«Веб-кеңістікке мониторингті күшейттік. Біздің қызметкерлер халық арасына кең тараған әлеуметтік желілердегі сайттардың хабарландырулары мен пабликтерінің рас-өтірігін тексерді. Соның ішінде 10 сайттық сілтеме құқық бұзушылық контенттер болып шықты. Олардың көбі – халықты алдаған фейк хабарландырулар. Бұл сілтемелерді бұғаттау үшін біз «Кибернадзор» жүйесіне жібердік. Сонымен қатар 6 интернет алаяқтықты анықтадық. Оның төртеуі – бұрын жасалған алаяқтық қылмыстар. Ал біреуі ұрлық жасау арқылы жасалған. Күдікті адам біреудің банк картасын ұрлап алып, сонымен сатып алған тауарының құнын төлеген», деді ол.
И.Терзиди биыл 10 айда Жастар ресурстық орталығының волонтерларымен бірлесіп алаяқтықтан сақтану хабарларын бірнеше рет таратқанын айтты. Алайда осы уақыт аралығында 606 интернет алаяқтық жасалған екен.
Айта кететін жайт, халықты алдаудың негізгі бөлігі Instagram желісі және OLX арқылы берілген хабарландыруларға тиесілі. Осы жылы мұндай 85 жағдай болған. Бұл хабарландырулар бірінші алданған адамның шағымынан кейін-ақ бұғатталуы керек еді. Бірақ жедел бұғаттаудың да өзіндік олқылықтары бар.
Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері алаяқтықтың жаңа түрі шығып жатқанын да жариялады. Ол алаяқтардың жоғары технологиялық әдістерді қолдануы арқылы жасалады. Алаяқтар қазір нейрожүйенің мүмкіндіктерін пайдаланатын болыпты. Жасанды интеллект арқылы адамның бейнесі мен даусын да айнытпай түсіруді игерген. Мұндай әдіс қазір «дифейк» деген атау алған.
«Адамның бейнесі мен даусын дәл келтіріп, қылмыскерлер оның туыстары мен таныстарына тезірек мына есепшотқа ақша аударшы деп жалынып, қайырылады. Тіпті басына бір іс түсіп қалғанын да айта алады. Аударған ақшаны тез арада қайтаратынын да айтып береді. Туыстарынан немесе жақын таныстарынан мұндай хабар алған адам еш асықпай жақын адамына хабарласуы керек. Сөйтіп, хабардың өтірік екеніне көз жеткізеді», дейді И.Терзиди.
Алаяқтар конкурста біреуге дауыс беруді өтініп жіберілетін хабарды да өз қылмысына пайдаланады екен. Мәселен, менің балама конкурста даусыңды бере қойшы деп жіберген хабарламада «мына сілтемеге басыңыз» дегенді орындасаңыз, олар осы арқылы вирус жіберіп, телефондағы барлық ақпаратты қолға түсіре алады. Қазір криминалдық полиция басқармасы осы туралы ролик шығарып, оны да «Anti fraud» жедел-профилактикалық шарасында қолданып жүр.
Осы басқарманың қызметкерлері жуырда облыстық мәслихаттың депутаттарымен алаяқтардың сыбайласы болып, банк карталарын пайдалануға беретін дропперлерді қалай жазалаудың жолдарын талқылады. Дроппер болып оңай ақша табудан халықты, соның ішінде жастарды сақтандыру үшін заңнаманы жетілдіру қажеттігі айтылды.
Солтүстік Қазақстан облысы