Сурет: regions.vlast.kz
Солтүстік Қазақстан облысы Экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижановтың мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда құрылыс жұмыстары 27,3%-ға, тұрғын үй құрылысы – 22,9%-ға, ауыл шаруашылығы – 30,2%-ға, инвестициялар көлемі – 9,4%-ға, бөлшек сауда 1,2%-ға өскен.
Ауыл шаруашылығында егістікпен қатар басқа өнімдердің артуы он айда 30,2% құраған. Республика бойынша бұл көрсеткіш 12,7%. Алайда мал шаруашылығындағы өсім мардымсыз, бар болғаны 0,7 пайыз. Сүт өндіру – 5,6%, жұмыртқа 4,9% артқан.
Мал шаруашылығы кенже қалып отырған аудандар қатарында Қызылжар, Мамлют, Айыртау аудандары аталды. Олар мал басын арттыруда да, ет өндіруде де облыс деңгейінен төменде қалып отыр. Соның ішінде Қызылжар ауданында ет өндіру былтырдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 17 пайызға құлдырап кеткен. Аудан әкімі Сақтаған Сәдуақасовтың айтуына қарағанда мұның басты себебі бройлер құс фабрикасының жабылуымен байланысты екен. «Біз қазір басқа тауар өндірушілерімізді қолдап, ет өнімін арттыру жолында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жылдың аяғына дейін ет өндіру бойынша белгіленген межеге жетіп қалармыз», деді ол. Ал осы көрсеткіші 2023 жылмен салыстырғанда 9 пайызға түсіп кеткен Мамлют ауданының сайланған әкімі Елена Степаненко жағдайды тек келесі жылы түзету мүмкіндігі барын айтты. «Бізде мал тұяғының азаюы байқалады. Аудандағы агроқұрылымдармен бұл тарапта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Келесі жылы 400 тұяқ мал бордақылайтын шаруашылыққа мемлекет тарапынан қолдау жасалды. Сонымен қатар қой-ешкінің санын арттырып, 2 мыңға жеткізу жоспарымызда тұр», деді ол.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығының жалпы өнімін былтырғымен салыстырғанда 135-140 пайызға арттыру міндеті белгіленгенін жиналғандардың есіне салды. «Ал бізде аталған аудандар белгіленген жоспарды орындай алмай отыр. Аудан әкімдеріне осы тараптағы жұмыстарды жандандыру керектігі бұрын да айтылған. Бірақ мәселе сол күйінде шешілмей, көрсеткіштер артта қалып отыр. Біздің облыстың ет өндіру жөнінен аутсайдерлері – осылар», деп облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов артта қалған аудан әкімдеріне қатаң ескерту жасады.
Он айлық мерзімде облыстың өнеркәсіп саласы 548,5 млрд теңгенің өнімін шығарып, былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 113,0% орындалуға қол жеткізген. Он айда экономикаға тартылған мемлекеттік және жекеменшік инвестиция көлемі 370,6 млрд теңгені құрап, 109,4 пайызға артқан. Ал құрылыс жұмыстарының өсу қарқыны былтырғымен салыстырғанда 27,3 пайызға артып, 147,4 млрд теңгенің жұмысы атқарылған. Республикалық орташа өсім көрсеткіші – 110,2 пайыз. Құрылыстың қарқынды өсімінің арқасында 10 айда облыста 187 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Былтырға қарағанда бұл өсім 22,9 пайызға артқан.
Бөлшек саудадағы өсім де былтырғыдан асып түсті. Былтыр 306 млрд теңгенің тауары сатылса биыл ол 330 млрд теңгеге жеткен.
Алайда биылғы жылдың 10 айында мемлекеттік бюджеттің орындалу жоспары 87,7 пайыз болып отыр. Жоспарда белгіленген 174,7 млрд теңгенің орнына ол 153,3 млрд теңгеге орындалған. Есесіне жергілікті бюджет 103,3 пайызға орындалып, жоспардағы 97,4 млрд теңгенің орнына 100,6 млрд теңге түскен.
Солтүстік Қазақстан облысы