Экология • 22 Қараша, 2024

Қоршаған ортаға қастық толастамай тұр

299 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Атырау облысындағы экология мәселесіне ерекше назар аударған еді. Өйткені 125 жылдан бері мұнай мен газ өндірілетін бұл өңірдің ауасы тазармай тұр. Себеп – қоршаған ортаны ластаудың әлі тоқтамауы.

Қоршаған ортаға қастық толастамай тұр

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Жол картасында қамтылған іс-шара

Атырау облыстық экология депар­та­менті басшысының міндетін атқарушы Ерлан Есеновтің айтуынша, 2022–2025 жылдарға арналған жол картасы жасақ­талған. Басты мақсат – мұнайлы өңірдің экологиялық проблемасын кешенді шешу. Жол картасында 45 іс-шараны іске асыру жоспарланған.

«Биыл жол картасын іске асыруда төрт іс-шара қамтылды. Біріншісі – Атырау об­лысының атмосфералық ауасының жай-кү­йін кешенді бағалау үшін шектеулі рауалды шығарындылардың (ШРШ) жиынтық томын әзірлеу. Жиынтық томды әзірлеуге облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тапсырыс берді. Оны мердігер мекеме – «Экосервис» ЖШС әзірледі. Екіншісі – Құрманғазы, Махамбет, Жылыой аудандарында кәріз-тазарту құрылыстарын салу жобасы. Об­лыс­тық құрылыс, сәулет және қала құры­лысы басқармасы тапсырысымен Құр­ман­ғазы ауданында кәріз-тазарту құры­лысын жүзеге асырудың жобалау-смета­лық құжаттамасын «Едем Строй» ЖШС дайындады. Жобалаушы компа­ниялар – «Vodecofiltr» ЖШС Жылыой ауда­нында, «Қазақ Су Арна Жоба» ЖШС Махамбет ауданында осындай жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр», дейді Е.Есенов.

Үшіншісі – Жылыой ауданындағы «Теңізшевройл» ЖШС-ның нысандарына жақын орналасқан елді мекендерде атмосфералық ауаның жай-күйін бағалау жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу. Бұл жұмысты «Атмосферадағы ауаны қорғау республикалық ғылыми орталығы» ЖШС-ның мамандары қол­ға алған. Соның нәтижесі бойынша зерт­телетін аумақтың атмосфералық ауасын лас­таудың ықтимал көздері көрсетілген кәсіпорындар картасы әзірленеді. Ғылыми зерттеу жұмысы жөніндегі қорытынды есеп 2025 жылғы 31 қаңтарға дейін аяқталады.

Төртіншісі – Атырау қаласының маңын­дағы «Тухлая балка» булану алаңын рекультивациялауды аяқтау. Жайық өзенінің сол жағалауында, қаладан 1,5 шақырым жерде орналасқан нысанға қатысты жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Оны іске асыратын мердігер мекемені айқындау мақ­сатында ашық электрондық конкурс өткізілді. Конкурстың қорытындысымен «Павлодар өзен порты» АҚ жеңімпаз атанып, қалпына келтіру жұмыстары жа­салды. Жаңадан салынған тазарту қон­дырғысының іске қосылуына байланыс­ты Атырау қалалық әкімдігіне тиесілі бө­лігінде ағынды суды ағызу жүзеге асырылмайды.

Сондай-ақ «АМӨЗ» ЖШС-на қарасты булану алаңын 4 секторға бөлу жұмысы жасалып, 1, 2-секторды рекультивация­лау аяқталды. Алайда облыстық энерге­тика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасы зауыттан шығатын ағындарды жаңадан салынған тазарту қондырғысына қабылдаудан бас тартқан. Соған байланысты 2 секторды рекультивациялау жұмысы уақытша тоқтатылды.

«Заңнамаларға енгізілген өзгерістер ескеріліп, 2024–2026 жылдарға арналған жаңа жол картасы жасақталды. Оны бекі­ту мәселесіне байланысты келісім жүріп жатыр.

«Биыл бірінші жартыжылдықта 1-са­натты ірі кәсіпорындар табиғатты қор­ғау іс-шараларына 22 млрд 760 млн 863 мың теңге бөлуді жоспарлаған еді. Бұл қар­жының 10 млрд 294 млн 787 мың тең­гесі игерілді. Бұдан басқа облыстық әкім­дік арқылы жоспарланған табиғат қор­ғау іс-шараларының 80 пайызы орындалды. Мәселен, атмосфералық ауаға бақылау жүргізуге қажетті жаңа құрал-жабдықтар алынды. Исатай, Қызылқоға аудандарындағы канал жағалауында бөгет тұрғызу жұмысы орындалды. 2025 жылы Атырау қаласында, Жайық өзенінің оң жағалауында аяқталатын бірнеше жоба бар. Оның бірі – сарқынды сулардың булану алаңын тазалау. Екіншісі – кәріз-тазарту құрылыстарын қайта жаңарту», деп мәлімдеді Е.Есенов.

 

Айыппұл мәселені шеше ме?

Экологтің мәліметінше, қоршаған ортаны ластаушылардың дені – мұнай-газ өнеркәсібіндегі компаниялар. Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС-ға 142,956 мың тонна шекті шығарындыларға лимит бе­­рілген. Бірінші жартыжылдықта нақ­ты шығарындылардың көлемі 30,465 мың тоннаны құрап отыр. Ал «Норт Кас­пиан Оперейтинг Компани Н.В.» ком­па­ниясының лимиті 61,507 мың тонна болған. Каспий теңізінен мұнай өндіретін компанияның ауаға 10,2 мың тонна ластаушы заттар шығарғаны анықталған.

Сондай-ақ «Атырау жылу электр орта­лығы» АҚ атмосфералық ауаға 11,840 тонна шекті шығарындылар шығаруға рұқсат алған екен. Бірақ энергия мен жылу беретін монополистің шығарындылары 3,378 мың тоннаны құрап отыр.

Эмиссиялар нормативін асыра пайдаланатын кәсіпорындар да бар. Соның бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты. Мұндай дерек экология департаменті мамандары­ның жоспардан тыс тексеруі кезінде анықтал­ған. Бірақ көмірсутекті шикізатты өңдеп, жанар-жағармай шығаратын кәсіпорынға бірнеше рет айыппұл салынса да, табиғатты бүлдіруді тоқтатар емес. Мұнай өңдеуші кәсіпорынның шекті шығарындыға рұқса­ты 16,224 мың тоннаны құраған еді. Бұл кәсіпорынның ауаға шығарғаны – 5,402 мың тонна.

«Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты экологиялық заңнаманың сақталуына жос­пардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижелерінде «АМӨЗ» ЖШС-на жалпы сомасы 1,8 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұлдар салынды. Бұған кәсіпорын­ның эмиссия нормативтерін, эмиссияларды асыра пайдалануы, өндірістік экологиялық бақылауды бұзуы, апаттық жағдайларды хабарламауы себеп болды», дейді Е.Есенов.

Сондай-ақ техникалық реттеу және метро­логия комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті экология депар­таментінің өтініші негізінде тексерілме­­ген өлшем құралдарын пайдалануға тексе­ріс жүргізген. Соның қорытындысымен «АМӨЗ» ЖШС-на 5,9 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған.

Ал «Норт Каспиан Оперейтинг Ком­пани Н.В.» филиалына жүргізілген бақы­лау кезінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 10 дәйекті дерегі тіркелген. Бұл ком­пания 4 жылдан бері заң талабын бұзу­ды жалғастырып келеді.

«Біріншіден, қоршаған ортаны қор­ғау жөніндегі іс-шаралар жоспары то­лық көлемде, уақтылы орындалмады. Екін­ші­ден, сарқынды суды тазартылмаған күйде әрі нормасыз ағызып жіберу дерегі бар. Үшіншіден, мемлекеттiк экологиялық са­раптаманың қорытындысында қамтыл­ған та­лаптар орындалмай отыр. Төртінші­ден, күкірт блогін игеру кезінде заң талаптары бұзылып, атап айтқанда, шаңды басу жұмысы жүргізілмейді. Бесіншіден, өнеркәсiптiк шығарындылардың сынамаларын алатын арматура жоқ. Алтыншыдан, жобада көзделмеген екі көлбеу контейнерлік резервуар, күкірт қышқылы бар бірнеше тынық резервуар орнатылған. Жетіншіден, былтырғы 3 тамызда өңделмеген күкіртті газды бақылаусыз шығару, шикі күкіртті газды апаттық жағу нәтижесінде реттел­мей­тін шығарындылар жүзеге асырылды. Сегізіншіден, 2020, 2021, 2022 жылдың төртінші тоқсанында (ПЭК есептері бойынша) артық шығарындыларды (разрядтарды) іске асырды. Тоғызыншыдан, күкіртті ар­тық орналастыру жүзеге асырылды. Жоба­лық деректерге сәйкес, көрсетілген карталар күкіртті шикізат ретінде уақытша орналастыруға, кейіннен сатуға арналған. Алайда НКОК-та күкірттің барлық көле­мі алмай орналастырылып келген. Онын­шыдан, зертханалық зерттеулердің нәти­желерінде стандартталмаған, булану резервуарларында экологиялық рұқсатсыз жүргізілетін күкіртті сутегі анықталды», деп мәлімдеді Е.Есенов.

Осындай бұзушылықтар анықталған соң НКОК компаниясына жалпы сомасы 12 млрд теңгеден астам айыппұл салынған. Айыппұл қаржысы өндіріліп алынған.

 

Ауаға жағылған алау

Жол картасында Атырау облысындағы 5 табиғат пайдаланушыға қоршаған ортаға әсер ететін эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін (МАЖ) енгізу қарастырылған. Оны алдымен енгізетін компаниялар – «Атырау жылу электр орта­лығы» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Теңізшевройл», «Кazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалы.

«Мәселен, «Атырау жылу электр ор­та­лығы» АҚ-да МАЖ барлық жү­йені бап­­тау, оңтайландыру, бас сер­веріне, қор­­ша­ған орта мен табиғи ресурс­тар­дың жай-күйі туралы Ұлттық дерек­тер бан­­кінің сервисіне деректерді беру жұ­мыс­тарын енгізу аяқталды. Мұнда автомат­тандырылған жүйе 5 шыға­ры­нды көзіне, нақтысында қазандық агре­гаттарының түтін құбырларына орнатылды. Енді азот диоксиді, азот оксиді (NO2, NO), күкірт диоксиді (SO2), көміртегі оксиді (СО), газ­дың метеопараметрлері ұдайы қам­­тылады», деді Е.Есенов.

Ал «АМӨЗ» ЖШС-да автоматты жүйе 4 шығарынды нүктесіне толығымен ен­гі­­зілген. Сондай-ақ «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалы 2023 жылғы 10 қазанда Ұлттық деректер банкі­нің сервисіне қолданыстағы жабдық­тан екі термототықтырғышқа деректер­ді беруді бастаған. Осылайша, деректер қажетті 16 параметрдің бесеуі (SO2, NO, NO2, O2, температура) бойынша жүзеге асырылып отыр. МАЖ деректері ластаушы заттардың мг/м3 концентрациясында беріледі. Алайда шығарындыларды г/с-қа беретін термототықтырғыштар газдың жылдамдығын, қысымын, ылғалдылығын анықтау датчиктерімен жабдықталмаған.

«Биылғы 16 мамырда Ұлттық деректер банкіне алаудағы газ шығыны деректерін беру жүзеге асырылды. Дерекке сәйкес алау жағудың алты көзі анықталды. Оның ішін­де екеуі термототықтырғышта, екі алау «Бо­лашақ» мұнай мен газды кешенді дайын­дау қондырғысында, тағы екі алау «Теңіз» кен орнында тіркелді. «Теңіз» кен орнынан мұнай өндіретін «Теңізшевройл» ЖШС жол картасына сәйкес, жыл соңына дейін МАЖ енгізуді жоспарлап отыр. Кен ор­нын­да барлық жүйені баптау, оңтайландыру­ға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұндағы дереккөздер саны – 16. Ал «KPI» ЖШС-да 31 желтоқсанға дейін МАЖ енгізу жоспарланды», деп мәлім етті Е.Есенов.

 

Атырау облысы