Пікір • 28 Қараша, 2024

Адалдық – ардың ісі

211 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біз өз құндылықтарымызды нақтылап, екшеп, таразыға салып, тани білме­сек, оларды қоғамымызды дамытуда, ұлтымыздың келешегін қамдау жолында басшылыққа алмасақ, өзіндік ұстаным, таным-түсінік, болмысымызды, ұлттық келбетімізді сақтай отырып өркениет көшіне ілесе алмаймыз. Сондықтан бізге жалпыұлттық құндылықтар жүйесін белгілеп, оны бекіту аса маңызды.

Осы орайда биыл Атырауда өткен Ұлт­тық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамымызда жаңа этика қалыптастыру қажеттігіне баса назар аудара келіп, идеологиялық тұжы­рымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз – жалпыұлттық құндылықтар жүйесін Тәуелсіздік пен Отаншылдық, Бірлік пен Ынтымақ, Әділдік пен Жауапкершілік, Заң мен Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық ұғымдары негізінде құруды атап көрсетті.

Әрине, бүгінде қоғамға қандай да бір құндылықтарды мәжбүрлеп енгізу мүмкін емес. Бірақ Президент күн тәртібіне шығарып, халыққа ұсынған жоғарыда аталған құндылықтар жүйесіне есті адам қарсылық танытып, бұра тартар пікірін білдірмейтіні анық. Өйткені болашаққа сеніммен қарап отырған халқымыз осынау құндылықтардың қоғамда орнығуына, осындай жалпыұлттық бағдардың белгіленгеніне мүдделі.

Бұл айтылып отырған мәселелер – жалпы­халықтық іс. Бұған азаматтық қоғамның, жалпы халықтың қолдауы қажет. Онсыз оң нәтижеге жету неғайбыл. Бізге қазіргі таңда уақыт талабына, заман сұранысына сай іс-қимыл керек-ақ. Бұл қажеттіліктерді іске асыру үшін аяққа оралғы болып келе жатқан ескі, таптаурын көзқарастар мен дамуға кері әсер етуден басқа ештеңесі қалмаған, ресурсы таусылған, керісінше келеңсіз, жойдасыз әрекеттерге айналған іс-қимылдардан арылу абзал. Бұлай етпейінше ілгерілеу, ілкімді ойға жүгіну, ізгі ниеттің шаужайына жармасу қиын.

Бүгінгі қоғамымызды жеңілтектік, сабырсыздық, байыбына барып жатпай байбалам салу, орынсыз даурығу, көпке ойланбастан топырақ шашу, жазықтыны тергеп-тексерместен жардан құлатып жіберу, жазықсызға жала жауып, жанын жаралау, игі істерді көлеңкеде қалдыру, көрмеу, қит еткенді елдің, Отанымыздың басты олқылығы ретінде көрсетуде жарысу, тағысын тағылар «билеп-төстеп» тұр. Мұндай жағымсыз көріністерге тоқтам салу, оны шідерлеп, тұсау үшін жоғарыда аталған құндылықтар жүйесін өміршең етуді, лайықты қолдануды, басшылыққа алуды басты міндеттеріміздің бірі ретінде қарастыру қажет-ақ. Мұны жүзеге асыруға ел әлеуеті толық жетеді. Бұл, Президент сөзімен айтқанда, әлемде «заңның күші емес, күштінің заңы» деген қағидат үстемдікке ие болып, егемендігі осал мемлекеттердің маңдайына өзгеге кіріптар болу жазылған-мыс деген пайымға жол беріле бастаған бүгінгі заманда өте өзекті.

Қоғамды дамытуда, заман талабына сай іс-қимыл жасауда мемлекетшіл, адал азаматтарды үлгі ету, олардың қабілет-қарымын игілікті істерге бағыттау маңызды. Бұл өз кезегінде құндылықтарымызды қоғамның дұрыс, өз деңгейінде қабылдауына, халқымыздың мәдени-рухани өмірін заман сұранысына сай бейімдеуге, сол арқылы негізгі міндеттерімізді белгілеп, оны лайықты орындауымызға жол ашады. Өйткені адал азамат құндылықтарды ту етіп, оның бағасын әрдайым көтере біледі. Сондықтан адал адам ұлттық құндылықтарымыздың ең бастыларының бірі ретінде дәріптелуге тиіс. Адал азаматтарды насихаттауда ақпараттық озық технологиялар кеңінен қолданылғаны абзал. Сонымен қатар әдебиет, кино, музыка салаларында адал азамат бейнесі басты кейіпкер ретінде көрініп, халық назарына лайықты деңгейде ұсынылуы қажет.

Адал адамның ұстанымы – әділдік пен жауапкершілік. Осындай адал адамдардың қатары қалың болса, елдің де жоспары ауқымды, еңсесі биік, қадамы нық.

Президент айтқандай, «Әділетті Қазақ­стан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым ел болашағының негізгі сипатын көрсетеді. Ал әділетті қоғам құра алған, адал азаматын ардақтай білген жұрт қашанда озық ойлы, өз құндылықтарының қадірін білетін ұлт санатында болатыны белгілі. Ал мұның іргетасы Президент ұсынған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын ұстанғанда ғана берік қаланбақ.