Спорт • 20 Қараша, 2024

Алты жаста – әлем чемпионы

51 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екібастұз қаласының алты жасар Хадия Құнаева джиу-джитсудан Абу-Дабиде өткен халықаралық турнирде KIDS 2 санатында мерейі үстем болып, әлем чемпионы атанды. Әкесі қызы мен өзге де шәкірттерін аталған додаға апару үшін жеке көлігін сатуға мәжбүр болыпты.

Алты жаста –  әлем чемпионы

Чемпион қызды әкесі жаттықтырады. Бұл отбасында Хадиядан бөлек тағы бес бала джиу-джитсумен шұғылданады. 42 жастағы Самат Құнаевтың джиу-джитсумен айналыса бастағанына бірнеше жыл болды. Көптеген әлем чемпионаттарына қатысып үлгерген ол спортқа келгелі денсаулығы дұрысталғанын айтады. Отағасы бүгінде грэпплингтен Қазақстанның спорт шебері. Әкесінің жетістігі балаларын шабыттандырып, бүгінде жетеуінің алтауы оның жолына түсті.

– Кенже балам үш жарымда, оған спортпен шұғылдануға әлі ерте. Ал Хадияның спортпен айналысып жүргеніне екі жылдай болды, бұған қоса еркін күрестен де жаттығады. Әлем чемпионы атануға күрестің де пайдасы тиді. Өзім Абу-Дабиде өтетін халықаралық турнирге 2021 жылдан бастап қатысып, үш жыл қатарынан жүлдегер болсам, биыл бірінші орынды иелендім, – дейді Хадияның әкесі.

Самат Нұртайұлы балаларды джиу-джитсуге баулиды. Өз балаларынан бөлек, Екібастұзда 100-дей бала оның тәлімін алып жүр. Абу-Дабидегі турнирде Хадиямен қоса, бапкердің жат­тығуларына қатысып жүр­ген шәкірттері – 8 жасар Сирин әлем чемпионы атанса, 13 жастағы Сальсабиль үшінші орыннан көрінді.

Жыл сайын өтетін дәс­түрлі турнирге балаларды апа­руға С.Құнаев 2022 жылдан бері демеуші іздеп келеді. Екі­бастұздағы ірі кәсіпорындарға хат жазып, көмек сұрағанымен барлығы қолдау көрсетуден бас тартқан. Ақырында бапкер өзінің жеке автокөлігін сатуға мәжбүр болған. Ақшаның көп бөлігі ұшақ­пен ұшуға, жатар орынға кетіпті.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы