Спорт • 26 Қараша, 2024

70 шақырым жолды бағындырды

49 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аңызға айналған дара тұлға Мұ­стафа Өз­түрікті еске алып, рухына тағзым етіп, өнегелі өмірі мен еңбегін дәріптеу мақ­сатында велоспортшы, журналист Ернат Рахметолла 70 шақырымдық велошеру өткізді. Астана қаласындағы «Бәй­те­рек­тен» басталған велошеруде Ернат Мелсұлы Қабанбай батыр кесенесіне дейінгі қашықтықты жүріп өтті.

70 шақырым жолды бағындырды

Елімізде таеквондо федерация­сының (WTF) не­гізін қалаушы, таек­вондодан 6 дүркін әлем чемпионы, 6-дан қа­ра белбеу иегері, халық­ара­лық дәрежедегі жат­тықтырушы Мұстафа Өз­түріктің туғанына 70 жыл. Елімізде ғана емес, Гер­манияның Кельн, Мюн­хен, Түркияның Ыстанбұл қалаларында таеквондо мек­тебін ашқан, ана тіліне қоса түрік, неміс, жапон, қытай, корей тілдерін жетік білген тұлғаның қазақ спортына сіңірген еңбегі өлшеусіз.

«Қарашаның қара суығына қара­мастан велошеру өткізу ар­қылы адамның мүмкіндіктерін көрсету, төзім, шыдам, са­ламатты өмір салты, табандылық, ыстық қай­ратты насихаттап қана қоймай, қай­раткер тұл­ғаның 70 жылдығына өзімнің де үле­сімді қос­қым келді. Жас­тар­ды отансүйгіштікке, қай­сарлыққа үндеу мақсатында осы шараны өткіздім», дейді әріп­тесіміз. Қазақ пен түрікке ортақ перзент саналған Мұстафа Өзтүрік­тің өнегелі өмірі арқылы екі елдің бауырластығын на­сихаттап жүрген журналист игі ісі жалғасын табатынын айтты.

Велоспорттан еліміздің 3 дүрін ре­кордшысы бұған дейін де республи­калық, халықаралық деңгейде 14 вело­шеру өткізген. 2022 жылы 55 күнде 5555 шақырым жүріп, Ахмет Байтұр­сын­ұлының 150 жыл мерейтойына арнап Торғай, Ақкөл, Са­рытүбектен бастап, Қос­танай, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары, Грузия, Түркия аумағы ар­қылы Ыстанбұлдың Гүнешлі ауданындағы Мұс­тафа Өзтүрік жерленген зиратқа дейін барған.