– Азаттықтың алғашқы жылдарындағы ахуал қандай еді? Банк секторы нарық талаптарына қалай бейімделді?
– Ұлттық валютаны енгізер алдындағы кезең мен Ұлттық банкке келгеннен кейінгі бір-екі жыл – оның тарихындағы ең «қызу» шақтардың бірі. Бұрынғы бірыңғай мемлекеттік банк жүйесінде жинақталған нормативтік базаны толық қайта қарау қажет болды. Көптеген мәселені өте жедел шешуге тура келді. Ұлттық банк әсіресе, ұлттық валютаны енгізгеннен кейін, тәулік бойы жұмыс істеді. 1994-1996 жылдары жұмысымыз түнгі 9-10-ға дейін созылатын, кейде одан да кеш аяқтайтынбыз. Банк жүйесін қадағалау мен реформалау аясында атқарылған ауқымды жұмыстарды ерекше атап өткен жөн. Оған қоса халықаралық, ішкі есеп айырысу, валюталық реттеуді либерализациялау, алтын-валюта резервін басқару, Ұлттық банк пен коммерциялық банктерді халықаралық есеп беру стандарттарына көшіру бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілді.
1993 жылдың соңында елде 204 банк жұмыс істеді. Содан кейінгі 5-6 жылда олардың саны 5 есе қысқарып, шамамен 35 банк қалды. Жабылған банктердің көбін «банк» деп атау қиын еді. Өйткені олардың нақты капиталы да, білікті мамандары да болған жоқ. Қызмет үдерісіне қатаң бақылау жүргізілгенде барып, айтып отырған ақиқатымыз дәлелденді. Нәтижесінде, көптеген банкті заңнаманы өрескел бұзуы себепті жабуға тура келді. Реттеуші орган ретінде Ұлттық банк ережелерді бұзған банктерді нарықтан ығыстырып отырды. Бұл – өте күрделі үдеріс. Сол уақытта банк қызметі туралы жаңа заңдар дайындалып, қабылданды. Бұл еліміздің банк жүйесіне қысқа уақыт ішінде посткеңестік кеңістіктегі алдыңғы қатарлы жүйелердің бірі болуға мүмкіндік берді.
– Сіз Ұлттық банкке төрағалық еткен жылдары бірқатар өзгеріс болды. 1998 жылдың тамызында Ресей дефолты болып, 1999 жылдың сәуірінде теңгенің еркін айырбас бағамына көшуі туралы шешім қабылданды. Ұлттық банктің араласуымен алғаш рет теңге бағамы ресми төмендетілді. 4 сәуір күні «теңге еркін айналымға жіберілді» деген мәлімдеме жасадыңыз.
– 1998 жылдың ортасына қарай ел экономикасы белгілі бір тұрақтылыққа қол жеткізді. 1996 жылдан бастап экономика шамамен 0,5-1,5%-ға өсім көрсете бастады. Аз болса да тұрақты көрсеткіш еді. Ұлттық валюта бағамы да біршама тұрақталды. Бірақ 1998 жылы Оңтүстік-Шығыс Азияда қаржы дағдарысы басталып, тамыз айында Ресейдің қаржы жүйесі дефолтқа ұшырады. Рубль бағамы күрт құлдырап, 6,43 болып тұрған жерінен 20 рубльге бірден көтерілді. Кенеттен келген күйзелістен біраз абдырап қалдық. Бұл жағдай Ресей мен біздің нарықта баға теңсіздігінің күрт артуына әкелді. Яғни ресейлік тауарлар доллармен есептегенде 3-4 есе арзан болып, импорттың өсуіне, валюталық нарықтағы сұраныстың артуына себеп болды. Сонымен қатар мұнай бағасының төмендеуі жағдайды одан әрі қиындатты. «Қара алтын» барреліне 10 доллардан да төмен түскен болатын.
Жаңа жағдайлар экономикалық саясатта жүйелі әрі салмақты шешім қабылдау қажеттігін ұғындырды. 1999 жылғы сәуірде теңгенің еркін өзгермелі бағамына көшу туралы шешім қабылданды. Оған дейін Үкімет пен Ұлттық банк бірлескен ауқымды жұмыс атқарды. Уақыт өте келе бұл шешімнің принципті тұрғыда дұрыс болғаны дәлелденді. Бұдан бөлек, мемлекет халықтың депозитін қорғауда бұрын-соңды болмаған шешімдерге барды. 1999 жылғы девальвациядан кейін жарты жыл бойы банктердегі депозитін сақтаған азаматтар жинақтарын «ескі» бағаммен, яғни девальвацияға дейінгі есеппен алды. Зейнетақы қорлары мен заңды тұлғаларға да мемлекеттік қолдау көрсетілді. Халықаралық валюта қоры әлеуметтік қолдау шараларын жасағанымыз үшін бізді сынға алды. Сонда да жаңа бағамдық тәртіпке көшу кезінде жарияланған талаптарды орындаған барлық азаматтың шығынын өтеп бердік.
– Қазіргі қаржы жүйесі, соның ішінде банк секторы айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Өткен мен бүгінді салыстыра отырып «әттеген-ай» дейтін кезіңіз бола ма?
– Қаржы жүйесі түбегейлі өзгерді. Қағаз тиындардан цифрлық теңгеге дейін үлкен жолды жүріп өттік. Ең бастысы, 2000 жылдардағы «майлы жылдар» деп аталатын кезеңді пайдаланып, резервтерге жеткілікті деңгейде тұрақтылық қорын жинап алдық. Тәжірибе де жиналды. Дегенмен «осы күніме шүкір» деген көзқарастан аулақ болып, тұралап қалмауымыз керек. Экономиканың, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру жұмысын жалғастыра беру қажет. Әртүрлі салада цифрлық трансформация бағдарламаларын өрістетіп, сондай-ақ экономикаға мемлекеттің қатысуын азайтуға жіті көңіл бөлгеніміз дұрыс. Үкіметтің экономикадағы үлесі дағдарыс кезеңдерінде экономиканы қолдауға мәжбүр болған кезде өскен еді. Енді жекешелендіруді белсенді жалғастырып, «халықтық» IPO бағдарламасы аясында компанияларды қор нарығына шығару керек. Әрине, тиісті саяси реформаларды белсенді түрде жүзеге асырып, азаматтық қоғамның пікірін ескеру де маңызды.
Өткен кезеңдер туралы айтсақ, менің де өкінішім жоқ емес. Ішімде біраз істі жедел әрі батыл жасау керек еді деген қынжылыс бар. Бірақ сол уақытта көптеген жұмыс алғаш рет жүзеге асырылып жатқанын, елде мұндай мәселелерді шешу тәжірибесі болмағанын, сондай-ақ жоғары білікті мамандардың жетіспегенін де түсінуіміз керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Елігімай ТӨҢКЕР,
«Egemen Qazaqstan»