Ж.Ахметов бұрынғы «Меңгесер» кеңшарының орнына құрылған «Мамбетов и К» ЖШС-да бірнеше жылдан бері озат комбайншы атағын бермей келе жатқан жігіт.
– Әкем комбайншы болды. Жаңбыр жауып, жер саз болып, комбайн жүре алмай қалғанда егістік ауыл маңында болса «Нивасын» үйдің алдына әкеліп қоятын. Сондайда балалардың ермегі комбайнның кабинасына кіру болатын. Әкемнің «құлап қаласаңдар, мертігесіңдер» деп ұрысқанына қарамай «Нивадан» түспейтінбіз. Әсіресе мен оның рулін айналдырғанды жақсы көруші едім. Басқа балаларды оған жолатпауға тырысатынмын. Түсіме де комбайн кіретін. Ақыры сол, әкемнің комбайнына мінгеннің әсерімен мен де комбайншы болдым», дейді еңбек майталманы. – Қазіргі комбайндар тамаша, іші ыстық емес, кондиционерлері бар, шаң да кірмейді, ақ көйлекпен отырып, аппақ жағаңа кір шалдырмай шығуға болады. Тек оның жағдайын қатаң бақылап, түрлі көрсеткіштердің талабын үзбей орындауың керек. Мысалы, май азайып қалды деген белгімен түймешенің сары жарығы жанса, бірден тоқтап, май құюың керек. Бізде кейбіреулер ондайды елемей қызыл жарық жанғанша жүре береді. Сөйтіп, тамаша комбайнның істен шығуына әкеп соқтырады. Ал мен өз комбайнымды қызымдай мәпелеймін, соның арқасында ол орақ бойы тоқтамай, міне биыл үлкен жетістікке жетіп отырмыз.
Шынында, Жамбыл Байқуанышұлының биылғы жетістігі орасан. Ол 29 500 центнер астық жинап, өзі үшін де, шаруашылық үшін де рекорд жасап отыр. Баяғыда «Нивамен» ең көп дегендер 10 мың центнерден астық жинағанға мәз болса, қазіргілер одан үш есе артық астық жинауға қол жеткізуде екен. Озық технология дегеннің артықшылығы осы. «Мамбетов и К» серіктестігі облыстағы озық шаруашылықтардың бірі. Кәсіпорын үкіметтің көмегінің арқасында немістің, американың жоғары сапалы комбайндарын сатып алып, тек солармен ғана жұмыс істейді. Шаруашылықтың бас директоры Еркебұлан Мәмбетов – Мәжіліс депутаты.
Жамбыл Ахметов – көпбалалы отбасының түлегі. Олардың отбасында 12 бала өсіп-өнген. Жамбыл мен Зураштың шаңырағында да үш бала туып-өскен. Үлкен ұлы Астанада, бір құрылыс компаниясында прораб болып істейді. Қызы – балабақшаның тәрбиешісі. Ал кіші ұлы мектеп жасында.
Шаруашылық Ж.Ахметовтің еңбегін жоғары бағалап, оған Бурабайдағы санаторий-курорттардың біріне тегін жолдама сыйлады. Ол жиырма жылдық еңбек жолында көптеген құрмет грамотасы, Алғысхаттар, ақшалай-заттай сыйлықтарға ие болған. Биылғы орақта тапқан еңбекақысы да жоғары білікті комбайншыға лайық, аса қомақты екен. Бірақ компанияның қол қойғызған талабы бойынша жалақы көлемін көлденең жұртқа жария етпейді. «Өзім риза болсам болды емес пе» деп күледі.
Солтүстік Қазақстан облысы