«Кутузов көшесіндегі Мәшһүр Жүсіп мешітінің алдында жазылған өлең» деген тақырып қойыпты бір толғауына ақын Сайлау Байбосын. Төбеңнен жай түсіреді. Тақырыбының өзі бір өлең. Өлеңі тақырыбынан озады:
«Келетін көбі Құдай дегеннің,
Керекудегі мешіт бұл.
Әуезіндей боп шырайлы өлеңнің
Ертістен самал есіп тұр.
Мақтанғанымның бәрі далбаса,
Не деген, сірә, ұлы есім.
Кутузовты сен танып алмасаң,
Мәшһүрді таппай жүресің» дейді ақын.
Бұдан асырып не айтуға болады? Әуелі Кутузовты танып, Мәшһүрді кейін білген ұрпақ... Қанша құлағына құйғанымызбен, енді ол Мәшһүрді тани ала ма, жоқ па? Мұндай басы артық ақпараттар мен көше атына таңылған керексіз кодтар қашан өшеді? Аяқ алып жүре алмайтын бөгеттер сынды көріністер сенделген саналарда қалған сарқыншақтарды бейнелеп тұрған жоқ па? Кім біледі, кімге қалай көрінерін. Бірақ сау ақылға сыймайтын осындай ерсіліктер жайбарақат жұрттың емес, әуелі ақынның көзіне түсіп, көкейін тесіп өлең болып шығатыны анық. Әйтпесе несі ақын, несі ерекше кісі демес пе едік? Көзін шел баспаған халықтың сау сана-сезімі осылай ойланады. Олай болмаса кім көрмеген, кім жүрмеген қала?
Мұнда біз аңғара бермейтін гәп бар. Тағы да санадағы сарқыншақтардың жемісі дейміз бе, жоқ басқа ма, ол жағын аңдап алады оқырман. Тақырыпты жоғарыдағы жолдармен қайырып қоя салмайды ақын. Әрі қарай сахнаға баласын алып келеді:
«Күн сайын өсіп, гүлдейді қалам,
көркіне мынау мән дарып.
«Кутузов деген кім?»
дейді балам
Сұраулы жүзбен таңғалып.
Керемет ұлы бір кісі көріп,
(сәбиде жоқ қой түк кінә).
Сұрайды тағы білгісі келіп:
«Бөгенбайдан да мықты ма?», болып өріледі өлең. Өлеңде оқиғаны ширықтырған сайын сана сорабына әртүрлі ой із салып, жүрек қобалжи бастайды. Өткен, орын алған бір нәрсенің салмағы өз алдына, салдары одан да ауырырақ болары ойландырады. Сонау жүз жыл бұрынғы жайттардың қалдықтары ол жайдан мүлде бейхабар ұрпақ санасына із салғаны, әрине өте өкінішті. Елдік пен егемендікті, басқа да асыл қасиеттерді еншілеп алуға тиіс ұрпақ әке мен ағаның, ата мен әженің тартқан тақсіретін басынан кешіруге міндетті емес қой. Әрине, есейгенде тарихын танып-біліп, өзі екшеп алатын кез де туар. Алайда әлгіндей басы артық ақпараттармен санасы уланбауы керек деп білеміз. Әдебиеттің басты миссияларының бірі мұның бәрін мысалға тарта отыра, кісінің рухын шыңдап, ойын тазарту болса, өлең төрт аяғын тең басып тұр деген сөз.
Әке мен баланың диалогіне құрылған өлең бұдан кейінгі шумақтарда тіпті күрделене түсіп, соңында біз жоғарыда айтқан ойлардың ұшығын «оңдырмай-ақ басымен қадап» қояды. «Жыр етерімді, мұң етерімді, Біле алмай тұрмын мұнда кеп. Кутузов маған кім екенімді, Ескертіп әлі тұр ма деп!» аяқталады.
Ескертіп әрі еске салып тұрғаны төбеңнен тоқылдатпаса да, біраз ыңғайсыздық пен жайсыздық тудырады. Санаңның бір түкпірінде жүрген дүние үнемі өзінікін қайталамай тұрмайды. Кейін дертке айналуы да кәдік.
Біз жалғыз-ақ өлеңіне тоқталған Сайлау Байбосын ақынның азаматтық үнін айрықша атар едік. Және өлеңдерінің өзегін көтеріп тұрған да осы рух пен сананың жорығы қашан да баянды болғанын атап айтқымыз келеді. «Алаң да алаң, алаң жұрт» дегендей, бұл – кешегі Қазтуған, Махамбеттерден жыр қағаны Жұматай Жақыпбаев, Темірхан Медетбек арқылы көшіп келе жатқан алтын жүлге. Мүмкін адасқанда айналып табар алтын қазығымыз шығар. Үзілмеуін тілейміз.