Қаржы • Бүгін, 09:05

Теңгені демейтін тіректі қайдан іздейміз?

42 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде доллар бағамы 500 тең­геге жетіп жығылды. Ал Ресей валютасы 1 доллар үшін 100 рубльден асып кетті. Экономикадағы импорттың үлесі теңгенің құнсыздануына әсер етіп жатыр.

Теңгені демейтін тіректі қайдан іздейміз?

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Сарапшылардың айтуынша, рубль­дің құны бес теңгеден кем болса, онда Ресей тауарлары ішкі нарыққа кері әсер етеді. Мұның бәрі басқа елдермен салыстырғанда ішкі инфляцияның өте жоғары деңгейінің қалыптасуына жол ашты. Қазіргі бағам біздің та­уар өндірушілердің жағдайына кері әсер ететінін Ұлттық банк те ішінара мойындап отыр. Сарапшылар АҚШ валютасының кенеттен күш алып кетуіне жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың жанар-жағармай бағасын төмендетуге уәде бергені себеп болғанын айтады. Егер ОПЕК елдері өндіру бойынша белгіленген шектеулерді сақтамаса, Сауд Арабиясы мұнай баррелінің бағасын 72-ден 50 долларға дейін түсіруі мүмкін.

Алдағы үш жылда ел бюджеті бір доллар үшін 470 теңге бағамы бо­­йынша есептелгенін білеміз. Демек 30 теңгелік айырмашылық байқалмай қоймайды. Ал мұнай­дың бір баррелі 50 доллар болған кезде жағдай ушыға түсуі мүмкін.

Осыдан біраз бұрын Ұлттық банк Ұлттық қордан келген кө­мек­ке қарамастан нарықта ше­тел­дік валюта жетіспейтінін, бұл жағдай тапшылық тудырып, дол­­­ларға деген сұранысты артты­рып, теңге бағамына қысым жасайтынын болжаған. Бұл жолы да солай деп жатыр. «Сырт­қы сектордағы жағдай әлі де күрделі болып отыр. Бұл жоғары құбылмалылық пен жаһандық экономикалық тәуекелдердің сақ­талуымен байланысты. АҚШ доллары дамыған және дамушы нарықтардың валюталарына қатысты нығаюын жалғастырды. DXY индексі қыркүйек айынан бері 5,5%-ға артып, 106,2 тармаққа дейін жетті. ЕМ валюталарының индексі қыркүйек айының соңы­нан 4,1%-ға төмендеді», дейді Ә.Молдабекова.

ҰБ өкілі айтып өткендей, мұнай нарығында да пессимистік көңіл күй байқалып отыр. Бұл әлем­дік сұраныстың баяу қал­пына келуі мен ОПЕК+ тарапынан ұсыныстың өсу ықтималдылығына байланысты. Соның нәтижесінде мұнай бағасы барреліне 71-72 АҚШ доллары деңгейіне дейін төмендеді.

в

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

«Шетел валютасына сұраныс­тың өсуі жалпы экономикалық бел­сенділіктің, оның ішінде сырт­­қы экономикалық белсен­ді­лік­тің артуына байланысты. Сондай-ақ оған бюджет шығыс­та­рының артуы мен квази­мем­­лекеттік компаниялардың инфра­­­құрылымдық және инвес­ти­циялық жобаларға шығын­дарының ұлғаюы сеп болып отыр. Осы фактордың барлығы жиынтығында импорттың өсуіне, сәйкесінше, шетел валютасына сұраныстың артуына ықпал етеді. Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімінің бұзылуы инвестициялық ахуалға кері әсе­­­рін тигізіп, инвестициялық жобалардың қымбаттауына және жалпы инфляциялық қысымның артуына алып келеді. Осыған байланысты валюта нарығындағы тең­герімділікті арттыру мақса­тында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсім­де­рінің 50%-ын міндетті түрде сату талабы қайта енгізіледі. Үкімет­тің тиісті қау­лысы мен Ұлттық банктің бұй­ры­ғы әзірленіп, жақын күн­­дері қабылданады» дейді Ә.Молдабекова.

Бұған дейін бұл талап 2023 жылдың тамызына дейін қол­да­ныста болған, алайда макро­экономикалық жағдайдың өзге­руіне байланысты уақытша тоқ­татылған еді. Сонымен бірге бұл талап – шиеленістерді бәсеңдету үшін жедел қолдануға болатын тиім­ді құрал.

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев доллар мен теңге дә­лізіндегі бағам 496 теңгеге жа­қын­дағанда Ұлттық банк тағы нарықты тыныштандыру үшін ауызша интервенциясы қа­лып­ты құ­былысқа айналып бара жат­қанын айтады. Қазан айында ҰБ халықты ауызша тыныш­тан­дырған кезде доллар 496 теңгеден 492 теңгеге дейін түсті.

Сарапшының пікірінше, ал­дағы екі-үш айда доллар 495 тең­­­ге­ден төмендемейді. «1 дол­лар­дың 496-499 тенгеге бағала­лануы Ұлт­тық банк үшін ауыр сынақ» дейді ол.

Сонымен қатар А.Бейсембаев теңгенің әлсіреуіне долларға деген сұраныс та әсер етіп отыр. Халық доллар сатып ала бастағанын атап өтті. Оның айтуынша, ел азаматтары тарапынан шамадан тыс сұраныс ұлттық валютаға кері әсерін тигізуі мүмкін. Бірақ ішкі нарықта теңгеге тірек болатын факторлар өте әлсіз. Ұлттық банк теңге бағамын теңшеп отыруға тырысатынын өткен жылдан бері байқап жүрміз. Мысалы, өткен жолы бағам 496 теңгеге жақындап барып, бірден 480 теңгеге дейін түсті. Сарапшының айтуынша, бұл жолы да ҰБ сол әрекетін қайталап, бағамды тек 492-ге де­йін төмендетті. Өткен жылғы көрсеткіш пен қазіргі жағдайды 12 теңге бөліп тұр. Демек ҰБ-ның нарыққа әсер ету белсенділігі әлсіреп барады. Сарапшы Расул Рысмамбетовтің айтуынша, біз нарық заңдылығына бейімделуге ниет еткен елміз. Ұлттық валю­таның қазіргі құбылуы­на үрей­ле­нудің қажеті жоқ, жағдай күрделі болғанымен, экономика қазір дағдарыста емес. Сырт­қы қарыздар бар, бірақ онша үлкен емес. Резервтер бар, дұ­рысы, дағдарыс жағдайында алдын ала іс-қимыл жоспарын әзір­­леу. Азаматтар өз деңгейінде, Үкімет өз деңгейінде белді бекем буып жүру керек. Дәл қазіргі жағдайда 500 теңге деген көрсеткіш тым қауіпті белгі емес. Бірақ теңге үшін басты қауіп рубль мен Ресей эконо­ми­ка­сының жай-күйі болып қалып отыр.

Саясаттаншуы Досым Сәт­паев­­тың айтуынша, рубль құл­дырай берсе, Ресейде өндірі­летін тауар­лар арзандай бастайды, бұл отан­дық өнімнің де өз на­ры­ғы­мыз­да тартымдылығын төмен­детеді. Қазақстанның өңдеу­ші секторларын, ең алдымен тамақ өнімдерін өндірушілердің бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру үшін теңгенің құнсыздануына қол жеткізуден басқа таңдауы болмайды. Ресейлік компания­лар ішкі нарықтан кете бас­таса да елімізбен тауар айналымы соншалықты өзгерген жоқ. Қазақстанның сауда құры­лымында оның үлесі бұрын­ғы­сынша жоғары – 19%, ал соңғы 5 жылда ол 20-25% дең­ге­йін­де құбылып отырды. 2022 жылдың шілдесінен 2024 жыл­дың шілдесіне дейін тауар айна­лы­мының жалпы көлемі 5,5%-ға өсіп, 15,1 долларға дейін жетті. Демек екі экономиканың байланысы бұрынғысынша жоғары болып отыр.

Ұлттық банк теңгені қолдау­дың сыннан өткен тәсілін қайтып қор­жыннан шығарып, теңгеге қолдау болатын тіректі сырттан емес, іштен тапқаны апта ортасында белгілі болды. ҰБ төра­ғасының орынбасары Әлия Молдабекова Ұлттық банк мем­лекеттік компанияларға валю­талық түсімнің 50%-ын ішкі на­рық­та сату бойынша міндет­те­мені қайта енгізуге дайындалып жатқанын айтты. Мұндай қадам ва­люта сұранысы мен ұсыны­сы­ның теңгерімін тұрақтандыруы тиіс.

Мемлекеттік компаниялар үшін валюталық түсімнің жартысын сату міндеттемесі 2023 жылға дейін қолданыста болды, бірақ «макроэкономикалық жағдайлардың өзгеруіне байланыс­ты» алынып тасталды. Ұлттық банк валюталық түсім­ді міндетті түрде сатуды «күй­зе­лісті жұмсартудың» тиімді құрал­дары деп атайды. Базалық сцена­рийде шетел валютасының көтеріңкі ұсынысы мен ұлттық валютаға сұраныс соңғысының нығаюына алып келуі тиіс. Ә.Молдабекованың айтуын­ша, тең­генің қазіргі әлсіреуіне мұ­най­дың әлемдік бағасының Brent маркалы шикізаттың барре­ліне 71-72 дейін төмендеуі әсер еткен. Жарияланым кезінде Лондонның ICE биржасындағы қаңтар фьючерстері барреліне 73,27 доллармен (соңғы тәулікте 0,04%-ға төмендеді) саудаланды. Сондай-ақ Ұлттық банк бас­шы­сының орынбасары рет­теуші жалпы экономикалық бел­сенділікпен байланыстыратын шетел валютасына сұраныстың өсуін және инфрақұрылымдық,  инвестициялық жобаларға бюджет пен квазимемлекеттік сектор шығыстарының ұлғаюын атап өтті.

«Валюталық нарықтағы сұ­раныс пен ұсыныс арасындағы тең­герім­нің төмендеуі инвес­ти­ция­лық ахуалға теріс әсер ете­ді, инвестициялық жобалар­дың қымбаттауына алып келеді және жалпы инфляцияға қарсы әсе­рін тигізеді», деп атап өтті Ә.Молдабекова.

 

АЛМАТЫ