Қазақстан • 18 Қараша, 2024

Ұлы көш бастау алған күн

181 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

18 қараша 1991 жыл атаулы күн болып Қазақстан тарихында өз орнын табатынын кім білген.

1991 жылы Алматы қаласында Қазақ ССР-ы  Еңбек министрлігінен Қоныстандыру бөлімі құрылып, министрдің бұйрығымен құрамы 4 адамға бекітілді. Сол кездегі Еңбек министрі Саят Дүйсенбайұлы Бейсенов алғашқы құрылған бөлім қызметкерлерін өзіне жинап жиналыс өткізген еді. Сонда бөлім мамандарына «Қазақ деген қаның бар ма? Бар болса ғана сол сырттан келетін қандас бауырларыңмен жұмыс істейсіңдер» деп ескерткені әлі құлағымызда сақталды.

Ұлы көш бастау алған күн

Алғашқы осы Көші-қон бөлімін Камалиев Памир Камалиұлы басқарып, бөлімде Қонақбаев Марат Жұмашұлы, Құсайынова Ғалия Жақанқызы және Марат Есімқұлұлы Тоқсамбаев қызмет атқарды.

Осы аталған қаулының жобасын әзірлеу және тиісті мемлекеттік органдармен келісу мәселесі министрліктің бөлім мамандарына жүктелгені әлі есімде. Қаулының жобасымен 2 айдан аса уақыт құзырлы органдармен келісілді. Кейбір министрліктер тарапынан кедергілер мен қиындықтар туғызды. Күнде кешкісін министр Саят Дүйсенбайұлы Бейсеновке баяндап отырдық. Министрдің өзінің тікелей тиісті мекемелер басшыларына тездетіп қарап, мәселені қиындатпай көмек көрсету туралы тапсырмасының нәтижесінде осы қаулы 1991 жылы 18 қарашада қабылданғанын мақтанышпен айта аламыз.

Негізінде заңнамалық тұрғыдан қарағанда қандастар мәселесі 1991 жылы 18 қарашадан бастап реттеле бастады десем артық болмас.

Себебі бұл күні Қазақ ССР Министрлер Кабинетінің №711 «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ ССР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» Қаулысы шықты.

Аталған құжат бойынша әлі «оралман» атауы қолданыста болмай тұрып, «байырғы ұлт адамдары» деп аталған. Онымен қоса аталған құжат тек қана қазақтарды Қазақстанға қайтаруға ғана емес, мемлекеттегі күрделі жағдайда тұрған ауыл шаруашылығы мәселелерін де шешу көзделді.

Сол мақсатта шетелдік қазақтарды елдегі аграрлық аудандарға орналастыру мен олардың жағдайларын жасауға байланысты нақты шараларды жүзеге асыру жоспарланды.

Сонымен қатар осы шараның жалғасы ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ə. Назарбаев өзінің 1991 жылы 31 желтоқсандағы радиодан шетелдік қазақтарға арнап сөйлеген сөзінде: «Қымбатты  отандастар!  Ежелгі  атамекенінен  жырақтап  қалған  Сіздерді  кешегі  күнге  дейін  «Ата-баба  жеріне  қайтып  келе  аламыз  ба?»  деген  сұрақтың  алаңдатып  келгенін мен жақсы білемін. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды  байырғы  ата  қонысына  тарту  мақсатында  адам  правосы  туралы  еларалық  ережелерді  басшылыққа  ала  отырып,  Қазақстан  Үкіметі  «Басқа  республикалардан  жəне  шетелдерден  селолық  жерлерде  жұмыс  істеуге  тілек  білдіруші  байырғы  ұлт  адамдарын  Қазақстанда  қоныстандыру  тəртібі  мен  шарттары  туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық», деп атап өтті.

Осы қаулы қабылданғаннан кейін «Көшіп келу туралы», «Халықтың көші-қоны туралы» Заңдары және ҚР Президентінің әр календарлық жылға арналған оралмандардың көшіп келу квотасын белгілеу туралы Жарлықтары мен көптеген нормативтік-құқықтық актілер бірінен кейін бірі қабылдана бастады.

Кеңес Одағының ыдырауы жаңа тәуелсіз мемлекеттерді кеңес дәуірінен алшақтату үшін шетелдегі отандастарды тарихи  Отаны - Қазақстан аумағына шоғырландыру және ең бастысы олардың оралуына жағдай жасауға итермеледі. Бұл ретте Қазақстан ерекшелік танытпай, ұлт болуға қалыптасудағы жаңа жобаның негізі ретінде этникалық қазақтарды бір ортаға жинау үрдісіне қосылды.

Қазақ халқының болашағы үшін өте маңызды мұндай игі іс  бұған дейін біздің елімізде мүлде қолға алынбаған еді. Керісінше, кезінде Қазақстанға сырт жерлерден түрлі ұлт өкілдері жүз мыңдап, миллиондап әкелінгені баршамызға мәлім. Осының салдарынан Қазақстандағы қазақтардың үлесі 30 пайызға дейін төмендеп, ұлт ретінде жойылып кету қаупіне душар болды.

Бұл мәселені шешудің бір жолы ретінде этникалық репатриация таңдалды.

Осы орайда 1991 жылы Алматы қаласында орналасқан Қазақ ССР-ы  Еңбек министрлігінен Қоныстандыру бөлімі құрылып, құрамына 4 адам кірді. Сол кездегі Еңбек министрі Саят Дүйсенбайұлы Бейсенов алғашқы құрылған бөлім қызметкерлерін өзіне жинап жиналыс өткізген еді. Сонда бөлім мамандарына «Қазақ деген қаның бар ма? Бар болса ғана сол сырттан келетін қандас бауырларыңмен жұмыс істейсіңдер» деп ескерткені әлі құлағымызда сақталды.

Алғашқы осы Көші-қон бөлімін Камалиев Памир Камалиұлы басқарып, бөлімде Қонақбаев Марат Жұмашұлы, Құсайынова Ғалия Жақанқызы және Марат Есімқұлұлы Тоқсамбаев 2016 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін басқарма басшысы лауазымында қызмет етті.

Фото

Фото

Фото

Фото

Кейіннен 1992 жылы министрліктің құрамында Көші-қон департаменті құрылып, төрағасы қызметіне министрдің орынбасары Ғазиз Есмұқанұлы Есмұқанов тағайындалды.

Департамент басшысының  орынбасары Памир Камалиұлы Камалиев, бөлім бастықтары Избанов Мухит Кәрімұлы, Арғынбаев Данияр Аралбайұлы, бас мамандар Тоқсамбаев Марат Есімқұлұлы, Құсайынова Ғалия Жақанқызы және маман Абибеков Ахмет пен Дауытбаев Сейтхан қызмет етті.

Алғашқы көш керуенін ұйымдастырушылар

Моңғолияның қазақтары 1991 жылы Моңғолия елінің Баян-Өлгей, Ховда, Хэнтей аймақтары мен Дархан, ел астанасы ‒ Ұлан-Батыр қаласы төңірегінен атойлап тарихи отандарына ұлы көшті бастап кетті.

Моңғолиядан 1991 жылы Талдықорған облысы Кербұлақ ауданына 96 адаммен келген ең алғашқы көш легі осынау ұлы көштің бастауы болғанын біреуі білсе, біреуі білмейді.

Жалпы, осы көштің ұлағатты сара жолының басында Сағат Зақанқызы мен Аятқан Тұрысбекұлы тұрды деп айтсақ артық болмас.

Бұл екі кісі 1991 жылы 19 шілдеде Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің шешімімен Алматы қаласында ашылған Моңғолия Еңбек министрлігінің өкілдігіне басшылық жасайды. Өкілдік төрағалығына ‒ Сағат Зақанқызы, орынбасарлығына ‒ Аятқан Тұрысбекұлы тағайындалады.

Фото

Фото

Сонымен, алғашқы көш легі Моңғолиядан басталып, Иран, Пәкістан, Ауғанстан, Қытай Халық Республикасы, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресеймен жалғасын тапты.

Фото

Бұл ұлы көш Н.Ә. Назарбаевтың «Алыстағы ағайынға ақ тілек» деген үндеуінің әсерінен бастау алды.

Алыс шетелдерден ағайындарды елге көшіру әртүрлі тәсілдермен жүргізіліп, біршама кедергілер мен қиындықтарды жеңе отырып, абыроймен атқарылды (автокөліктермен, теміржол, әуе және теңіз жолдарымен)

1992 жылы Моңғолияның Еңбек министрлігі мен Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігі арасында жасалған келісімшартқа сәйкес Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан қандастарды Қазақстан Республикасың аумағына ұйымдасқан түрде көшіріп алу мен жүктерін тасымалдау мақсатында 1,5 мыңға жуық автокөлік бөлініп, отбасы мүшелерін Өскемен қаласы арқылы күніне Өлгей әуежайынан 10 рейспен тасымалдады.

Қазақстан Республикасы тарапынан осы көшті ұйымдастыруға жұмыс тобы құрылып, құрамына мемлекеттік органдардың қызметкерлері енгізіліп, ҚР Еңбек министрлігі Көші-қон департаменті төрағасының орынбасары Памир Камалиұлы Камалиевпен бірге мен де қатысқан едім.

Жұмыс тобының алғашқы отырысын Баян-Өлгей аймағының сол кездегі әкімі Күнтуғанұлы Мизамхан басқарып ашып, іс-шара жоcпарын бекітті және тиісті мекеме басшыларына тапсырмалар бергеннен кейін жұмысымыз басталып кеткен еді.

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында 1992 жылы тамыз айында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Шерхан Мұртаза, сол кездегі Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығы төрағасының орынбасары жазушы Қалдарбек Найманбаев, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің өкілі, дипломат Қайыр Омаров ағаларымыз, тасымалдаушы әуе компаниясының өкілі, кәсіпкер Нығарбайұлы Төлеубай және басқа да көптеген бауырлардың қатысуымен өткен іс-шарада тарихи Отаны - Қазақстанға көшкелі тұрған ағайындарға ақ батасын беріп, ұшақ айлағында шығарып салған едік.

Фото 

 Фото

(Аймақтың бас прокуроры «Монғолияға еңбек сіңірген заңгер» Мерейхан Қабдылұлы, ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Ғазиз және Тоқсанбаев Мараттың көшті шығарып салғаннан кейінгі демалыс сәті).

Фото

2010 жыл. Моңғолияда болған төтенше жағдайға байланысты гуманитарлық көмек көрсету мақсатында Ұлан-Батыр қаласына Еңбек министрінің орынбасары Б.Нұрымбетов бастап барған ҚР Үкіметі делегациясы. Делегацияны Моңғолия Парламентінде қабылдау сәтінен)

1991 жылы Моңғолия елінің Баян-Өлгей, Ховда, Хэнтей аймақтары мен Дархан, ел астанасы Ұлан-Батыр қаласы төңірегінен атойлап тарихи отандарына ұлы көшті бастап кетті. Осы көшті қазақтың қайсар қызы Сағат Зақанқызы мен Аятқан Тұрысбекұлы ашып берді.

Моңғолиядан 1991 жылы Талдықорған облысы Кербұлақ ауданына 96 адаммен келген ең алғашқы көш легі осынау ұлы көштің бастауы болғанын біреу білсе біреу білмес.

Міне осылай өз тарихи Отаны - Қазақстанға оралудың сара жолын ашқан тәуелсіздікпен кіндіктес көш керуенге биыл 30 жыл толып отыр.

Сонымен қатар Қоғам қайраткері, Моңғолияның Байланыс саласының үздігі Құрманбайұлы Үзбенмен ең алғашқы Моғолиядан 1991 жылы басталған ұлы көштен яғни 30 жылға жуық білемін десем артық болмас.

Сол кезеңде Құрманбайұлы Үзбен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының Байланыс басқармасының басшысы қызметін атқаратын.

 

Сол алғашқы көшті ұйымдастыру мен оны іске асыру оңайлыққа соққан жоқ. Көптеген қиындықтар мен кедергілерді бастан кешірген едік.

Өлгей қаласының қонақ үйінде орын жетіспейтін болғандықтан Қазақстаннан барған жүргізушілер мен мамандарды орналастыру қиынға соққан кезде, сол аймақтың тұрғындары мейірімділік танытып, өздері қысылып отырса да әрқайсысы өз үйлеріне бөліп алып, өздері ішіп отырған тамақтарын бөліскені әлі көз алдымда.

Сонымен қатар көш мәселесі бойынша мәлімет алу мен беру, сондай ақ Қазақстандағы жергілікті әкімдермен, құзыретті министрліктермен хабарласып отыруға көптеген қиындықтар туындағаны әлі есімде.

Осы мәселені шешуде Үзбен Құрманбайұлының берген көмегі орасан зор.

Міне осындай адамдардың бір-біріне деген мейірімділігінің, ыстық ілтипат көрсетулерінің арқасында шешілмей жатқан кейбір мәселеге оң нәтижесін берген еді. Оның бір мысалы ретінде айта кетейін Моңғолияның астанасы Ұлан-Батыр қаласынан келе жатқан жүк тасушы моңғол азаматы жолда машинасының моторы істен шығып, жүгімен тұрған қазақстандық автокөлікті өзінің машинасына тіркеп алып, ешқандай ақша талап етпей 12 сағат дегенде Өлгей қаласына жеткізгенін өз көзіммен көргенмін. Өз жұмыс-шаруасын кейінге қалдырып, жолынан қалып игі іс атқарған, мейірімділік көрсеткен нағыз азамат.

 

Марат ТОҚСАМБАЕВ,

ҚР Еңбек және әлеумет саласының үздігі,

Еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері,

Алматы облысы Райымбек ауданының және Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының «Құрметті азаматы»