Үкімет • Бүгін, 09:05

Аграрлық салада электрондық сауда дамиды

42 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, онда Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді беру туралы заң қаралды. Сондай-ақ сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Аграрлық салада электрондық сауда дамиды

ЕАЭО ынтымақтастығын арттырады

Отырыс барысында палата депутаттары «Еуразиялық экономикалық одақ шең­берінде ауыл шаруашылығы өнімі­не арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтелу қағи­далары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Құжат нормалары қойма куәліктерінің тұрақты айналымын және қойма куәліктерін ұстаушылар үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған.

Аталған заңды ратификациялау аграр­лық саланың кірістілігін арттыруға мүмкін­дік беріп, ауыл шаруашылығы тауар­ларының электрондық саудасын дамытуға ықпал етеді деп болжанып отыр. Бұл ЕАЭО елдерінің шаруашылық субъектілерінің аумақтық қашықтығы жағдайында маңызды мәселе екені анық.

«Келісім Еуразиялық экономикалық одақ аясында ауыл шаруашылығы өнімінің саудасын және осы саладағы электрондық сауданы дамытуды көздейді. Атап айтқан­да, Еуразиялық экономикалық одақ аума­ғында ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған қойма куәліктерін пайдалану мен олардың айналымын реттеу үшін құқық­тық негіз қалыптасады. Алдағы уа­қытта мақұлданған заң Экономика­лық одаққа мүше елдер арасында ауыл ша­руашылығы саласындағы ынтымақтастық­ты арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді заң жөнінде пікір білдірген М.Әшімбаев.

 

Зертханалар жағдайы сын көтермейді

Палата отырысында сенаторлар өзекті мәселелерді көтеріп, депутаттық сауалдарын жолдады. Әли Бектаев елдегі азық-түлік сапасын бақылау зертханалары­ның жағдайы сын көтермейтінін айтты. Осыған байланысты депутат қордаланған түйткілдерді шешу үшін зертханаларды жаңғыртуға арналған Жол картасын әзірлеуді ұсынды.

«Зертханалардың көпшілігі апатты немесе жалға алынған ғимараттарда орналасқан, ондағы көптеген зертханалық құрылғы ескіргенімен қатар өндірістен де шығарылған. 2016-2023 жылдар ара­лығында 15 ветеринарлық зертхана жа­был­ған. Зертханалардың жетіс­пеуі, құ­­рал-жабдықтардың тозуы, облыс, аудан кө­лемінде қатты байқалады. Біз­­дегі үл­­­кен мәселе – маман тапшылығы, түр­­лі қауіп­­ті инфекциялармен жұмыс іс­тей­тін са­ла қызметкерлері жалақы­лары­­ның тө­мен­дігі. Ветеринарлық қызмет­кер­лер ара­сын­да ең төмен жалақыны лаборанттар алады. Осыған байланысты салаға жас мамандар келмейді, келсе де көп тұрақтамайды. Зертханалардағы құрал-жабдықтардың ескіруі – халықаралық сапа мен стандарттарға сәйкестендіруге көп кедергі келтіріп тұр», деді Ә.Бектаев.

Сенатор осыған байланысты Үкіметке зертханаларды жаңғырту бойынша Жол картасын әзірлеу, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жақсарту, мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын ұлғайту және азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету үшін мекемелер арасындағы үйлестіруді күшейту мүм­кін­дігін қарастыруды ұсынды.

 

Табиғи монополиялар заңнамасын жетілдіру қажет

Сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов Солтүс­тік Қазақ­стан облысында жылу энер­ге­ти­касы саласынан білікті кадрлар­дың кетуіне алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты депутат қолданыстағы таби­ғи монополиялар туралы заңнамаға өзгеріс­тер енгізу жөнінде бастама көтерді.

Оның айтуынша, қолданыстағы нор­мативтік-құқықтық актілер мен тариф­­тік саясат жалақыны ұлғайту мүм­кін­дігін шектейді және кадрлардың сала­дан кетуіне ықпал етеді. Бұл өңірде рұқсат етілген норма 5% болса, қазіргі ахуал 16%-ды құрайтын болып шықты. Соны­мен қатар СҚО-да саладағы жалақы еліміз­дегі орташа деңгейден едәуір төмен. Еліміз­де орташа еңбекақы деңгейі 380 мың теңге болса, мұнда 280 мың теңгені құ­рай­ды. Бұл – жылу энергетикасы сала­сын­дағы мамандарға аса тартымды емес.

Сенатор мемлекеттік қорғаныс тап­­сы­рысы бойынша сатып алудағы қалып­тасқан тәжірибенің де проблема екенін айтты. Бұл мәселе Петропавл қаласы­ның Киров зауыты үшін маңызды. Квази­мемлекеттік сектордың жекелеген субъектілеріне сатып алу қағидаларына сәйкес сатып алу MITWORK электрон­дық алаңында жүргізілуге тиіс. Шетелдік жеткізушілер бұл порталда тіркелмеген және сатып алуға қатыспаған кезде де орын алады. Қолданыстағы ережелер дел­дал­дарға конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді, бұл тауарлардың құнын 50%-ға арттырады және отандық өндірушілердің бәсеке­ге қабілеттілігін төмендетеді. Соны­мен қатар кәсіпорындар өнімнің өзіндік құнын қалыптастыру барысында жұмысшылардың жалақысына жұмса­латын шығындардың бір бөлігін есепке ала алмайды, сондықтан рентабельділік жос­парланған 20% орнына 5%-дан аспайды.

«Өңірде орташа номиналды айлық жалақы бойынша деректердің баламасы болмаған жағдайда жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін респуб­лика бойынша статистика деректерін қолдануда табиғи монополиялар туралы қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу туралы бастама жасауды сұраймыз. Мемлекеттік сектор базасына кіретін субъектілер үшін сатып алу қағидаларына мынадай жағдайларда: құны 3000 АЕК-тен аспайтын тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді сатып алуды, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында міндеттемелерді орындағанда бір көзден сатып алуды жүзеге асыру мүмкіндігін қосу ұсынылады», деді Ш.Бұқтұғұтов.

 

Елімізде дәрігер тапшы

Сенатор Айнұр Арғынбекова денсаулық сақтау саласындағы маңызды проблемаларға назар аударды. Оның ішінде білікті кадрлардың тапшылығы аса өзекті екенін алға тартып, осы бағытта қажетті заңнамалық шараларды ұсынды.

Медициналық кадрларды даярлау сапасы – денсаулық сақтау саласындағы негізгі мәселенің бірі. Сенатор ең бастысы, емделушілердің денсаулық сақтау жүйесіне сенімі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы биыл қыркүйек­тегі Жолдауында білікті медицина кадр­ларының тапшылығы өзекті болып қала беретінін атап өткен еді. Денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудағы қазіргі жағ­дай кадрмен қамтамасыз етуде пробле­маға алып келеді. Тек ауылдық жерлер ғана емес, елорданың, облыс аудандарын­да да дәрігерлер жетіспеушілігі байқалады. Бүгін­гі таңда денсаулық сақтау саласына ора­сан зор қаржы бөлініп жатыр, бірақ әзірге халықтың толық сұранысы­на қол жеткізу мүмкін болмай тұр. Еліміз­дегі көптеген медициналық ұйымда мате­риалдық-техникалық қамтамасыз ету жет­кілікті болса да, «бәрін кадр шешеді» мәтелі маңызын жойған жоқ. Медициналық ұйымдар заманауи жабдықтармен қайта жабдықталған кездегі жобалар, ал іс жүзін­де онда жұмыс істейтін маман жоқ болып шықты», деп атап өтті депутат.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың соңында 4 864 дәрігер маманы жетіспейтіні анықталды. Әсіресе Астана, Алматы және Шымкент қалаларында дәрігер маманына аса зәрулік, сондай-ақ бірқатар ауылда да маман жетіспеушілігі бар. Сұранысқа ие мамандықтардың қатары­на терапевтер, анестезиологтер және акушер-гинекологтер жатады. Сенатор Денсаулық сақтау министрлігіне кәсіп­тік білім беруді үйлестіру функциясын заңнамалық тұрғыдан бекітуді және кадр саясатын жақсарту жөнінде Жол картасын енгізумен қоса мәселені шешу үшін бірқатар нақты шараны ұсынды.

«Денсаулық сақтау министрлігі ден­саулық сақтау саласындағы кадр ресурсы мәселесі бойынша «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы­ның кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі заң­намалық актінің жобасын Парламенттің қарауына енгізу жөніндегі жұмысты жеделдетуі қажет. Денсаулық сақтаудың тиімді кадр саясатын қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын әзірлеу мен бекітуді қарастыру керек. Қолданыстағы заңнама бойынша көпсалалы университет клиникаларын құру мәселесі бойынша жұмысты аяқтау керек», деді депутат.

 

Заң бұзған мигрант саны артты

Сонымен қатар отырыс барысында депутат Бибігүл Жексенбай заңсыз көші-қонға қатысты сын-қатерлерге тоқталып, шетелдік азаматтардың қозғалысын бақылауды күшейту және еңбек мигранттарын заңдастыру жүйесін дамыту керек екенін жеткізді. Ол депутаттық сауалында Бас прокуратураның деректерін келтірді, онда еліміздің заңдарын бұзған шетелдік азаматтардың саны 2024 жылы едәуір өскен. Осы жылдың өзінде 82 мыңнан аса мигрант әкімшілік жауапкершілікке тартылған, ал 1,2 мыңға жуық жұмыс беруші шетелдік еңбек күшін заңсыз пайдаланған екен.

«Жалған еңбек шартын, медици­на­лық анықтамаларды жасап, заңсыз есепке қойған халыққа қызмет көрсету орталықтары мен емдеу мекемелері­нің қызметкерлері тұратын қылмыс­тық топ анықталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің дерегі бойынша, қазір 13,2 мың шетел азаматы ресми түрде жұмыс істейді. Еңбек мигранттарының көбінде жұмысқа шақыру рұқсат қағазы жоқ. Заңды және заңсыз мигранттардың жинақталуы әлеуметтік-экономикалық қана емес, қауіпсіздік мәселелерінің туындауына әкелуі мүмкін», деді депутат.

Сонымен қатар ол жаһандану және көші-қон ағындары күшейген жағдай­да шетел азаматтарының қозғалы­сын бақылауды күшейту, еңбек мигранттарын заңдастыру жүйесін дамыту және заңсыз көші-қон мен еңбек ресурсын пайдалануды ұйымдастырушыларға жазаны қатаңдату қажет екенін айтты.

Отырыста Амангелді Нұғманов Үкіметті жеке қосалқы шаруашылық­тарды экономикаға белсенді тарту арқылы ауылдық аумақтарды мемлекеттік қолдауды және олардың орнықты дамуын жақсартуды көздейтін шаралар қабылдауға шақырды. Ал сенатор Советбек Медебаев Ұлытау облысындағы түйткілдерге назар аударып, өңірде полиция департаменті мен полиция қызметкерлеріне арналған медициналық мекеме ғимараттарын салу қажет екенін айтты.