Отарлаушы билікпен ауыз жаласып, аға сұлтанның заседателі болған Естеместің Есенейінің бұрынғы қыстау салған жері шекаралық «Қасірет белдеуінің» бойында, Қызылжарға жақындау маңда болған соң, патшалықтың жергілікті билігі оны шекара күзететін казактар отрядына алып беріп, өзіне басқа ұнаған жерін алуды ұсынады. Есенейге ұнаған жер – Ақсары Керейдегі Нұралы атасына қарайтын Қожағұлдың мекені, оның иелерін күшпен көшіруге тырысады. Отарлық билік қостаған Есенейге қарсы қайрат қыла алмаған Қожағұл дауды шешіп, кесімін айту үшін сол кездегі аузы дуалы Тоқсан биге жүгінеді. Қара қылды қақ жарған Тоқсан би Есенеймен жақсы қарым-қатынаста болғанына қарамай, оның мына ісінің әділетсіз екенін бетіне айтып, біреудің жерін күшпен алуы зорлық екенін ұғындырмақ болады. Алайда Есеней қайтпайды. Үш айтқанда да сөзін жерге тастағаны үшін көңілі қалған Тоқсан би оның ұрпақсыз қалуын тілеп, теріс батасын берген екен. Қарғысы қате кетпей, бата тиіп, сол кезде Есенейдің екі бірдей ұлы бірінің артынан бірі өліп, ақырында ұрпақсыз қалады. Ал Қожағұлдың ауылы туған жерінен ажырап, жылап-еңіреп, Көкшетау қаласының оңтүстік-шығысында отырған ағайындарының арасына баруға мәжбүр болады. Қожағұлдың баласы Тұрлыбайдан туған немересі Біржан осы мекенде өмірге келеді. Бірақ атасының бауырында өскендіктен, ол «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын...» деген сөзінен жаңылмаған.
Біржан сал өмірінің осы тарихын жақсы білетін, оның үстіне мұнда қалған ағайындарымен, кейін Біржанның баласы Теміртас қызыл өкіметтен қуғындалып, ата қонысына қайта көшіп келгенде араласқан адамдарды көрген қызылжарлық ақсақалдар ән мен жыр кешінде осы әңгімелерді түбінен таратып берді. Облыстың құрметті азаматы, атақты домбырашы Серікбай Құсайынов пен ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев Біржан өмірін зерттегісі келген адамдар болса, айтып беретін деректі білетінін ескертті. Әсіресе Серікбай ақсақалдың бұл тарапта жинаған дүниесі мол екен. Ол тіпті «Біржан – Сара» айтысын да ең алғаш қағазға түсірген адамның кім екенін де білетін болып шықты.
Ал Қызылжар өңірінің тарихы мен өнерін зерттеп, өлкетанумен ежелден бері айналысып келе жатқан әнші Дәстен Баймұқанов бұл кеште кәріқұлақтардан естіген Біржан әндерінің шығу тарихы туралы кеңінен әңгімеледі. Сонымен бірге ол Біржанның атақты «Теміртас» әнін домбырамен құйқылжыта орындап берді.
Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің оқытушысы Алпысбай Ерасыл Біржан салдың «Жамбас сипар», «Жонып алды» әндерін арқыратып орындады. Ақын, композитор әрі әнші Біржанның Қызылжарда ізбасарлары мол екен. Соның тағы бірі – М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың «Музыкалық пәндер» кафедрасының студенті Абылайхан Ақмағанбет ақынның «Он саусақ» әнін орындады.
Кештің сәнін белгілі әнші, бірнеше республикалық конкурстардың лауреаты, қазіргі қазақ қоғамында дәстүрлі әндерді орындаушылар арасында өзіндік орны бар Біржан Есжан арттырды. Ол Біржан салдың «Айбозым», «Адасқақ», «Айтбай», «Ләйлім шырақ», т.б. әндерін құйқылжыта шырқап, тыңдарманның көңілін көтерді. Сонымен бірге ол орындаған әндерінің шығу тарихын, олар туралы музыка білгірлерінің бағалары мен пікірлерін де қоса жеткізіп отырды. «Біржанның алпыстан артық әндері халық арасына кең тарап, қазақ өнерінің биік шыңынан орын алып келеді», деді ол.
Петропавл