Таным • 29 Қараша, 2024

Күйші мен домбырашыны шатастырмайық

564 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жазушы, белгілі ғалым Қойшығара Салғараұлының: «Қазіргі кез­де біз сөздің жаңғырығын ғана түсінеміз», деп айтқаны бар еді. Шынымен де, сөздің мағынасына көңіл бөлмеу белең алғаны рас. Әр нәрсенің сөздік ұғымы мен сипаттық ұғымын және ма­ғы­насы мен мазмұнын дұрыс түсініп, аражігін айырған жөн-ақ. Бірақ оған көңіл аударуға салғырттық таныту әдетке ай­нал­ды. Қандай да бір сөздің не атаудың мағынасы мен өзіне тән қадір-қасиеті және өзіндік мәртебесі болады емес пе?

Күйші мен домбырашыны шатастырмайық

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Осы тұрғыда, «домбырашы», «орындаушы», «күйші» және «композитор» атауларын ажыратып алғанымыз абзал.

1934 жылы академик Ахмет Жұбанов оркестр құру мақсатында Алматыда тұңғыш рет бірінші халық өнерпаздарының слётін өткізеді. Еліміздің тұс-тұсынан қолына домбыра мен қобыз ұстаған небір дарын иелері келіп, бақтарын сынайды. Іріктеліп алынған өнерпаздардың біразы Алматыда қалып қызмет жасап, ұлттық өнерімізді өркендетуге үлестерін қосты.

Сол кезде және кейінірек Алматыға келіп өнер көрсеткен ірі күйшілер өз күйлерімен қатар, басқа да халық күйшілерінің туын­дыларын қайта жаңғыртып, күйшілік өнердің жаңа дәуірінің басталуына ықпал етті. Алматыға келіп, күйлерін үнтаспаға қал­дыр­­ған халық күйшілері аз емес. Атап айтсақ: Дина Нұр­пейі­сова, Мұрат Өкінбаев, Жап­пас ­Қа­­лам­баев, Төлеген Момбеков, Бақыт Ба­сы­ға­раев, Омархан Керім­­құлов, т.б.

Соның ішінде Құрманғазының күйлерін аса шебер орындап, «Дом­бы­раның Жамбылы» атан­ған Оқап Қаби­ғожин «Адас­қақ» атты бір ғана күйімен, Тәттім­беттің он бес­ке жуық күйін қаз-қалпында жет­­кізген Әбікен Хасенов «Қоңыр» күйі­­мен күйші атанып, танымал тұл­­ғаға айналды. «Жетім бала», «Шер­­нияз» атты екі ғана күйімен Те­мір­­бек Ахметовтің есімі де еміс-еміс болса да халықтың жадында сақ­талды.

Сонымен қатар халық күйші­лерінің туындыларын шебер орындап әрі оларды жеткізушілер ретінде: Меңдіғали Сүлейменов, Науша, Махамбет Бөкейхановтар (Науша көбінесе Дәулеткерейдің күйлерін жеткізді, бас-аяғы 94 күй әкелген), Лұқпан Мұқитов, Қали Жантілеуов, Ғабдұлман Матов, Қамбар Медетов, Ғылман Әлжанов, Дәулет Мықтыбаев, Генерал Асқаров, Айса Шәріпов, Жәлекеш Айпақов, Сержан Шәкіратов, т.б. орындаушылар халық күйлерімен қатар Қорқыт, Құрманғазы, Дәу­лет­­­керей, Тәттімбет, Ықылас, Тоқа, Бала­майсан, Боғда, Түркеш, Қоже­ке, Байсерке және өзге де ха­лық күйшілерінің күйлерінің осы за­манға жетуіне себепші болды.

Осы аталған халық өнер­паз­­дарының есімдерін А.Жұба­нов «Ғасырлар пернесі» атты кіта­­­бында тәптіштеп жазып, ән өнері мен күй өнерінің ірі өкілде­рін «Халық композитор­лары» деп атады. Ал халық ком­по­зи­тор­ла­рының ән-күйлерін орын­дап жет­кіз­гендерді «орындау­шы» немесе «күй жеткізушілер» деп жазды.

Осы күнге дейін солай аталып та жүр еді. Бірақ кейінгі кезде бәрі өзгеріп кеткендей. «Күйші»,  «композитор» деген ұғымның мәртебесін әбден төмендетіп жібердік. Телеарналарда немесе концерттерде екінің бірін күйші немесе композитор деп таныстырып жатқанда, сол саланы жақсы меңгерген адамдарға ерсілеу естілетінін жасыра алмайсың. Тіпті «дәулескер күйші» деген көтерме атау шықты. Сол деңгейде болса да, болмаса да өзімізше баға бергендей кейіп танытып мақтай жөнелеміз. Мұның бәрі құр дабыра мақтаумен шектелетінін білсек те, қайталай береміз. Өкінішке қарай, оған да етің үйренеді екен.

Қазақ халқының кәсіби му­зы­­касының негізін қалаушы А.Жұба­нов халық арасынан шыққан ірі тұлғаларды «Халық композиторлары» деп жазғаны­на қан жүгіртуіміз керек деп ойлаймын. 1944 жылы Алматыда А.Жұбановтың табанды еңбегінің арқасында консерватория ашылды. Сол кезеңнен бастап арнайы оқыған жоғарғы білімді өнер­паздар мен композиторлар шыға бас­тады. Атап айтсақ, Мұқан Төле­баев, Құдыс Қожамияров, Мәкә­лім Қойшыбаев, Сыдық Мұха­мед­жанов, Ғазиза Жұба­нова, Хаби­долла Тастанов, Нұр­ғиса Тілен­диев, Қаршыға Ахме­дияров, Айт­қали Жайымов, Орынбай Дүйсен, Ермұрат Үсенов, Секен Тұрысбек және т.б. Музыка тарихында атал­ған композиторлар мен күй­ші­лер­ді «Қазіргі заман композиторла­ры» деп атап жүрміз. Арнайы біл­і­мі болмаса да, нота та­нымаса да, халық арасынан шық­қан тым жақ­сы ән-күйлері бар өнер­­­паз­дар­д­ы «әуесқой композитор» деп атай-тұғын.

Ал кәсіби композиторға қойы­­латын талап аса жоғары еді. Тіпті композитор деген дипломы болмаса, Қазақстанның ком­по­зиторлар ода­ғына қабыл­данбайтын. Талап солай болды. Мұқым жұртқа танымал Шәмші Қалдаяқовтың өзін композиторлар одағына кіргізбеді деп бәз біреулер басқадан көріп, аттарына кір келтіріп жатқа­нын талай құлағымыз шалды. Сол заманда талап солай болғанын бірі білсе, бірі білмеген де болар. Композитор де­ген табақтай дипломы бар болса да, симфония, концерт, кантата, ора­­тория сияқты күрделі формада ауқымды шығармалар немесе ор­кестрге арналған ірі туындылар жаз­баған сазгерлерді «песенник ком­­позитор» деп төмендетіп тас­тайтын. Қазақстан композиторлар ода­ғына мү­ше­­лікке қабылдану үшін сүз­гіден өтетін. Арнайы ко­мис­­­сия құрылып, саралайтынын ал­­дыңғы буын ағаларымыз жақсы бі­ле­ді. Бұл да өткен ға­сырдың қа­таң тәртібі еді. Сондай қатаң сұ­рып­­тау­дың арқасында музыка әлемі сал­мақты да сапалы ән-күй­лер­мен то­лығатын. Тәртіп пен талап бол­ма­­ған жерде сапа да, қисын да ке­те­­ті­нін енді-енді түсініп келе жатқан­­дай­мыз.

Осы күні бес ән жазсаң, Ком­позиторлар одағының мүшесі болып шыға келесің. Оқысаң да сол, оқымасаң да сол, бір қазанда қай­нап жүре береді. Кезіндегі Композиторлар одағының мүше­лерін бір мемлекеттің композиторы ретінде қадір тұтып, әр шығармасына баға беріп, сын көзбен қарайтын ірі тұлғалар да жоқтың қасы. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» демекші, бәрі төңкеріліп кеткендей кейіпте екені рас. Осы бір жайтқа көңіл аударғанымыз дұрыс болар.

Ендігі мәселе «күйші» атауы туралы болмақ. Бүгінде домбыра тартқан бала-шағаны да «күйші» деп атау әдетке айналған. Әйтеуір домбыра тартса болғаны, күйші деп бір ауыз сөзбен қайыра саламыз. Егер тереңнен үңілсек, домбыра тартқанның бәрін күйші деп атау жөнсіздік. Неге десеңіз, «күйші» деп өз жанынан ондаған күй шығарған адамды атайды. Соны­мен қатар тек күй шығарумен шектелмей, әртүрлі күйді шебер орындап, жан-жақты көзқарасы бар, шежіре-тарихты бір кісідей білетін, күйдің аңыз-әңгімелерін әсерлі жеткізе алатын, жөн-жо­сықты парықтай білген өрелі адамды күйші деп ардақтаған.

Өзі шығарған бірде-бір күйі жоқ, бірақ көптеген күйді шебер орындайтын адамды күйші деп газет-журналдарға жария­лағанын көргенде, жағамызды ұстадық.

Сол себепті, болашақта «домбырашы», «орындаушы», «күйші» деген атаулардың аражігін айырып айтқанымыз абзал болады.

  1. Домбырашы – кез келген домбыра тарта білген бала, жет­кіншек немесе ересек адам.
  2. Орындаушы – қандай да бір күйлерді жеріне жеткізіп, шебер орындаған кәсіби өнерпаз немесе арнайы білімі болмаса да халық арасынан шыққан дарын иесі.
  3. Күйші – өз жанынан күй шығарып, көкейіндегі күйімен тылсым әлемді түсініп, өміріндегі түйткілді сәттерін үнмен сомдай білетін, жоғарыда айтыл­ғандай, жан-жақты ерекше дарынды адам.

Міне, бұл баяғыдан келе жат­­қан түсінік болса керек-ті. Бол­ма­­­шы нәрсе болып көрін­гені­мен, сөз­­д­ің бағасын, күйші мен ком­по­­зи­­тор ұғымының қадірін түсір­ме­ген жөн.

Музыка саласы той-томалақ пен ойын-сауықтың ғана жолы болып барады. Әр нәрсе өз орнымен аталып, оған тиісті баға беріліп, өз жолымен дамығаны жөн. Музыка – адам баласын тәр­биелеу жолындағы аса үлкен тәрбие құралы. Ендеше, осыны ескеруіміз керек, бұл салаға немқұрайды қарауға болмайды.

 

Нұрлан Бекенов,

Мәдениет қайраткері, күйші, дирижер