Мектеп ғимараты төрт қабатты. Бұл облыс мектептері арасындағы ең үлкені. Аумағында балаларға ыңғайлы болу үшін қойылған периметрлік кіреберістер, бастауыш сыныптар мен жоғары сыныптағыларға арналған жеке кіреберістер бар. Мектеп ауласында ойын, воркаут, футбол, баскетбол алаңдары, хоккей корты, жүгіру алаңы бар. Ауланы көгалдандыруға арналған ағаштар қоңыржай белдеулік климатқа таңдалып алынған. Жаңа білім ошағында осы ауданға жақын «Трилистник», «Arena Park», «Жаңа орталық», «Атамекен», «Комфортный дом», «Сапфир», «Байсанат», «Zaman», «Амадина», «Onix», «Мерей» тұрғын үй кешендерінде тұратын оқушылар білім алып жатыр.
Қазір мектепте 1 525 оқушы білім алады. Әлі де оқушыларды мектепке қабылдап жатыр. Мұнда бірден қасындағы Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейден 1 200 бала ауыстырылды. Мұнымен қоса, №102, 101 және 86 мектептен де қабылданды.
«Жайлы мектептің» салынуына дәнекер «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы құрылыс кезінде барлық материал отандық тауар өндірушілерден сатып алынатынын айтқан. Сол талап сақталып, сыртқы қасбетіне қажет материалды да отандық өнімнен таңдаған. Мектеп ішіне қажетті барлық сапалы жабдық та еліміздің жиһаз шығарушыларынан.
Осылайша, 2 мың оқушыға арналған «Жайлы мектеп» қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде орналасқан төрт мектептің жүктемесін азайтып отыр.
– «Жайлы мектептердің» жабдықтары мен құрылыс материалдары жоғары талаптарға сәйкес таңдалып алынған. Президенттің мега жобасын сапалы іске асыруда спортзалдардың саны басқа мектептерден әлдеқайда артық. Мектептердің дизайны да ерекше, тіпті бастауыш пен ересек сыныптардың бөлек блоктарда оқуы секілді мәселелер де жіті қарастырылған. Шалғайдағы ауылдардың өзінде жайлы мектептердің бой көтеретіні балалар үшін үлкен олжа болғалы тұр. Бізге №103 мектептен 40 мұғалім 40 сыныппен ауысып келді. Жас педагогтер конкурс арқылы қабылданды. Қазірдің өзінде 130-дан астам мұғалім жұмысқа қабылданды. Жалпы, өзім жас мамандармен жұмыс істегенді ұнатамын. Өйткені жастардың интеллектісі жоғары, ізденімпаз. Жастардан да дәріс аламыз, тәжірибе алмасамыз, – дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлдана Асамиданова.
«Жайлы мектепте» тағы біздің көзімізге түскені – мұғалімдер мен оқушылардың тегіс бір үлгіде ұлттық киім кигені. Оқушылар киімдерінің оң жақ кеудешесіне «Алаш» белгісін, ұстаздар камзолдарының белдемшесіне, ер мұғалімдер желеткелерінің сол жағасына өрнек салған.
– Ата-аналардың көбісі мектеп формасының бірдей болғанын қолдады. Балалар арасында «Сенің киімің қандай?» деген артық сауал болмайды. Ұстаздардың өздері «Ертең не киемін?» деп басын қатырмайды. Өйткені мектепке бірдей форма бекіттік. «Жайлы мектептің» басты ұстанымының бірі – білім берушілер мен алушыларға жайлылық сыйлау. Біз үшін – бәрі тең. Балалар барлық назарын білімге, ұлттық тәрбиеге бұрса деген ниет, – дейді Гүлдана Ибрайкенқызы.
Бастауыш және жоғарғы сыныптар үшін бөлек блоктар бар. Мектептің әр қабатында коворкинг алаңдары бар болғандықтан, оқушылар емін-еркін пікір алмасады, ашық әңгімелеседі.
Мұнымен қоса, шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы секілді логикаға қажетті құрал-жабдықтардың бәрі бар. Оқушыларға жасанды интеллект жайлы жан-жақты түсіндіретін Ерсұлтан Тұрдынов – белсенді жас маман. «Жыл мұғалімі» атанған ол оқушыларды дойбыға дайындап жатыр.
– Оқушыларға шахмат және ұлттық ойын тоғызқұмалақтан сабақ беремін. Оқушылар алдағы уақытта өтетін облыстық жарыстарға дайындық үстінде, – дейді химия пәнінің мұғалімі, шахматтан спорт шебері Ерсұлтан Тұрдынов.
Білім алушылардың көбі таңертеңгі ауысымда оқитындықтан олар түскі уақытын қосымша сабаққа жұмсайды. Мектеп ішінен ашылған түрлі үйірмеге балалар аса қызығушылықпен қатысады.
– Қазіргі таңда 13 негізгі және қосымша дене тәрбиесіне дайындайтын 4 үйірме мен дебат клубы бар. Үйірмеге қатысатын оқушыларға өздерімен үйден ештеңе әкеліп әуре болмайды. «Жайлы мектепте» домбыра, дойбы, күрес, хореография секілді қосымша сабақтар үшін қажетті жабдықтың бәрі бар. Сабағын аяқтаған оқушы өзінің ұяшық сөресіне киімдерін қойып, ауыстырып, түскі асын ішіп, үйірмеге алаңсыз қатыса алады. Көп оқушылар уақытын оқырман залында өткізеді, – дейді мектеп басшысы.
Мектептің жоғары қабатындағы оқырман залында тек кітап оқумен шектелмейді, қосымша электронды кітаппен жұмыс істей алады. Кітапхана меңгерушісі Гүлзат Секенқызы кітап қорын сақтайтын арнайы бөлме қарастырылғанын айтады. Биыл 1 500 бала жаңа оқулықпен қамтылған. Қалған 400-дей кітап сөреде сақтаулы.
Мұнымен қоса, «Жайлы мектепте» бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін оқу кабинеттері, санитарлық тораптар мен спорт залдың блоктары кең. STEM-зертхана, роботтехника, хореография залдарымен қатар инклюзия кабинеттері де бар.
– Барлық сабақ тақырыптық карталарымен ерекше. Басқа мектептермен салыстырғанда әрбір оқушыға қолжетімді, әрбір партада глобустар мен интербелсенді тақта да бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бейнероликтер көрсетеміз. Оқушылар әртүрлі платформаларда жұмыс істейді. Мәселен, сыныптың өзінде глобустың әр түрі бар. Оқушыға да мұғалімге де барлық мүмкіндік қарастырылған, – дейді мектепке А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназиясынан ауысып келген география пәнінің мұғалімі Салтанат Садықова.
«Жайлы мектептің» тағы бір артықшылығы – әр мұғалімде жеке компьютер бар. Мұндағы оқушылар кабинет ауыстырып, көшіп жүрмейді. Барлық кабинет пен зертханалар модификацияланған.
Мектепте мүмкіндігі шектеулі оқушыларға арнайы лифт орнатылған. Инклюзивті сыныптар арасында 6 бала білім алатындықтан, инклюзивті білімге ерекше мән береді. Өйткені мүгедектігі бар балалар үшін кедергісіз орта құрылуы қажет дейді мектеп әкімшілігі.
– «Жайлы мектептің» жиын залының өзі концерт сарайына бергісіз. Мұнда аптасына бір мәрте танымдық сабақ өтіп тұрады. Әсіресе бастауыш сынып оқушыларына – қазақша мультфильмдер, 3-4-сынып оқушыларына – көркем фильмдер, 5-7-сыныптарға – танымдық әрі тарихи фильмдер көрсетеді. Ал жоғарғы сынып көбінесе ұлы ғалымдар, тұлғалар жайында деректі фильм тамашалайды, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, білікті ұстаз Мартбек Күзембаев.
Бір мезетте мектеп асханасынан 480 бала тамақтана алады. Мұндағы ас мәзірі де мол. Балалар ас ішіп болған соң бата қайырады. Бұл «Жайлы мектеп» асханасының жазылмаған заңы.
Балалар қауіпсіздігі – «Жайлы мектеп» ұстанатын басты қағида. Кез келген уақытта қауіп төнгенін сезінген оқушы полиция шақыру тетігін баса алады. Мұнымен қоса мектептің ішкі бөлігінде 152 бейнебақылау, ғимараттың сыртында 30 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Міне, біз көрген «Жайлы мектептің» игілігі осындай. Мектеп ұжымы жақында ғана «Міржақып Дулатұлы – Алаш ардақтысы» атты ғылыми-танымдық конференция өткізді. Конференция негізінде Алаш қайраткеріне қатысты бірнеше жоба қолға алынатын болды. Бастысы жалындап тұрған «Жайлы мектеп» Міржақыптың атын алғысы келеді. Ол күннің де ауылы алыс еместігіне сенгіміз келеді.
Сонымен, өңірімізде келер жылға қарай дәп осындай 18 «Жайлы мектеп» салынады. Төртеуі – Қарағандыда қаласында, үшеуі – Бұқар Жырау ауданында, екеуі – Шет ауданында және біреуі – Балқаштан ашылады. Қалған сегіз мектеп Абай, Қарқаралы, Приозерск, Нұра кентінде бой көтереді. Бұл дегеніміз – үш ауысымды оқыту, мектептегі орын тапшылығы секілді мәселелерді жояды.
Қарағанды облысы