Білім • 26 Қараша, 2024

«Ұлы даладағы» ерекше оқу ордасы

89 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бірер жыл бұрын өңірде апатты жағдайдағы және үш ауысым­да оқитын бірнеше білім ошағы бар болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес екі жыл бұрын қолға алын­ған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында соңғы уақыт­та өңірде бірнеше білім ұясы бой көтерді. Нәтижесінде, мәсе­лесі ушыққан білім ордаларының саны айтарлықтай азайды.

«Ұлы даладағы» ерекше оқу ордасы

Суретті түсірген – Ақәділ Рысмахан

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында екі жыл ішінде өңір­де бірнеше жаңа мектеп бой көтеру­ге тиіс болса, оның үшеуі бүгінгі күн­ге дейін пайдалануға берілгенін айтпай кетуге болмас. Жаңа оқу жылы басталған кезде Байзақ ауданы­­ның орталығы Сарыкемер аулында 600 оқушыға арналған су жаңа білім ордасы білім алушыларға есігін айқара ашса, бір ай бұрын облыс орталығы Тараз қаласында 1200 балаға шақталған №66 мектеп оқу­шыларды қабылдады.

Күні кеше еліміздегі ең ірі ша­ғын аудан саналатын «Ұлы дала» шағын ауданындағы №67 мектеп балалар игілігі үшін пайдалануға берілді. Жергілікті атқарушы би­лік өкілдері келтірген дерекке сен­сек, білім ошағы 1200 оқушыға арналған екен.

«Ғылым мен ілімнің қайнар бұлағы мектепте алған білімнен бастау алса керек. Сол үшін де мемлекет білім саласына айрықша назар аударып, қамқорлық көрсетіп отыр. Келешегін ойлаған кез келген мемлекет инвестицияны бірінші кезекте білім саласына салатыны белгілі. Болашақ ұрпақтың саналы, білімді болып өсуі үшін бәріміз жауаптымыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңі­­рімізде бірнеше білім ошағы бой көтергенін атап өткен жөн. Бүгін міне, заманауи үлгіде жаб­дықталған тағы бір білім ошағы оқу­шыларға есігін айқара ашты. Бұ­ған дейін іргедегі Байзақ ауда­нына қарасты Сарыкемер аулын­да, Тараз қаласындағы «Бәй­те­рек» шағын ауданында дәл осындай білім беру нысандары бой көтерген болатын. Бұл жұмыс­тың бәрі Мемлекет басшысы­ның қолдауының арқасында іске асып жатқанын айта кеткен ләзім. Жалпы алғанда, өңірде білім саласына қолдан келгенше қолдау көрсетіле бермек», деді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев жаңа мектептің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі келтірген дерекке сүйенсек, білім беру нысанының салынуына, құрылыс жұмысының талапқа сай сапалы жүргізілуіне «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен «Integra Construction kz» ЖШС мұрындық болыпты.

«Бүгін «Ұлы дала» шағын ауданында мерейлі күн десек те болады. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Дәл осы «Жайлы мектепті» ал­ғашқы іргетасы қаланған күн­нен бастап бақылап отырдық. Жауапты азаматтардың құрылыс сапасы­на айрықша назар аударғаны көңіл қуантады. Төрт немерем су жаңа білім ордасының табалдырығын аттап отыр. Оқушыларға барлық жағ­дай қарастырылғанын айтпас­қа болмас. Жергілікті тұрғындар­дың өтінішіне құлақ асқан билік басындағы азаматтарға айтар ал­ғысымыз шексіз. Жаңа мектеп­те білім алған балалар үлкен азамат бо­лып өсіп шықсын», дейді «Ұлы дала» шағын ауданы­ның тұрғыны, зейнеткер Алмаш Ауғанбаева.

Жауапты мамандардың айтуынша, жаңа білім ордасы шетел­дік озық технология­мен жаб­дық­талған. Мұнда оқу­шы­лардың қауіп­сіз ортада білім алуына бар­лық мүмкіндік қарас­тырылған. Мек­тепте білікті педагог мамандар сабақ береді.

Дерекке сенсек, жаңа ғимаратта интерактивті тақтасы бар 59 оқу кабинеті, 3 асхана, 2 спорт зал, мәжіліс залы, кітапхана, 2 лингафон, 2 компьютер кабинеті бар. Сонымен қатар 3 шеберхана, 3 зертхана, 10 коворкинг-орталық қарастырылыпты.

Жалпы алғанда, Жамбыл облысында «Жайлы мектеп» ұлт­тық жобасы аясында 12 мектеп салу жоспарланған. Жаңа білім ошақтарын салу арқылы алдағы жылдары үш ауысымды оқытуды, оқушы орнының тапшылығын және апатты мектептерді жою көзделіп отыр. Осы жылы өңір бо­йынша құрылысы басталған 36 білім беру нысанының 10-ы пай­далануға берілген. Жыл аяғы­на дейін тағы 5 мектептің құрылыс жұмысы аяқталады. Ал алдағы жылы 26 білім ошағының құрылыс жұмысы басталады.

 

Жамбыл облысы