Қоғам • Бүгін, 08:35

Сәбиін аңсаған аналар

54 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңірде өмірге сәби әкелуді аңсаған ана көп. Биыл оларды қуанту үшін «Аңсаған сәби» бағдарламасымен экстракорпоральды ұрықтандыруға 231 квота бөлінген.

Сәбиін аңсаған аналар

Облыстың бас репродуктологі Гүлнәр Есқайырованың мәліметіне сүйенсек, былтыр аталған бағдар­ла­маға қатысқан аналар 51 сәбиді өмірге әкеліпті. Нәрестелердің арасында 6 егіз болған. Енді 54 ана бала күтіп жүр.

«Елімізде 5 жылға арналған «Аңса­ған сәби» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Кейінгі екі жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, биыл экстракорпоралды ұрықтандыруға берілетін квота саны екі есе артты», деп хабарлады Г.Есқайырова.

Оның айтуынша, квота алуға ниетті жұп өзі тіркелген емханаға өтініш білдіруі қажет. Кейін бедеулік бойынша диспансерлік бақылауға алынады. Толық медициналық зерт­­теу жүргізіліп, облыстық пери­на­тал­дық орталығының гине­колог-репро­дуктологтеріне жолдама береді.

Атырау облыстық перинаталдық орталығы жансақтау бөлімінің неонатолог дәрігері Аслан Мұқановтың айтуынша, жыл басынан бері 10 мың 522 сәби өмірге келгені тіркеліп отыр. Оның ішінде шала туған 482 нәресте бар.

«Былтыр 11 мың 326 сәбидің 502-сі мерзімінен бұрын дүниеге келген еді. Ал биыл өмірге 10 мың 522 нәресте дүниеге келді. Оның арасында 482 сәбидің шала туғаны тіркелді. Мерзімінен бұрын туған сәбилердің күтімі ерекше болуы қажет. Қазір перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінде 10-ға жуық сәби жатыр. Шала туған нәрестенің бірінің сал­мағы өте жеңіл – 690 грамм», дейді А.Мұқанов.

Дәрігердің дерегіне қарағанда, перинаталдық орталықта 25 неона­толог бар. Олар шала туған нәрес­телердің денсаулығын ұдайы бақы­лайды.

«Жалпы, 22 аптада 500 грамм сал­мақпен дүниеге келген сәбилер шала туған болып есептеледі. Бірақ бұдан аз салмақпен өмірге келетін нәрестелер­де кездеседі. Мәселен, он шақты жыл ­бұ­рын Атырау облыстық перинатал­дық орталығында бір сәби жарты килоға жетпейтін 450 грамм салмақпен өмір­ге келді. Біз нәрестенің қатарға қосы­луы үшін қолдан келген көмегімізді аяма­дық. Қазір оның жасы 13-те», деп мәлім­деді А.Мұқанов.

 

Атырау облысы