Фестивальдің жарқын сәттерінің бірі - «CareerTime» кәсіптік бағдар беру фестивалі болды. Бұл ауқымды іс-шара жастардың кәсіби бағыт-бағдарын анықтауға және еңбек нарығының қажеттіліктерімен танысуға мүмкіндік берді. Фестивальге Алматы қаласының 26 жоғары оқу орны, 30 ірі компания 400 бос жұмыс орындарын ұсынды, ал қатысушылардың жалпы саны 2000-нан астам мектеп бітірушілері мен жұмыссыз жастарды құрады.
- «Almaty Students Week» фестивалі – қаламыздың белсенді жастарының басын қосқан үлкен алаң болды. Әрбір қатысушы өзін танытып қана қоймай, Алматы студенттер қауымдастығының дамуына өз үлесін қосты. Бұл фестиваль жастардың арманын жүзеге асыра алатындығын және маңызды құндылықтарды қолдайтындығын дәлелдеді. Біз студенттерімізбен мақтанамыз және олардың бастамаларын қолдаймыз, - деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
«ALMATY STUDENT’S WEEK» апталығы аясында «Ең үздік студенттік топ - 2024» байқауының финалдық кезеңі өтті.
Байқау Алматыдағы ЖОО және колледж студенттерінің басын бір ортаға біріктірді. Байқауға қатысу үшін 30-дан аса өтінім келіп түсті. Сайысқа жалпы Алматының 300-ден астам студент жастары қатысуға ниет білдірді.
Байқау қорытындысы бойынша Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің «BusinessLAB» студенттік тобы қаланың «Ең үздік студенттік тобы» болып танылды. Ал II орынды Қазақ ұлтық аграрлық университетінің «DreamTeams» студенттік тобы, III орынды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Histrue» студенттік тобы иеленді. Жеңімпаздар дипломдар мен ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Апталықтың ерекше шараларының бірі Әуезов ауданы комьюнити орталығында өткен «PROдвижение»: Жас көшбасшылардың идеялар фестивалі болды. Мерекелік атмосфераны ерекше ету үшін іс-шара «Гарри Поттер» стилінде ұйымдастырылды.
Сонымен қатар Алматыда ерекше қажеттілігі бар жастар үшін қолжетімді ортаны құруға бағытталған «Alrathon» байқауы өтті. 100-ден астам қатысушы топтарға бөлініп, өз жобаларын әзірлеп, сарапшылардың қолдауына ие болды. Бұл байқау жасанды интеллект технологияларын кеңінен насихаттауға және оларды әлеуметтік мәселелерді шешуде қолдануға мүмкіндік берді.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Молодежная лига КВН Алматы» ойындары өтті. Қаламыздың әзілкеш студенттері бір сахнада бас қосты.
Ал апталықтың әдемі нүктесі қаламыздың 1000-ға жуық студенттердің басын қосқан Медеуде өткен «ICE Party» болды. Мерекелік кеште студенттер үшін мұз үстінде қызықты конкурстар, интерактивті ойындар және флешмоб ұйымдастырылды. Шара барысында жас өнерпаздар өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
«Ең алдымен, «Almaty Student Week» іс-шарасын ұйымдастырған барша жанға шынайы алғысымды білдіргім келеді. Осы іс-шараның арқасында мен тек білімімді жетілдіріп қана қоймай, сонымен қатар жаңа достар таптым. Осындай бастамалар бізді, студенттерді, жаңа идеяларға, дамуға және қаламыздың өміріне белсенді атсалысуға жетелейді. Ұмытылмас сәттер үшін алғыс айтамын!», деді фестиваль қатысушысы Алдияр Бақытбеков.
«Almaty Students Week» фестивалі студенттер күнін атап өтудің жаңа дәстүрлерін нығайтып, жастардың шығармашылығы мен өзін-өзі дамытуына жаңа мүмкіндіктер ашты. Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, аталмыш жоба келесі жылы да жалғасын табады.