Фото: gov.kz
1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 144,9 мың этникалық қазақ оралған. 2024 жылы 16 535 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған.
«Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың 45,9 пайызы Қытайдан, 39,2 пайызы – Өзбекстаннан, 5,8 пайызы – Моңғолиядан, 5,2 пайызы – Түрікменстаннан, 2,8 пайызы – Ресейден және 1,1 пайызы басқа елдерден», делінген хабарламада.
1 қарашадағы жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,4 пайызды, еңбекке қабілетті жас мөлшерінен кіші 33,2 пайызды, ал зейнеткерлер 9,4 пайызды құраған.
«Еңбекке қабілетті жастағылар бойынша 17,8 пайызы жоғары білімді, 24,8 пайызы орта кәсіби білімді, 54,4 пайызы жалпы орта білімді, ал 3 пайызының арнайы білімі жоқ», делінген.
Қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталған, олар: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы – 3 033 адам. 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 2 841 қандас қоныс аударған.