Заң • 22 Қараша, 2024

Қылмыстық сот төрелігі бойынша форум өтті

76 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Жоғарғы Сот пен ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы ұйымдастырған Орталық Азия мемлекеттері үшін қылмыстық сот төрелігі бойынша IX сарапшылық форумы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қылмыстық сот төрелігі бойынша форум өтті

Форум 2 жылда бір рет өткізіледі және бұл - қылмыстық құқық саласындағы реформалардың өзекті мәселелерін талқылауға арналған халықаралық алаң. Оның жұмысына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары, адвокаттар, халықаралық ұйымдардың, жоғары оқу орындарының, азаматтық қоғам өкілдері, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Моңғолия сарапшылары қатысты.

Жиын барысында Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев форумға қатысушыларға жылы лебізін білдіре отырып, Қазақстанды процеске қатысушылардың барлығының құқықтарын құрметтеуге және қорғауға бағытталған теңгерімді жүйенің мықты жақтаушысы ретінде атап өтті.

Сондай-ақ 30 жыл ішінде нақты бас бостандығынан айыруға сотталғандар үлесінің тұрақты түрде 60%-дан 38%-ға дейін төмендегенін және қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес баламалы жазаларды қолдану туралы мәлімет берді.

Сонымет қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны ауыстыру туралы өтініштерді енгізу жоспарланып жатқаны айтылды. Бұған қоса алдын алу шарасын таңдау кезінде апелляция рөлі күшейтіліп, электронды білезіктерді қолдану кеңейді.

форум

Бұл Қазақстанға Заң үстемдігі индексінде 142 елдің ішінде 65-орынға көтерілуге мүмкіндік береді.

Одан кейін Жоғарғы Сот Төрағасы кассациялық соттарды құру мәселесіне де тоқталып, қылмыстық процесте тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығын нығайту, тергеу судьяларының өкілеттіктерін кеңейту жөнінде ұсыныстар айтты.

БҰҰ нашақорлықпен және қылмыспен күрес басқармасының Ауғанстан, Орталық Азия, Иран және Пәкістан бойынша аймақтық өкілі, доктор Оливер Штолпе өз сөзінде заңгерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, қоғамның тұрақтылығын нығайтуға, соның ішінде ұйымдасқан қылмыс, есірткі бизнесі және сыбайлас жемқорлық сын-қатерлеріне тап болған жастарға, сондай-ақ Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жұмыстарын айтты.

Оның пікірінше, сараптамалық форум осы саладағы негізгі қатысушыларды – судьяларды, прокурорларды, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, адвокаттарды, азаматтық қоғам өкілдері мен халықаралық сарапшыларды біріктіруге бірегей мүмкіндік береді. 

Форум аясында түрлі бағыттар бойынша бірнеше сессия ұйымдастырылды.