Мәдениет • Бүгін, 15:45

Фестивальдік кино – көңіл көтеретін контент емес

18 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі еліміздегі ең ірі кино оқиғасы болмақ. Талқы таразысына түскелі тұрған жұмыстар сарапшыларды жанр алуандығымен қатар, мазмұн тереңдігімін таңғалдырған. Бұл туралы фестивальдің іріктеу комиссиясының төрағасы, философия ғылымдарының докторы Айбарша Бөжеева айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Фестивальдік кино – көңіл көтеретін контент емес

Іріктеуге әлемнің түкпір-түкпірінен 60-тан астам фильм түскен. Комиссия мүшесі қатарына отандық және шетелдік киносыншылар шақырылған. Олар ұсынылған туындыларды мұқият зерделеп, тек талапқа сай келетін фильмдерді іріктеп алған.

«Бірінші кезекте біз фильмдердің ой тереңдігіне назар аудардық. Фестивальдік кино – көңіл көтеретін контент емес, бұл бірегей туынды. Ол көрермен көңіліне сауал тастайды, сөйте отырып оған жауап іздеуге ұмтылдырады», дейді Айбарша Бөжеева.

Іріктеуден өткен фильмдердің басым бөлігі – авторлық туындылар. Олар көпшілік үйренген дәстүрлі жанр шекарасынан шығып, қалыптасқан қағиданы сындыруға тырысады. Сол арқылы тыңнан түрен салып, жаңа өріс іздейді.

«Менің фаворитім – француз фильмі «Disco boy». Бұл босқындар туралы экшн емес, ол адам болмысының қабат-қабат қатпарлары туралы терең туынды. Күтпеген финал, пәлсапалық ой көрерменді ерекше эстетикалық ләззатқа бөлейді. Мұндай кино тек Фрэнсис Коппола сияқты мықты режиссерлердің деңгейінде бағаланады», дейді комиссия төрағасы.

Сондай-ақ Айбарша Бөжееваның пікірінше, бүгін көңіл көтеретін контент басымдыққа ие. Сондықтан фестивальдік кино қазір ауадай қажет.

«Бұл туындылар өмірдің тылсым әрі терең мағынасын ұқтырып, әлемге көңіл көзімен қарауға қарауға мүмкіндік береді. Жасырынып келген ақиқат сәулесін санамызға түсіреді», деп қорытындылады сарапшы.

Айта кетейік дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы – Мәдениет және ақпарат министрлігі. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.