсіресе Екінші Павлодар шағын ауданында трамвай жүргізу – көптен бері қозғалып келе жатқан мәселе. Себебі бұл аумақтағы тұрғындар автобус маршруттарының аздығына және олардың межелі уақытынан көп кешігетініне жиі шағымданады. Әсіресе қыс мезгілінде проблема көп туындайды. Егер трамвай тармағы салынса, жолаушылардың жүріп-тұруы жеңілдей түсер еді.
Қазір Назарбаев даңғылы, Естай, Малайсары көшелері арқылы шағын ауданға жаңа рельсті жол салу көзделіп те отыр. Жаңа тармақ Российская көшесі арқылы айналып, Нұрмағамбетов көшесіне түседі де, Теміржол вокзалына келеді. Осылайша, қаланың шығыс аумағында рельсті жолдың толық циклі пайда болуы мүмкін. Жобалаушылар бұған балама ретінде Геринг және Сұрағанов көшелерін де ұсынады. Қала билігі бұл екі жобаның қайсысы қаржы жағынан тиімді болады деп ойланып отырғандай.
Жергілікті әкімдік «Достық» шағын ауданына жалпы құны 2,7 млрд теңге тұратын трамвай желісін салудың жобасын әзірлеп қойған. Ол бүгінде мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
Павлодар облысы