Оқиға • 20 Қараша, 2024

ҚазҰУ мамандары LLM тілдік моделін әзірлейді

113 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 90 жылдық мерейтойына орай баспасөз турын өткізіп,  бұқаралық коммуникация өкілдеріне оқу ордасының жетістіктерін таныстырды.

ҚазҰУ мамандары LLM тілдік моделін әзірлейді

Жалпы ауданы 5 мың шаршы метрді алып жатқан «Farabi Hub» инновациялық безендірілуімен ерекшеленеді. Заманауи орталық креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобаларға арналған. Мұнда әлемге белгілі ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорациясы мен басқа шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми-зерттеу институттары орналасқан.    

Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы, Ми институты, «Робототехника және мехатроника RoboMech» ғылыми-білім беру орталығы, Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институты, сот сараптамалары орталығы, Ашық үлгідегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасы мен Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығының ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобалары алдағы уақытта ғылым саласындағы тың жаңалықтарға жол ашпақ.  Сондай-ақ ҚазҰУ-дың ZTE, BASF, Binlin корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жұмыс нәтижелері де университет студенттері үшін заманауи білім мүмкіндіктерін қарастырады.

Қазіргі таңда ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асырып жатыр. Келер жылы Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетімен бірлесіп, ғарышқа микроспутник ұшыруды жоспарлап отыр.

Оқу ордасының ғалымдары Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 4 млрд теңгенің мегагрантын жеңіп алған болатын. Батыс Қазақстан өңіріндегі стратегиялық маңызды міндеттерді шешуге бағытталған жоба үш жыл ішінде жүзеге асады.

Биыл университет зерттеушілері сонымен бірге 3 млрд теңгенің мегагрантына қол жеткізді. Яғни, ҚазҰУ мамандары қазақ тілі мен технологиялық прогресті қолдауға арналған LLM тілдік моделін әзірлейтін болады.

Ғылыми орталықтан кейін журналистер қалашықтағы №9 жатақханаға барып, студенттер үйінде жастардың игілігі үшін жасалған жұмыстарды көрді.

Қазіргі таңда ҚазҰУ қалашығында 15 жатақхана бар. Ағымдағы оқу жылында 3 жатақханаға күрделі, 12 студенттер үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі аясында 3 жаңа жатақхананың құрылысы қолға алынбақ. Тоғыз қабатты 3 студенттер үйі 2 031 орынға арналған.

Баспасөз туры аясында 10 инновациялық зертханадан тұратын география және табиғатты пайдалану факультетіндегі «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы таныстырылды. Ғылыми орталықта ғалымдар су ресурстарының сапасын талдау, топырақ құрамын зерттеу, климат өзгерісін бақылау, экологиялық қауіптің алдын-алу, отандық туризмді дамыту бағытында жұмыстар жүргізеді.

БАҚ өкілдері  Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі салдарынан орын алған су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы сияқты экологиялық мәселелерге  мониторинг жасайтын «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай зертханасына да барды. 

Жерді қашықтықтан бақылау арқылы қауіп-қатерді алдын ала ескертіп, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижелері, мұнымен қоса Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы аясында ашылған зертхана Орталық Азияда табиғат ресурстарына мониторинг жүргізетін жалғыз  орталық.

2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесу нәтижесінде Қазақстанға суперкомпьютер әкелу туралы келісімге қол қойылған болатын. Биыл Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары барысында екі мемлекет басшысы Орталық Азиядағы ең жоғары суперкомпьютерді ҚазҰУ-ға орнату туралы келісімге келді. Жоғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақстан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекеттік органдардың түрлі жағдайларын модельдеуге және отандық IT саласын дамытуға септігін тигізеді. Орталық Азияда ең қуатты саналатын құрылғының  жоғары өнімділігі 1,94 PFLOPS құрайды. Сондай-ақ әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің тізіміне кіреді.  Қазіргі таңда құрылғыны орнату жұмыстары жүргізілуде.

Баспасөз туры аясында проректор Еркін Дүйсенов журналистерге атқарылған ауқымды жұмыстар жөнінде ақпарат беріп, алдағы жоспар туралы баяндады.

Қазіргі кезде университетте химия және химиялық технология факультетінде жаңадан ашылған «Farabi Chem Science» кластері жұмыс істеп жатыр. Кластер химия мен материалтану саласындағы озық зерттеулерді дамытуға бағытталған. Кластер құрамына 9 зертхана кіреді. Мұнда  ғалымдар химия өнеркәсібіндегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған түрлі жобалармен айналысуда. Мысалы, қазіргі таңда «Chemical Coating Innovations» ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары машина жасау және техникалық құрал жасау қажеттіліктері үшін, сондай-ақ кәдесыйлар мен зергерлік бұйымдарын өңдеп, арнайы гальваникалық қаптамалар шығарумен айналысады.

Елімізде алғаш жүзеге асқан жоба да ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі.  «ChemMedLab» зертханасының мамандары ота кезінде пайдаланылатын хирургиялық жіпті жетілдіріп, бетіне антибактериалды жабын жасап шығарды. Болашақта ғалымдар аталған жобаны нарыққа шығаруды көздеп отыр.

АЛМАТЫ