Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мамандары биыл көктемде егілген ағаш көшеттерінің жерсіну, яғни өсу қабілетін сақтап қалу көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда едәуір артық екенін мәлім етті.
– Павлодар облысы әкімдігіне қарасты орман қорғау мекемелерінің аумағында 6,8 миллион дана екі жылдық қарағай көшеттері отырғызылды. Олардың жалпы ауданы 1,2 мың гектардан асады. Ормандарды молықтырудың бекітілген кешенді жоспарына сәйкес отырғызу көлемі толық игерілді. Айта кету керек, орман-мәдени жұмыстардың бір бөлігі, шамамен 25 пайызы меморандум шеңберінде Еуразиялық топ кәсіпорындарының қаржыландыру есебінен жүзеге асырылды. Жүргізілген түгендеу қорытындысында көктемгі екпелердің жерсіну көрсеткіші орташа алғанда 56,4 пайызды құрады, бұл өткен жылдардағы көрсеткіштерден едәуір асып түсті. Орман күзеті отырғызылған көшеттерді тиісті күтіммен, қорғаумен қамтамасыз етеді, – деп хабарлады басқарма басшысы Сағын Төлеутаев.
Ал облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өткен айда үш бірдей орман қорғау мекемесін зерттеп, кейбір жерлерде егілген көшеттердің 70 пайызға дейінгісі өсу қабілетін сақтап қалғанын анықтаған. Мұндай зерттеу жұмыстары алдағы күндері «Ертic орманы» резерваты мен Баянауыл ұлттық паркі аумағында жүргізіледі деп күтіліп отыр.
Павлодар облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы – 478,7 мың гектар. Оның 275,5 мың гектары (57,5 пайызы) орманмен көмкерілген. Өңірдегі орман қорының сақталуына «Ертіс орманы» МОТР» РММ, «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ, облыс әкімдігіне қарайтын Павлодар, Үрлітүп, Максим Горький орман мекемелері, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның жергілікті филиалдары жауапты. Орманда негізінен қарағай, қайың, қарағаш, көктерек, терек өседі.
Аталған орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту бүгінде негізгі мәселе болып тұр. Облыстық әкімдікке қарайтын орман құрылымдары өрт сөндіру көліктерімен толықтай қамтылған.
«Соңғы 3 жылда өңірдегі орман мекемелеріне облыстық бюджеттен шамамен 1,6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оған 5 өрт автоцистернасы, 8 трактор, 10 шағын орман өрт кешені, 33 мотоцикл, 16 ағаш отырғызу машинасы, 11 соқа, 4 дискілі тырма, 101 рация сатып алынды. Биыл 4 өрт сөндіру автоцистернасы жеткізілді. Осылайша, орман шаруашылығын өрт сөндіру машиналарымен жарақтандыру мәселесі толығымен шешіліп, бұл көрсеткіш үш өңірлік мекемеде 100 пайызды құрады. Яғни 3 мекемеде 15 бірлік техника бар», деп хабарлады Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасынан.
Жыл соңына дейін орман күзетіне патрульдік техника, әкімшілік істерді жүргізуге арналған планшеттер сатып алу, сондай-ақ орман шаруашылықтарының радиобайланысы мен ұйымдастыру техникасын жаңарту жоспарланып отыр.
Биыл «Ертіс орманы» резерватында ағаштарды заңсыз кесу оқиғаларының күрт азайғаны да тіркеліп отыр. Жыл басынан орман ұрлығына қатысты небәрі бір факті анықталған.
«Резерват қызметкерлері мен тәртіп сақшыларының бірлескен жұмысының нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда биыл заңсыз ағаш кесу 97 пайызға азайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2023 жылдың 9 айында заңсыз ағаш кесудің 30 оқиғасы тіркеліп, көлемі 452,5 текше метр (келтірілген шығын көлемі – 9 млн 328,1 мың теңге) залал келтірілген. Ал жыл басынан «Ертіс орманы» бойынша 2,2 текше метр көлемінде заңсыз ағаш кесу, орман ұрлаудың бір фактісі тіркелді», дейді резерваттың бас директорының міндетін атқарушы Қазбек Әметов.
Жергілікті орман шаруашылықтары келер жылы 1400 гектар алаңда 8,5 млн дана көлемінде орман дақылдарын отырғызуды жоспарлап отыр.
Павлодар облысы